Фото: видеодан кадр/Азамат Төрехан

KAZINFORM – Жыл бойы жинаған қаражатын қобдишаға салып, Құлсарыға көмек ретінде берген 11 жастағы кентаулық қыздың сәлемдемесін құлсарылықтар мұражайға қоятын болды.

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға Кентау қаласынан жіберілген гуманитарлық көмек жетті. Атап айтар болсақ, күнделікті тұтыну тауарлары мен азық-түлік тиеген жүк көліктерін құлсарылықтар күтіп алды. Соның ішінде 11 жастағы Гауһар Шәймерден мен 7 жастағы Жамбыл Жігер жолдаған қаржы жинақтайтын қобдишалар да бар. Қоғам белсендісі Азамат Төрехан Гауһардың құлсарылық замандастарына жазған хатын оқып берді. «Құлсарыға Кентаудан сәлем!» деп басталатын жазбада жасөспірім су тасқынынан зардап шеккен аймақтағы ауыр ахуалды көріп қатты уайымдағанын айтқан.

«Мен Сіздердің ауыр жағдайларыңызды көріп қатты уайымдадым. Сіздер қазақтың батыр ұлдары мен қыздарысыздар. Сондықтан бұл қиындықтан аман-есен өтетіндеріңізге сенімдімін. Менің жинап жүрген ақшам бар еді. Соны сіздерге беремін. Ақша жинайтын киіз үйдің ішінде қанша қаражат жиналғанын білмеймін. Қанша болса да барлығы Сіздердікі. Біз Сіздермен біргеміз», – делінген хатта.

Енді бұл хат пен қос жеткіншектің қобдишасы арнайы мұражайға қойылатын болды. Бұл ұсынысты жергілікті ақсақалдар да қолдаған.

«Бұл – тарихи оқиға. Жастарға үлгі болады деп ойлаймын. Құлсарыдағы орталық мұражайды су алып кеткен. Сондықтан жұмыс істемей тұр. Іске қосылған кезде Гауһар Шәймерден мен Жамбыл Жігердің аманатын сонда қоятын боламыз», – деді қоғам белсендісі Азамат Төрехан.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!