Жуырда Мұстахым Ықсанов атындағы Қызылорда техникалық-IT жоғары колледжінде «Білікті маман – жарқын болашақ кепілі» тақырыбында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің ара- сында облыстық семинар өтті.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтері арасында білім алушылардың икемді дағдыларын дамытуға байланысты озық тәжірибелерді ұсыну және колледж бен жұмыс берушілер арасында ынтымақтасты нығайтуды мақсат еткен жиын білікті маман даярлауға маңызғаие сала мамандарының басын қосты. Оған облыстық білім басқармасының өкілдері, кәсіпкерлер палатасы мамандары, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарамасының «Еңбек мобильдігі орталығы» акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша Кәсіби даму институты филиалы, БАҚ өкілдері, өнеркәсіптік мекеме басшылары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарлары қатысты.
Жиында Мұстахым Ықсанов атындағы Қызылорда техникалық-IT жоғары колледжі мен облыстық кәсіпкерлер палатасы арасындағы, оқу орны мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильдігі орталығы» мекемесі арасында меморандумға қол қойылды. Колледждің өндірістік оқыту шебері Батырбек Жүзбенбетовтің айтуынша, мұнда оқу үрдерісі заман көшінен қалып тұрған жоқ.
– Бүгін студенттердің оқу үрдісін жаңа деңгейге көтеру үшін «Бизнес стартап» және «Мансап орталығы» ашылды. Біздің студенттердің мотивациясын ашу үшін көптеген жағдай жасалуда. Мұнда заман талабына сай құралдар бар. Оқу барысын жақсы меңгеру үшін студент құралдармен жұмыс істеуі қажет. Болашақта өндіріске барған кезде балада таңырқау сезімі болмауы керек. Қазіргі өндіріс қарқынды даму үстінде, ал оқу орындары бұл үрдісті тежеп келе жатыр. Сондықтан ертең студентте «Мен мұны көрген жоқпын» деген ой туындамас үшін мамандарды салаға икемдеп жатырмыз. Колледжде «Өндіріс» сабағы өтеді. Онда бізге түскен тапсырыс бойынша жаңа құрал-жабдықтар дайындаймыз. Оның ақысы шотқа түскеннен кейін 15%-ы студенттің шәкіртақысына қосылады. Жаңа заман талабына сай құралдар орнатылған деп айтып кеткендей, жақында лазерлік аппарат орнатылды. Қазір работотехниканың шарықтау кезі. Зауыттардың басым бөлігі жартылай роботтармен қамтылған. Студент құралдарды танып-білсін деген мақсатта осындай шаралар жүргізілуде, – деді ол.
Кейін «Көлік жөндеу» құзіреттік орталығы жұмысымен, жаңа үлгідегі оқу-жаттығу құралдары мен автодром жұмысы қонақтарға таныстырылды. Онымен қоса семинар қатысушылары оқу орнымен серіктес мекеме базаларын аралады. Оның бірі – «Best-Авто» ЖШС жеңіл автокөліктерді жөндеу орталығы.
«Hyundai Avto Kyzylorda» орталығының маркетинг және стандарттау бөлімінің басшысы Бақтияр Сабырұлы студенттердің өндірістік іс-тәжірибенің маңызын ашып айтты.
– Біздің инженерлік орталығымызда IT колледжінің студенттері тәлім алып, іс жөнінде тапсырмалардан өтеді. Бұл жерде оннан аса студент бар. Практиканы біздің орталықтан өткен студенттер сертификат алады. Болашақта бұл студенттер маман ретінде қалыптасып, дипломын алып келсе, біздің есік олар үшін әрдайым ашық. Тәжірибе жүзінде олар автокөліктердің майын ауыстыруды, сұйықтықтарды тексеруді, жөндеу жасауды үйренеді, – деді ол.
«Хан» ЖШС темір бұйымдарын дайындау цехына аттандық. Бұл – қақпалар және түрлі металдан жасалатын бұйымдарды шығаратын кәсіпорын. Мұнда да колледждің студенттері тәжірибеден өтуде. Біз оларға қызығып, оқу барысы туралы ойын сұрадық.
Колледждің 2 курс студенті Таңатар Нұрғалидің айтуы бойынша, олардың тәжірибеден өтуге келгеніне 2 апта болған. Бұл аралықта олар газ-электрмен пісіруді, дәнекерлеуді меңгерген. Теорияда айтылған білімді енді тәжірибемен жалғап отыр. Қолыңа әртүрлі құрал ұстап жұмыс істеу мүлдем басқа сезімдерді тудырады. Нұрғали тәжірибеден өтудің ұнағаны туралы да айтты.
Жалпы бұл сала көп еңбекті қажет етеді. Оған сұраныстың да артып келе жатқаны құпия емес. Осы орайда жастардың жұмыспен қамтылуы туралы «Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша орынбасары Ақерке Ахметова процесс туралы айтып берді.
– Қазір жастарды жұмыспен қамту және болашаққа баулу мақсатында мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Оның бірі – «Жастар тәжірибесі». Мұнда мамандар өз саласы бойынша тәжірибе жинап, тұрақты жұмысқа орналаса алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялауы олардың мәртебесін көтеріп, кәсіби біліктілігі арттыруда. Бұл жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жастарда осы бағыт бойынша сұрақтар туындаған жағдайда Қызылорда, Байқоңыр, Арал ауданында және Жаңарқорғанда «Мансап» орталықтарының филиалдары бар. Жастар осында көмекпен жүгіне алады, – деді ол.
Семинар корытындысы конференциямен түйінделді. Алғашқы сөзді облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Бекжан Есенбаев бастады. Ол Қызылордада осы бағыт бойынша өткен іс-шараларға қорытынды жасады.
– Елімізде, оның ішінде Қызылорда бойынша, «Жұмысшы мамандықтар» жылында бірнеше жақсы бастамалар жүзеге асуда. Бұл іс-шара – соның айқын дәлелі. 2025 жылдың басты мақсаты – қоғамда, елімізде жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жастардың қызығушылығын ояту. Ең бастысы қоғамда еңбек адамын құрметтеу, оны дәріптеу. Бұған дейін де бұл мамандықтарға көңіл бөлінбеді деп айта алмаймыз. Бірақ биыл аты аталып, түсі түстелген жылда барлық саладағы әріптестерімізге үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Айта кету керек жайт, мемлекет басшысы 2021 жылғы жолдауында «…2025 жылға дейін мектеп бітірушілер болмаса жастар жұмысшы мамандығы бойынша білім аламын деген ниеті болса мемлекет тегін 100% қамтамасыз етіп береді» деген еді. Осыған байланысты министрге тапсырма берілді. Жыл сайын бөлінетін қаржы да артып келеді. Мысалы: 2022 жылға 1600 орын, 2023 жылға 1560 орын берілсе, 2024 жылға 1500, ал биыл 2200 орын берілді, – деді ол.
М.Ысқақов атындағы Қызылорда техникалық-IT жоғары колледжінің директоры Бектұр Қалимен облысытық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық колледж студенттерінің сапалы, заманауи білім алуы кадрлық әлеуеттің жақсаруына әкелетінін айтты.
Иә, қоғам жұмысшы мамандықты қадірлеуі керек. Біз осы жайлы өмір үшін белгілі бір деңгейде еңбек адамына қарыздар екенімізді ұмытпайық.
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!