Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап апелляциялық және қайта қараудың бірыңғай қағидалары бар үш дербес кассациялық сот құрылады.
Кассациялық сотқа істер алдын ала қараусыз үш судьядан тұратын алқаға тікелей түсетін болады
Тәуелсіз кассациялық сот азаматтық, әкімшілік, қылмыстық істер бойынша тек Астанада ғана құрылады.
Кассациялық сотқа соттың қаулысына қанағаттанбаған тараптар аппеляциялық алқадан кейін шағымдана алады. Істерді кассациялық сатыдағы сотта қарау белгілі бір негіздер бойынша ғана мүмкін болады.
Кассациялық сот – сот шешімдерін қабылдау кезінде заңдардың дұрыс қолданылуы мен түсіндірілуінің сақталуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, төменгі органдар шығарған сот шешімдерін қадағалайтын және түзететін сот жүйесінің бір түрі болмақ.
Аталған сотта істің нақты және дәлелді жақтарын қарастырылмай, тек заңның дұрыс қолданылуы заң жүзінде тексерумен ғана шектелмек, сонымен бірге сот шешімдеріндегі нормалардың сақталуын тексеруге баса назар аударылады.
Кассация біркелкі нормаларды белгілеуге, заңнаманы түсіндіруге және үйлестіруге, сондай-ақ кейінгі істер мен сот шешімдеріне үлгі болатын жаңа прецеденттерді жасауға әсер етеді.
Кассациялық сот – заң тәжірибесінде маңызды рөл атқарып, құқықтық жүйенің дамуына ықпал етеді. Мұндай сот жалпы юрисдикциядағы соттар жүйесінде соңғы шешуші инстанция ретінде әрекет етеді. Бұл істі кассациялық сотта қарағаннан кейін шешімге шағымдануға мүмкіндік жоқ деген сөз. Сондықтан кассациялық соттың шешімі түпкілікті және міндетті болып табылады.
Кассациялық сот – сот жүйесін заңсыз шешімдерден тазарту функциясында қызмет атқарады деп жоспарлануда. Төменгі сатыдағы соттың шешімі заңсыз немесе негізсіз деп танылса, кассациялық сатыдағы сот оның күшін жойып, істі жаңадан сот талқылауына жіберуі немесе түпкілікті шешім қабылдауы мүмкін. Осылайша, кассациялық соты заң тәжірибесінде, прецеденттерді белгілеуде, құқықтық тәжірибені қалыптастыруда және дауларды шешуге ықпал етуде маңызды рөл атқарады.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы А.Сарсенбаев
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!