Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық-дәрігерінің қаулысы негізінде, Қызылордада бірқатар шектеу шаралары жалғасуда. Осы талаптардың сақталуын қадағалау мақсатында қала әкімдігінің жанынан құрылған мониторингтік топ тұрақты жұмыс жүргізуде.
Соның нәтижесінде 22 – 28 наурыз аралығында қала бойынша 8 отбасылық той тоқтатылған. Оның ішінде, 7 той мейрамханаларда өткізілсе, 1 той жеке үйде өткізілгендігі анықталған.
Бұдан бөлек, мониторингтік топпен бақылау барысында 27 наурыз күні «ALEN» кафесінде карантиндік санитарлық талаптардың бұзылғандығы анықталып, жұмысы тоқтатылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар мониторингтік топпен тұрақты жалғасын табады.
Айта кетейік, Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №4 қаулысына сәйкес, ойын-сауық іс-шараларын, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге, букмекерлік кеңселердің қызметіне, балаларды сауықтыру лагерлерінің қызметіне, мерекелік корпоративтерді ұйымдастыру мен өткізуге тыйым салынған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!