Жыл аяқталар тұста кейінге бір көз тастап, биыл не бітірдім дейтініміз бар. Иә, адам баласы әрбір сәтіне есеп беріп, ақыл таразысына салып тұрады. Сырдағы толайым табыс өткен жылдың сыбағасын толтырып тұр. Қанжығамыз майланып, олжалы болған тұсымыз да жетерлік. Қай сала болса да жетістік желкенін керіп тұр.
Алысқа ұзамай, кейінгі толқынға жасалған жағдайға бір көз тастасақ. Сол жағалаудың дамуы қарқынды. Мұнда биыл ашылған жаңа нысандардың қатарында физика-математика бағытындағы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты бар. Ұзын саны 400 орынға арналған, 300 орындық жатақханасы бар білім ошағы өзге өңірлердікімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары деңгейде. Осы жылы ашылған «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық орталықтан да талай талант қанат қағып, елдің абыройын асыратыны анық.
Жылан жылын жабар тұста мұнан өзге де талай ізгі іс көңілге қонымды баға алып жатты. Әлбетте, біз де өзіміздің пайыммен жылды түйіндеп, әр саланың толқынынан құттықтау мен лебізді топтастыруды жөн көрдік.

Ерлан ҚОҢЫРБАЕВ,
Физика-математика бағытындағы мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының директоры:
– Естен шықпайтын жаңа жыл – балалық шақтағы жаңа жыл мерекесі. Отбасымен мерекелік дастарханда отырып жаңа жылды күтіп алғанға не жетсін? Үлкендер қатты мән бермесе де кішкентай бүлдіршіндер үшін әр мереке ерекше қуанышқа толы болып өтеді. Жаңа жылмен байланысты әр адамның өз көзқарасы болуы мүмкін. Дегенмен отбасымен жиналып балаларға қуаныш сыйлауға мүмкіндік ретінде қарастыруға болады.
Барлық оқырманға тілерім, шаңырақтарыңызда ырыс-береке, мемлекетімізде бейбітшілік пен келісім болсын. Сіздерге шын ниетпен зор денсаулық, жарқын болашаққа сенімділік тілейміз. Үміттеріңіз бен тілектеріңіз орындалып, барлық бастауыңыз сәтті нәтижелер берсін.

Ақтолқын НҰРМАҒАМБЕТОВА,
Қармақшы аудандық қоғамдық даму бөлімінің қызметкері:
– Мен үшін бұл мерекенің орны бөлек. Себебі жылды қортындылап, әр жылдың соңында «не бітірдім?» деп өзіме есеп беремін. Сосын келер жылға деген жосп арымды жазамын.
Өмірлік жарым Нұрекеңнің шаңырағына да осындай жаңа жылдық мере кеде келін болып түсіп, бақыт мекенінің тұрғынына айналдым. Сол жаңа жыл есімнен кетпейді. Жаңа өмірді жаңа жылда бастағанбыз. Маған бұл мереке сонысымен де құнды. Әулетке келіп, үлкен отбас ымен, үлкен дастарханда үлкендердің батасын алып, сондай жақсы көрністің куәсі болдым.
Ал әріптестерімнің арасында жаңа жылдық кеште түрлі номинацияла р болды. Сонда маған «Жылдың үздік күлкісі» номинациясын берген. Жалпы есте қаларлық сәттер өте көп. Өмірге күліп қарасаңыз, өмір де сізге күліп қарайды.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Басымыз аман бауырымыз бүті н болып, ұрпағымыз саналы, ғұмырлы болсын. Қазақтың алмайтын асуы, бағындырмайтын белесі ж оқ. Алтай мен Атырау арасындағы алып атырап төріндегі еліміз жасай берсін.

Жасұлан АЛДАБЕРГЕНОВ,
«Анаға тағзым» орталығы басшысының отбасы және креативті индустрия жөніндегі орынбасары:
– Менің есімнен кетпейтін жаңа жыл – 2014 жыл еді… Сол уақытта «Жылдың үздік жас көшбасшысы» деген номинацияға ие болдым. Сол уақыттағы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев табыстаған. Еңбектің еленіп, тұғырға шығып, ойда жоқта осындай құрметке бөленгенім. Маған сол сый ерекше болды. Әрине, еңбектің еленіп жүрген тұстары жетерлік қой. Бірақ сол жылғы жаңа жылдағы тосын сый есімнен кетпейді.
Биыл Сыр елі жылды толағай табыстармен түйіндеп, өткен жылға өкпе жоқ деп отырмыз. Байқап қарасаңыз, осы жыл біздің руханиятымыздың да, мәдениетіміздің де, қоғамның басқа да білім, денсаулық сақтау тәрізді салаларында да едәуір жетістіктер жетерлік. Кеше ғана облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Астанаға барып, елдің бір жылдағы жеткен жетістіктерін тілге тиек етті. Дамудың даңғылында келе жатқанымыз анық.
Тілерім, еліміздің осы қарқыны арта берсін. Алдағы уақытта да жарқын болашаққа жол бастаған Қазақияның бағындырар белестері көп болғай. Отбасыларыңызға бақ-береке, қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін.

Жақсылық БЕРІКҰЛЫ,
5547 әскери бөлімінің клуб бастығы, лейтенант:
– Әрбір өткен жылға ғана емес, әрбір өткен күнге «Мен бүгін не істедім?» деп есеп беруіміз керек. Міне, сонда адам өз өмірін сараптап, мәнді өткізуге бейім болады. Өтіп бара жатқан жыл бізге не берді? Біз қандай іс тындыра алдық?
Әлемдік тұрғыдан алғанда жан-жақта түрлі жағдай болып жатыр. Құдайға шүкір, тәуелсіз, бейбіт елдің төрінде, ұлы дала төсінде жақсы өмір сүріп жатырмыз.
Биыл жыл бойы Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде әскери басқару органдарын, құрамаларды, әскери бөлімдер мен мекемелерді жоспарлы даярлау жүйелі түрде жүзеге асырылды. Жауынгерлік даярлық бойынша республика бойынша 60 мың іс-шара өтсе, оның 17 мыңнан астамы түнгі жағдайларда өтті. Негізгі бөлігі құрлық әскерлері мен десанттық-шабуылдау әскерлерінің үлесінде. Мұнан өзге әрбір аймақ, әрбір өңір мұндай іске аса зор жауапкершілікпен атсалысуда. Иә, жылан жылы жайлы болды, табысты жыл болды.
Қазақ жылқыны текті жануар санаған. Мінсе көлік, жесе ас, ішсе сусын. Қазақтың серігіне айналған жылқы жылында еліміздің бақ-берекесі артсын. Қазақтың туы қашан да көкте болсын. Арман-мақсаттарыңыз орындалсын.

Жанерке ҚУАТБАЕВА,
«Жастар Рухы» Жастар қанаты Қызылорда обл ыстық филиалының белсендісі, волонтерлық бағыт бойынша қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығының иегері:
− Есімнен кетпейтін жаңа жылдық кеш – 7-сыныпта өткен жаңа жылдық шара. Сол күні сахнадан түспей қойғандай болдым: 7 нөмірдің 7-еуіне де қатыстым. Бірде ән айтып шықсам, келесіде би билеп, одан кейін мүлде басқа образда қайта сахнаға жүгіріп шығамын. Сахна артында нағыз «шұғыл режим» басталды: бір образдан екіншісіне асығыс ауысып, шашымды, киімімді жөндеп үлгеру үшін достарым көмектесіп жатты.
Бір сәтте келесі нөмірге санаулы секунд қалғанда аяқ киімімді таба алмай қалдым. Жүрегім дүрсілдеп, «енді бітті» деп тұрғанда, бір апай күліп тұрып қолыма ұстата салды. Солайша сахнаға жүгіріп шықтым. Шаршағаным сонша, соңғы нөмірде билеп жүріп өзім де күліп жібердім, ал залдағы апайлар мен ата-аналар соған қосыла күлді.
Шара соңында барлығы риза болып, «жарайсың, бәріне үлгердің» деп мақтап кеткенде, күні бойғы шаршауым бір сәтте ұмытылды. Сол кеш маған сахнадағы эмоция, жауапкершілік пен нағыз жаңа жылдық көңіл күйдің не екенін сездірген, есімнен кетпейтін ерекше кеш болып қалды.
Қазақстандықтарға жаңа жылдық тілегім – ұлан-ғайыр еліміздің әр түкпірінде шаттық пен сенім салтанат құрсын. Жаңа жыл әр шаңыраққа амандық, мол ырыс пен татулық әкеліп, әрбір таң үмітпен атсын. Өткен жылдың сынақтары сіздерді шыңдап, ал жаңа жыл биік мақсаттарға жетелесін.
Әрбір отбасында береке-бірлік нығайып, ата-анаға құрмет, балаға мейірім арта берсін. Жастардың арманы айқын, қадамы нық болып, үлкендердің ақылы мен батасы жол көрсетсін. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық сақталып, тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы әрдайым биікте желбіресін.
Еңбегімен елге қызмет етіп жүрген әр азаматтың маңдай тері ақталып, денсаулық пен табыс серік болсын. Жаңа жыл қуанышты жаңалықтарға, жарқын жетістіктерге толы болып, әр қазақстандықтың жүрегіне үміт пен бақыт сыйласын!

Рыскелді ЖАХМАН,
Облыс әкімінің журналистерге берілетін «Жебе» сыйлығының алғашқы иегері, қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығының иегері, республикалық «Халық» газеті бас редакторының орынбасары:
− Жаңа жыл – мен үшін бала күннен бері отбасылық мереке. Естен кетпестей жаңа жылдың кеші көп болғаны анық. Солардың бірі мектеп уақытында өрбіді. Ол кезде аға-әпкелерім қалада оқу оқып, жұмыс істейтін. Үйдің кенжесі болғандықтан, ата-анаммен ауылда едім. Мектептің жоғары сыныбында оқимын. Көптен бері ауылға ат басын бұрмаған бауырларым жаңа жылдық демалыста барлық сыйлығын алып келетін. Әке-шешем де жылы-жұмсағын дайындап, алдына қояды. Күнтізбенің жаңа парағы ашылуын отбасымен бірге қарсы аламыз. Бұл үрдіс әрқайсысымыз бөлек шаңырақ атансақ та, әлі күнге жалғасын тауып келеді. Әлбетте, жаңа жылды балалар ерекше күтеді. Әдемі әрі жарасымды киім киіп, жаңа жылдық тақпақтарын жарыса айтады. Мен үшін әр адамның үшін отбасымен өткізген күні ең көңілді әрі қызықты кеші сияқты.
Қалай десек те, жаңа жыл – жылдардың тоғысатын шағы, жаңа күнтізбеге ауысатын кезең. Мұнан бәріміз жақсылық іздеуіміз керек. Сондықтан, бір-бірімізге жылы сөзімізді жаудырып, алғыс-тілегімізді де айтсақ артық етпейді.
Жаңа жыл барлық отбасыға тек қуанышымен, жақсылығымен келсін дейміз! 2026 жыл еліміз үшін сүйіншілейтін оқиғаларға толы болсын! Құрметті де қадірлі «Ақмешіт жастары» газетінің оқырманына отбасыларыңыз аман, дендеріңіз сау, бауырларыңыз бүтін болсын деген тілек айтамын!

Бексұлтан ОРЫНБАСАР,
Айтыскер ақын, «Күміс домбыра» иегері, қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығының иегері:
− Жаңа жыл мерекесі қазақтың ұлттық мерекесіне жатпайды, діни тұрғыдан қайшы деген пікірлерді көп естимін. Бұл бір жағынан дұрыс шығар. Бірақ әркімнің өз ұстанымы болады. Менің ойымша жаңа жыл мерекесі шариғаттың шеңберінен шықпай, халал түрде әулетімізбен бірге отырып, ақ дастархан басында ақ тілегімізді айтып, жылды қорытындылап, келер жылға жоспарларымызбен бөлісу үшін бас қосатын болсақ оның ешқандай әбестігі жоқ деп есептеймін. Себебі біздің Мемлекет басшысынан бастап барлық салада бұл мерекені мемлекеттік деңгейде атап өтеді.
Біздің аталарымыз, әкелеріміз Кеңес үкіметінің кезіндегі қоғамда өмір сүргендіктен олардың балалық шағы осы мерекемен тығыз байланысты. Жаңа жыл мерекесінде күнтізбенің ауысуы ерекше атмосфера қалыптастырып, адамдарға ерекше көңіл-күй сыйлайды. Біздің де мектеп қабырғасындағы балалық шағымыз, бертін келе отбасымызбен бас қосуымыз арқа-жарқа әңгіме айтып, мәре-сәре болып ойнауымыз барлығы-барлығы есімде қалды. Ол кездегі табиғат та ерекше еді. Сағат 12-ні күтіп, отшашу ауыл үстінде жарқырап, керемет көңіл-күй, мереке сезілетін. Сонысымен бала кезімдегі жаңажылдық кештер есімде қалады. Сондай-ақ 2024 жылдың аяғында, яғни мереке тұсында қызымның өмірге келуімен де есте қалады.
Жаңа жыл қарсаңында барша қазақстандыққа жаңа бақыт, жаңа табыс тілеймін. Деніміз сау, отбасымыз аман, бейбітшілік болсын! Тұғырлы тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Еліміз әр салада қарыштап дамуына тілекшімін. Елдің абыройы үшін жұмыс істеп жатқан барша азаматтар мен азаматшалардың жұмыстары алға басып, озық елдердің қатарынан болайық! «Отан – отбасынан басталады» демекші, әр отбасындағы балаларымыз тек бақытты ғұмыр кешсін!
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!