​Бүгінгі күні Қызылорда облысы бойынша кенеге қарсы залалсыздандырудың күзгі маусымы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша қолайсыз деп есепке алынған 115 елді мекенде екі кезеңмен жүргізілуде.

2024 жылғы 13 тамызда басталған бұл өңдеу жұмыстары қазан айына дейін жалғасады. Кенеге қарсы дәрілеу шаралары қолайсыз елді мекендердегі мал қоралары, буферлік зоналар мен санитариялық-қорғаныс  аймақтарын қамтиды.

Көктемгі өңдеу қорытындысымен тиімділік көрсеткіші мал қораларында 96,3 пайыз болса, мал бастарына жүргізілген өңдеу сапасы 92,3 пайызды құрады.  90 пайыздан төмен болып анықталған елді мекендерге қайтадан нүктелік өңдеу жасалып, талапқа сәйкестендірілді.

​Өңдеу жұмыстарын жүргізу алдында қора-жайларда механикалық тазалық жұмыстарын жүргізу аса маңызды, бұл дезинфекциялау шараларының тиімділігін арттырады. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі жүйелі түрде тұрғындар арасында осы бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.  

Жыл басынан бері облыс бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына 18 күдікті жағдай тіркеліп, оның 9-ы клиникалық-зертханалық және эпидемиологиялық жолмен нақтыланды. Атап айтқанда, Жаңақорған ауданында 5, Шиелі мен Сырдария аудандарында 1 деректен және Қызылорда қаласында 3 жағдай анықталды. Науқастармен қарым-қатынаста болғандардың барлығы 14 күнге медициналық бақылауда болды, шағымданушылар анықталған жоқ.  Ауру ошақтарында эпидемиологиялық-энтомологиялық зерттеулер жүргізіліп, залалсыздандыру жұмыстары жасалды.

 ​Ағымдағы жыл басынан тұрғындар арасында 1242 адам кене шағумен медициналық көмекке жүгініп, тиісті ем-дом жасалып, 14 күн бойы медициналық бақылауда болды. 

​Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті табиғатқа демалысқа шыққанда, егіндік, мал шаруашылығымен айналысқанда, сондай-ақ, балық аулау, далалық жағдайда еңбекпен шұғылданғанда келесі сақтану шараларын ұсынады:

  • мал қырқымы кезінде қырқымға қатысушылар қорғаныс киімдерімен жұмыс жасау, ұзын резеңке қолғап, алдына резеңке алжапқыш және ұзын қоныш етік кию;
  • кенелердің жабысуын болдырмауға арналған түрлі жақпа майлар, аэрозольдер түріндегі үркіткіш заттар (репелленттер) пайдалану;
  • табиғатқа шыққанда ауылшаруашылық малдарына, үй жануарларына  күтім жасағанда мейлінше ақшыл түсті жабық киім кию, шалбардың балағын етік ішіне немесе шұлық ішіне салып, жеңді түймелеп, кене кірмеу жағдайын жасау.
  • кенені жалаң қолмен ұстап, өлтірмеу;
  • санитариялық-гигиеналық, эпидемиологиялық талаптарды орындау.


Аурудың алғашқы белгілері байқалғаннан бастап дер кезінде медициналық  көмекке жүгіну – аурудың асқынуы мен өлім жағдайларының алдын алатынын есте сақтаңыз!

Динара Жанабергенова

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!