Соңғы жылдары Сыр өңірінде театр саласы жанданып, жаңа есімдер ел жадында сақталуда. Әсіресе, шығармашылық еркіндік пен кәсіби шеберлік арқылы күрделі образды ашуға жүрексінбейтіндер жетерлік. Солардың бірі – Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының әртісі Жауһар Еркінова. Ол жуырда «Raiymbek Fest» I республикалық театр фестиваліне қатысып, «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын еншіледі. Осы орайда талантты жаспен тілдесіп, театр төңірегіндегі ой-пікірін сұраған болатынбыз.
«Жанар – күрделі бейне»
Өнер тарланы Райымбек Сейтметовтің есімі театр саласында құрметке ие. Тұлғаның атына Түркістан төрінде өткізілген фестивальге қатысуды құп көріп, өнер көрсетуге де ол кісінің шығармашылық жолы шабыт берді. «Raiymbek Fest» I республикалық театр фестиваліне қырғыз драматургы Сұлтан Ыбырайымовтың «Ақ Ләйлек» лирикалық драмасын сахналадық. Мен Жанар рөлін ойнап, сыншылар шешімімен «Ең үздік әйел бейнесі» деген номинацияны иелендім. Көрермендер де образдың ашылуы мен спектакль мазмұнына оң баға берді. Бұл – менің ғана емес, театрдың ортақ табысы.
Жалпы, мен сомдаған Жанар образы – күрделі бейне. Болмыс-бітіміме ұқсас та, жат та тұсы көп. Әсіресе қойылымның екінші бөлігінде кейіпкерім күрт өзгеріске ұшырап, психологиялық бейнесі күрделене түседі. Ішкі арпалыс, жан айнасы құбылады. Кейіпкерді ұға білу маңызды. Міне, сондай түрленген бейнені қатар сомдау қиынның қиыны.
«Әріптестердің көмегі зор»
Өнер жолындағы жемісті жолым Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрымен тығыз байланысты. Мұндағы ұжым мен алдыңғы буын әріптестердің ықылас-ниеті, ақыл-кеңесі өмірде де, өнерде де бағдар болды.
Театрға келгеніме 2-3 жыл болса да жетекші әртістерден өнеге алдым. Сол аралықта Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Әмір-Темір, Зәлипа Төлепова секілді тәжірибе мен білім тоғыстырған ұстаздар және Алмагүл Артықбаева, Ақтолқын Төлеуова сынды білікті мамандардан үйренгенім көп. Олар шеберлік шыңдап, кәсіби жетілуге барынша қолдау білдіргенін айта кеткен жөн. Кейіпкердің мінез-құлқын ашуға септесіп, шынайы эмоцияны дөп басуға ықпал ете білді. Фестиваль барысында сахналаған қойылымды жоғары дәрежеде өткізуге де жәрдем етті.
«Жастар театрға бармайды деген жалған сөз»
Сыр жастарының өнерге көзқарасы қуантады. Театр құрамының жас өнерпаздармен толығуы сөзімізге дәлел болары анық. Әрбірі өзіндік жолын қалыптастырып, көрерменін тауып, кейіпкер бейнесін ашуда жемісті еңбек етуде.
Көрермендерге келер болсақ, ондағы жас ерекшелік құбылмалы. Алайда соңғы уақытта ЖОО студенттерінің қойылымға келуі үдеді. Сыр жастары театрға бармайды деген жалған сөз. Бір қуанарлығы, мұғалімнің тапсырмасы емес, өз еркімен өнер тамашалауға қызығатын буын қалыптасты. Тіпті топтастармен жиналып, қойылымды бірге талқылайтын жас көп. Бұл театр өнерінің болашағын айқындары сөзсіз.
Әңгімелескен
Р. МАҚСҰТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!