Соңғы уақытта көлік нарығында ахуал біршама өзгерді. Әсіресе қытайлық компаниялар саны артып, нарықты Hyundai, BMW, Mercedes-Benz секілді танымал көлік маркасының жаңа өнімі азайғанын байқау қиын емес. Аталған мәселеге әлемдік саяси ахуал әсер еткені айтпаса да түсінікті. Осыны ескерген қазақстандықтар шетелден көлік әкелуді бастаған. Алайда бұл қадамның да қиындығы көбейіп тұр.

Жуырда отандық брокерлер жаңа кедендік кестенің тиімсіздігі туралы мәлімдеме жасаған болатын. Айтуынша, мемлекеттік кірістер комитеті жаңа кедендік кестені айналымға енгізіпті. Соған сәйкес көлік бағасы тоқсан сайын өсіп, Қазақстанға көлік әкелу шығыны артқан екен. Мәселен, комитет жыл басында Toyota Camry маркалы жеңіл автокөлікті 15 мың долларға бағаласа, екі тоқсаннан кейін бұл көрсеткіш 20 мың долларға дейін өскен.

Осы орайда кеден брокері Данияр Күзембаевтың БАҚ-қа жарияланған пікірі мәселенің мәнісін ашатындай. Ол олқылық себебін ЕАЭО-дан іздеп, ахуалдың күрделенуін тарқата айтқан болатын.

«Қазақстандағы жаңа кедендік кесте неге әкелді? Мәселенің бәрі Қазақстандағы кедендік құнның өзінде. Кез келген жаңа орта класты автокөлік үшін ең кемі 3 миллион теңге төлеу керек. Десе де бәріміз бір ЕАЭО шеңберінде жұмыс істейміз. Қырғызстанда бұл төлем 3 миллион емес, 1 миллион, әрине, ешкім артық төлегісі келмейді. Барлығы кедендік рәсімдеуді сол елде жасайды. Қытайдан автокөлік сатып алу азды-көпті тиімді болу үшін қазақстандықтар оны сол жерден сатып алып, Қырғызстан азаматына рәсімдеуі керек. Содан кейін Қазақстан арқылы Қырғызстанға апарып, сол жерде қырғыздың атына рәсімдеп, одан сатып алып, Қазақстанға қайтады. Елге келіп есепке қояды.

Ал, бұл кімге керек? Неге бәріміз көлікті өзге елге апарып, рәсімдеп, содан кейін қайтадан әкелуіміз керек? Үлкен мәселе. Адамдар шаршады. Шекарадан үш рет өту керек, сонымен қатар бюджеттік шығындар бар, -–дейді брокер.

Жағдайға елдегі автокөлік құны да кедергісін келтіруде. Мысалы, Қазақстанда KIA маркалы жеңіл автокөліктің құны 18 млн теңгені құрайды. Дәл сол көлік Қырғызстанда 12 млн теңге тұрады екен. Әрине, Қырғызстаннан әкелерде кәдеге жарату, алғашқы алым секілді шығыны бар. Шамамен 2 миллион теңге қосылады. Сонымен 14 миллионға көлік мінесіз. Демек айырма – 6 миллон теңге.

Сала мамандары расында ЕАЭО-дағы кеден заңы Қазақстанды артқа тартып отырғанын жасырмайды. Тіпті, ең ауқымды автодәліз иесі болғанымызбен, көлік саласында көштен қалдық. Мәселен, Бішкекте 50-ге жуық кеден бекеті бар. Кедендік рәсімдеу жүргізіп, қазақстандықтарға көлік сатуда. Ал бізде ше? Алматыда небары екі кеден бекеті жұмыс істейді. Логистикалық инфрақұрылым да нашар. Тіпті, Ресей азаматтары Қазақстан арқылы автокөлік ресімдеп пайда көруде.

Грузиядан көлік әкелу ісін жолға қойған кеден брокері Зүлфия Атабаева да әріптесінің ойын қоштап, әлеуметтік желіге пікір қалдырған болатын. Ол елдегі кедендік рәсімдеу құны өзге елдерге қарағанда қымбат екенін айтып, құзырлы органдардың тиімсіз жұмысын сынаған.

«МКК біржақты тәртіпте кедендік кестені негізсіз асыра бағалайды. Тіпті кәсіпкерлер автокөлікті шетелден арзан сатып алса және тиісті құжатын көрсетсе де ештеңе өзгермейді. Мемлекеттік кірістер комитеті өзі қойған бағаны өзгертпейді. Осыған байланысты барлық кедендік рәсімдер қазір Бішкекте жасалады. Тиісінше, біздің бюджетке түсуі мүмкін қаржы Қырғызстанға кетеді. Күніне шамамен 600 млн теңге. Қазақстан мұндай мүмкіндіктен күнде қағылады», – дейді брокер.

Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік кірістер комитеті әр тоқсан сайын кедендік құнды арттырады. Брокерлер бұл туралы алдын ала ескертілмейтініне наразы. Салдарынан қазақстандықтар автокөлік сатып алу кезінде белгілі бір сомаға келіскенімен, іс жүзінде әлдеқайда қымбатқа түседі. Сондықтан қоғам белсенділері мен брокерлер кедендік бағалау құнын өзгерту туралы талап қоюда. Комитетке арнайы хат жолдап, жауап күтіп отыр.

Жалпы бірнеше жылдан бері қазақстандықтар көлікті шетелден, атап айтқанда, АҚШ, Грузия, Армения, БАӘ, Оңтүстік Кореядан әкеліп жатыр. Мұның себебі де жоқ емес. Баға арзан әрі сапалы. Қазақстандағы көліктер ескі, автосалонда таңдау шектеулі. Ал жаңа көлік тым қымбат, мемлекеттік тіркеу құны да қомақты.

«Грузияға бару үшін кемінде 150 000 теңге қажет. Бейресми түрде 500 доллар төлеу керек –  «көк папка» немесе бағалы қағазды алу үшін Тбилисидегі Autopapa автобазарында кеңсе ашқан алматылық жігіттер айналысады. Бұл шетелдік көліктердің бағасы Қазақстанда ресми тіркеуден өткеннен кейін де біздің елдегі көліктерден әлдеқайда арзан», – дейді Әділдік жолы» РҚБ БҚО филиалының басшысы Бауыржан Ахметжан.

Жалпы соңғы уақытта көлік шығынға айналды. Қымбат автокөлікті елге әкелгенімен, оған төлейтін салық мөлшері де біршама өсті. Мәселен, жақында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ЕАЭО шеңберінде келісімдерді іске асыру үшін қымбат

көліктің  салығы көбейетінін жеткізді.

«Біріншіден, яхталарға, жеке ұшақтарға салық мөлшерлемелерін арттыру күн тәртібінде. Бұған ауыл шаруашылығында қолданылатын ұшақтар жатпайды. Екіншіден, барлық ЖТ объектілерінің жиынтық құны 130 мың АЕК шегінен асқан жағдайда салықтың жоғары мөлшерлемелерін белгілеу ұсынылады. Бұдан басқа, қымбат жылжымайтын мүлік объектілері үшін «сән-салтанат коэффициентін» белгілеу бойынша ЖАО құзыретін белгілеу ұсынылады, – деді министр.

P.S. Иә, көлік алуды армандайтындар көп-ақ. Алайда автокөлік сатып алу машақаты, күтіп ұстау, салық мөлшері секілді мәселе жүйкені жұқартатыны анық. Оның үстіне ЕАЭО аяққа тұсау болған тұста жайлы көлікті жақсы бағада қолға түсіру де қиынға соғып тұр. Байқағанымыз, мұның шешімі тек құзырлы органдарға нақты талап қою арқылы ғана шешілмек.

Р.МАҚСҰТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!