ХХ ғасырдың екінші жартысында әлемдегі ең алып екі ел – АҚШ пен Совет Одағы арасындағы байланыс салқындап, тарихта «қырғи-қабақ соғыс» деп аталатын кезең туып еді.  Екі жақ та қарбалас қаруланып, құпия барлау қызметтері қарсыластың әскери-техникалық құпиялары жайлы жанталаса дерек іздеді. Әскери басымдыққа жету үшін қос тарап та ақшаны аяған жоқ. Егер КСРО экономикасы тұралап, тарап кетпегенде бұл салқындық қаншаға созылары да белгісіз еді. Біз бүгін жарты әлемді уысында ұстаған сол КСРО-дан қашып, өзге елден тұрақ тапқандар жайлы айтуды жөн көрдік.   

1. Станислав Курилов

«Гүлденген» Одақтан қашып, өзге елден бақ іздегендердің басында Владивостоктағы теңіз биология институтында нұсқаушы болып қызмет істеген Станислав Курилов тұр. Оның бар арманы шетелге шығу болғанымен де КСРО-ның «қызыл шарбағынан» аттап кету оңай шаруа емес еді. Бірақ оның да сәті түсті, 1974 жылы желтоқсан айында ол «Советский Союз» лайнерінің круизі туралы жарнама көреді. Владивостоктан басталатын сапар оның жоспарын жүзеге асыратын бірден бір жол еді. 

Жалпы Орджоникидзе қаласында туған Славаның өмір жолы қызық. Балалығын Қазақстанның Семейінде өткізген ол 10 жасында Ертісті әрі-бері кесіп өтетін жүзгіш болыпты. Кішкентайынан әлемді шарласам деген баланың талабына тұсау салған әпкесі Анджеланың шетел азаматына тұрмысқа шығуы болыпты. Үнді азаматына күйеуге шыққан әпкесі алдымен Кеіес Одағымен дос Үндістанда, кейінірек капиталистік мемлекет Канадаға қоныс аударады. Осыдан кейін бұл әулеттегілерге шетелге шығуға тыйым салынады.

Тәжірибелі Курилов бәрін мұқият есептеп, 13 желтоқсанның түнінде кеме артынан суға секіреді. Филиппиннің Сиаргао аралына дейінгі жүз шақырымды жүзіп өтті.

Филиппиндіктер Куриловты Минданаоның Кагаян-де-Оро қаласына алып кетті, осыдан кейін ғана халықаралық БАҚ оның қашып кеткені туралы жаза бастады. Филиппин билігі қашқынды Канадаға депортациялады. Онда ол пиццерияға жұмысқа орналасты, ал ағылшын тілін үйреніп алғаннан кейін көп ұзамай теңіз зерттеулерімен айналысатын канадалық және американдық компанияларда жұмыс істеді. АҚШ-қа іссапарларының бірінде ол израильдік жазушылар Александр және Нина Воронелемен кездесті. Кейін олардың танысы Елена Ганделевамен жолығып, онымен бас құрады. Үйлену тойынан кейін Станислав Израильге қоныстанып, мұхиттану институтына жұмысқа орналасты. Басынан өткен оқиғалар жайлы «Мұхитта жалғыз» атты кітап жазған ол 1998 жылы 29 қаңтарда балық торларына ілініп қалған су астын зерттеу жабдығын босату кезінде қайтыс болды. 

Айтпақшы ол Курилов сатқындық жасағаны үшін КСРО-да сырттай 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

2. Виктор Беленко

1976 жылы 6 қыркүйекте МиГ-25П истребителімен ұшқан кеңестік ұшқыш Жапонияға қонып, Америка Құрама Штаттарынан саяси баспана сұрады. Бұл 27 жастағы Виктор Беленко еді. Ал Кеңес Одағының мақтанышы саналатын МиГ-25П ұшағындағы жабдықтар шетелдіктер үшін аяқ астынан табылған мол олжа болды. Хакодате әуежайына қонған ұшақты жапон және АҚШ мамандары мұқият зерттеп, КСРО-ға тек 2 айдан кейін ғана қайтарды.  Ал Виктордың өзін бірден АҚШ-қа жөнелтті. Бұл кезде КСРО билігі кеңес ұшағының Жапония әуежайына амалсыздан қонғаны, ұшқышты АҚШ-қа еркінен тыс алып кеткені жайлы кезекті өтірігін айтып жатқан еді.

Бұған дейін ұшқыш бірнеше рет рейс персоналының тұрмыстық жағдайына қанағаттанбайтынын, КСРО мен АҚШ ұшқыштарының жағдайы бірдей еместігін айтып жүреді екен.   

КСРО-да Беленко опасыздық жасағаны үшін сырттай өлім жазасына кесілді, ал АҚШ-та президент Джимми Картер ұшқышқа азаматтық беру туралы рұқсатқа өзі қол қойды. Бірақ бұған қарамастан, көктегі өмір ойдағыдай болмады.

3. Николай Гилев пен Виталий Поздеев

1970 жылы 27 қазанда Керчь – Краснодар бағытындағы «әуе такси» рейсіне немере ағайынды 21 жастағы Қырым медициналық институтының студенті Николай Гилев пен Севастополь аспап жасау институты Керчь филиалының 20 жастағы студенті Виталий Поздеев билет сатып алды. Төрт орындық Morava L 200 ұшағы көтерілгенде екеуі ұшқыштарға қоқан-лоққы көрсетіп, Стамбулға ұшуға бұйрық береді. Ұшақ Түркияға сәтті қонды, бірақ бақытты аяқталған жоқ. Студенттер бірден АҚШ-тан саяси баспана сұрағанымен олардың талабына құлақ аса қойған ешкім болған жоқ. Түркияда АҚШ елшілігінен бір жылдай хабар күтіп, жөндем жауап естімеген екеуін туыстарының хаттарын ала келген ТАСС тілшісі елге оралуға көндіреді.  Елге келгесін екеуі 10 және 12 жылға сотталды.

4. Петр Пирогов пен Анатолий Барсов

1948 жылы 9 қазанда ұшқыштар Коломия авиабазасынан Австрияға КСРО ӘӘК Ту-2 бомбалаушы ұшағымен ұшты. Американдықтар оларға саяси баспана берді, содан кейін Пирогов әдеби агент таба отырып, дәрістер оқып, мақалалар мен кітаптар жаза бастады. Кейін ол АҚШ әскери-әуе күштерінде жұмыс істеуге көшті, үш жылдан кейін Австриядан қашып келкен отандасына үйленді.

Ал Барсовтың жаңа өмір бастамақ талабы сәтсіздікке ұшырай берді. Өзінің мұнда ешкімге керексіздігін сезінген ол басын тауға да, тасқа да ұрып, ішімдікке салынады. Кейіндеу рақымшылыққа үміттеніп елге оралғанымен,  алты айдан соң ату жазасына кесіледі.

5. Сергей Немцанов

Олимпиадаға аз уақыт қалғанда 17 жастағы Немцанов Кеңес құрамасының (Канада – АҚШ – Мексика) құрамында Канамекс турнирінде жеңіске жетті. Олимпиада ойындарына дайындалу кезінде спортшы АҚШ-тың 21 жастағы секірушісі Кэрол Линднермен кездесті. Кейінірек баспасөзде Сергейдің қашып кетуіне итермелеген жастардың романтикалық қарым-қатынасы болғаны айтылған, бірақ қыздың әкесі бұл фактіні жоққа шығарды. Бірақ Монреаль олимпиадасында Сергейге бұйырғаны тек тоғызыншы орын болды. Осы сапар иммиграция офицерімен кездескен жас жігіт Канададан саяси баспана сұрай бастады.

«Монреальды айналып өтіп, біз қала маңындағы виллаға жеттік, сонда мен теледидардан олардың барлық арналардан кеңес спортшысы Сергей Немцанов еркіндікті таңдады деп айтқанын көрдім. Артқа шегініс жоқ, осында қалғың келетінін көрсет, сонда сенің болашағың қамтамасыз етіледі дегендер көп болды. Келесі күні канадалық адвокаттар келіп, менің 18 жасқа толмағаныма қарамастан, тұруға іс жүзінде рұқсат берді. Бірақ олар шешім жасауға дейін бір таспаны тыңдауымды өтінді. Онда әжемнің: «Мені кімге қалдырдың, мен жалғыз қалдым» – деп қатты жылағанын естідім» дейді кейін осы кезеңді еске алған спортшы.

Сергей КСРО-ға оралды, онда оған ешқандай санкциялар қолданылмады және институтты бітіруге рұқсат етілді. Оның жаттықтырушысына шетелге шығуға шектеу қойылды, анасымен әлдақашан айырылысып кеткен әкесі Венгриядағы қызметінен кері шақырылды. 1979 жылы Немцанов КСРО чемпионы болды, оған халықаралық жарыстарға қатысуға тыйым салынды және біраз уақыттан кейін ол спорттан біржола кетті.

6. Игорь Иванов

1980 жылы КСРО-дан қашқандардың қатарына шахматшы Игорь Иванов қосылды. Бір жыл бұрын 32 жастағы шахматшы Анатолий Карповты жеңіп, Кубада өткен халықаралық Калабланка турниріне қатысуға жолдама алған еді. Кубадан Ресейге қайтып бара жатқан сапарда МҚК офицерінің көзін ала беріп, Канадаға жанармай құюға қонған ұшақтан түсіп қалады. Қолында қалта шахматы бар ол ұшу-қону жолағына шығып кетіп, саяси баспана сұрады. Монреальда тұрақтаған шахматшы төрт рет Канада чемпионы атағын жеңіп алды және халықаралық турнирлерде осы елдің атынан шықты, АҚШ-тағы коммерциялық турнирлердің қатысушысы болды. 90 жылдардың басында Иванов Канада азаматтығын сақтай отырып, Америка Құрама Штаттарына көшіп кетті, ол жерде өзін жаттықтыруға арнады. Белгілі спортшы 2005 жылы қайтыс болды.

7.Александр Могильный

Хоккейші 1989 жылы құлаған Кеңес Одағынан қашып кетті. 20 жастағы спортшы КСРО-ға жеңіске жеткен Әлем Кубогынан кейін Стокгольмдегі қонақ үйден кетіп, АҚШ-тан баспана сұрады. АҚШ тарапынан мақұлдауынан кейін хоккейші «Буффало Сейбрз» сапында ойнады.

  • Мен Мәскеуден қайыршы болғандықтан кетіп қалдым. Менің шын мәнінде түгім де болған жоқ, – дейді Александр кейіннен. – Мен Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, КСРО-ның үш дүркін чемпионы болдым. Осындай атағым бола тұра құрқылтайдың ұясындай да баспанам болған жоқ. Мұндай өмір кімге керек?

      ҰХЛ-дағы бірінші ойында Могилни матчтың 20-сыншы секундында шайба соқты, ал 1992/93 маусымда ол НХЛ-дің ең нәтижелі шабуылшысы болды.

8.Овечкиндер отбасы

1988 жылы 8 наурызда музыканттар отбасы Иркутск – Қорған – Ленинград бағытында жолаушылар ұшағын басып алды. Бұл Кеңес одағы тарихындағы ең батыл және қанды әрекет еді.

Осы оқиғадан 1 жыл бұрын шетелге гастрольдік сапармен шыққан «Семь Симеонов» джаз тобы құрамындағы отбасы мүшелері Жапонияға аялдап, Кеңестер Одағынан кету туралы шешім қабылдайды.  Бұл ойды Нинель және оның 10 баласы осы Иркутск – Қорған – Ленинград бағытындағы сапар кезінде жүзеге асыруды ойластырады. Ұшаққа отырғызу кезінде қол жүгіне мұқият тексеру жүргізілмеген, бұл қылмыскерлерге музыкалық аспаптарда жасырылған екі мылтық, 100 патрон және қолдан жасалған жарылғыш заттарды алып өтуге мүмкіндік берді. Ұшаққа отырғасын ағайынды Овечкиндер ешкімге орнынан қозғалмауды, бағытты Лондонға бұруды бұйырады.

     Бортинженер Иннокентий Ступаков Лондонға ұшуға жанармай жетпейтінін айтып, Финляндияға қонып, жанармай құйып алу туралы ұсыныс айтады. Терроршылардың мұнымен келіспеске амалы жоқ еді. Бірақ ұшақ фин шекарасына жақын Вещево әуежайына қонды. 

Кепілге алғандарды босату операция сәтсіз аяқталды. Барлығы тоғыз адам қайтыс болды: бес террорист (Нинель Овечкина және оның төрт үлкен ұлы), стюардесса Тамара Жаркая және үш жолаушы. Он тоғыз адам жарақат алды (ағайынды Овечкиндер, екі полиция қызметкері және 15 жолаушы). Овечкиндер Выборг жанындағы зиратта сандар жазылған белгісіз қабірлерге жерленді.

Аударған Ерхан АҚЫН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!