Әрбір демократиялық мемлекеттің басты міндеттерінің бірі ‒ елде заң үстемдігін орнату, ел азаматтары құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады.

Ал сот ісін жүргізу мәселесі ең өткір, күрделі және өзекті мәселелердің бірі. Сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенім деңгейі әр сот сатысы жұмысының тиімділігіне тікелей байланысты.

2024 жылдың 5 шілдесіндегі 109-VIII Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңымен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында үлкен өзгерістер болды. Онда жаңа сот сатысы – кассация туралы енгізілген.

Осыған орай, 2023 жылғы 12 қыркүйекте еліміздің бизнес-қоғамдастығының өкілдерімен кездесу болып, Президентіміз дербес кассациялық инстанция құру мәселесіне тоқталған болатын.

Аталмыш өзгеріс барлық іс санаттарының кассациялық тәртіпте қайта қаралуына мүмкіндік жасау үшін енгізілді.

Бұған дейін кассациялық сот сатысы Жоғарғы Соттың құрамында болды. Барлық істерді кассациялық сатыда қайта қарауға мүмкіндік болмады. Өйткені, оның қарауына жатқызылған сот істері мен материалдарының түрлері бар. Мәселен, азаматтық істер оңайлатылған іс жүргізу тәртібінде қаралса, іс татуласу рәсімімен аяқталса, жеке тұлғалар үшін талап қою сомасы 2000 айлық есептік көрсеткіштен кем болса, заңды тұлғалар үшін 30 000 айлық есептік көрсеткіштен кем болса бұндай істер кассацияда қаралмайтын болды. Қылмыстық істерден қылмыстық теріс қылық жасау бойынша қаралған істер кассацияда қаралмады.

Соңғы өзгеріске сай, кассациялық сот сатысы Жоғарғы Соттың құрамында емес, дербес болады.

Кассациялық сот – сот істері мен материалдарын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайды. Сот практикасын зерделейді және оны жинақтау қорытындылары бойынша төмен тұрған сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды. Заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Жаңа сот сатысы 2025 жылы қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша құрылып, апелляциялық сот алқасының қабылдаған актісі негізінде істерді қайта қарайды.

Сот беделі – мемлекеттің беделі. Бұл реформа сот жүйесінің тиімді жұмыс жасауына, сонымен қатар адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының сақталуына барынша ықпал жасауына, сотқа деген сенімнің одан әрі нығаюынакепіл боларына сенім мол.

С.Б.Сержанов
Шиелі аудандық соты
әкімшісінің басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!