Kaspi құрылғысы арқылы ақша аударып, дегенмен қаражат шотқа түспей қалатын кездер болады. Банкомат қолма-қол ақшаны қабылдайды, алайда ақша жоқ. Мұндайда не істемек керек? Бүгін осы сауалға жауап беріп көрейік, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Finratings.kz мәліметінше, осыған ұқсас жағдайды ер адам да бастан өткеріп, сол оқиғасын әлеуметтік желіде бөліскен. Өзгелер де осындай жайтқа тап болғанын айтып қолдаған. Кейбіреулер білместіктен ешқандай әрекет жасамай, кетіп қала салады екен. Бірақ бұл қате.
Негізінде мұндай жағдайда әрекет ету алгоритмі бұрыннан қалыптасқан. Көп жағдайда ақшаңыз қайтарылады. Ең бастысы – саспау керек.
Kaspi не дейді?
Kaspi банктің айтуынша, мұндай жағдайлар міндетті түрде бақыланады. Барлық банкоматтарда ақаулар мен сәйкессіздіктер автоматты түрде тіркеледі.
Әлеуметтік желіде azizanmur лақап атымен жазған қолданушының айтуынша, Kaspi ішкі тексеруден кейін ақшасын қайтарып берген.
Біздің құрылғылар арқылы ақша енгізу кезінде болған кез келген сәйкессіздік автоматты түрде тіркеліп, тексеруден өтеді. Бұл жағдайда қаражат иесіне қайтарылды. Кешірім сұраймыз, – делінген Kaspi.kz мәлімдемесінде.
Басқа клиенттер де осыған ұқсас пікір қалдырған. Мұндайда ең алдымен банкке хабарлаңыз, жағымсыз жайт болғанымен, ақшаңыз міндетті түрде қайтарылатынын жадыңызда ұстаңыз.
Сонымен егер банкомат ақшаңызды қабылдап, бірақ ол есепшотқа түспесе, не істеу керек?
1. Ақауды тіркеңіз
Экранда қателік туралы хабарлама шықса, фотоға түсіріп алыңыз. Құрылғының тұрған жерін, уақытын және банкоматтың нөмірін жазып алыңыз.
2. Орныңыздан алыстамаңыз – банкке дереу хабарласыңыз
Ең тиімді жол – Kaspi мобильді қосымшасы немесе жедел байланыс нөмірі арқылы хабарласу.
Мына мәліметтерді нақты айтыңыз:
қанша ақша салдыңыз,
қай уақытта,
қай жерде,
не болғанын сипаттаңыз.
3. Чекті сақтап қойыңыз
Қате шықса да, чек маңызды дәлел бола алады.
4. Банктен жауап күтіңіз
Инкассация және банкоматты тексеру үш жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін. Кейде одан да жылдам шешіледі. Банктен келген хабарламаларды тексеріп отыруды ұмытпаңыз, қажет болса, өзіңіз де хабарласыңыз.
Мамандардың айтуынша, мұндай жайт банкоматтағы техникалық ақаудан немесе бағдарламалық қателіктен болуы мүмкін. Әсіресе егер құрылғы ескірген немесе шамадан тыс жүктелген болса.
Ең бастысы – сабыр сақтау. Деректерді нақты беру мен жедел әрекет ету – ақшаңызды қайтарудың кепілі, – дейді банк өнімдері жөніндегі сарапшы Геннадий Савицкий.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!