Атқарушылық іс жүргізу – сот процесінің соңғы мәресі. Сондықтан дәл осы кезеңде бұзылған құқық қалпына келтіріліп, заңды мүдделер шын мәнінде қорғалуға тиіс. Осы саладағы маңызды мәселе – заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқығын сақтау, мемлекеттің мүддесін қорғау.

Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушылардың құрамында атқарушылық іс жүргізудің тараптары (өндіріп алушы және борышкер), атқарушылық іс жүргізу тараптарының өкілдері, сот приставы, атқарушылық құжатта қамтылған талаптарды орындауға жәрдемдесетін өзге де адамдар (оның ішінде ішкі істер органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері, аудармашы, куәгерлер, маман, сот орындаушысы тыйым салынған мүлікті күзетуге немесе сақтауға берген адам) бар. Іс жүргiзу тараптары атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрме алуға, қосымша материал беруге, өтiнiш бiлдiруге, атқарушылық әрекет жасауға қатысуға, атқарушылық әрекеттер процесiнде ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге, туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелi мен пiкiрiн айтуға, қарсылық бiлдiруге, бойынша сот орындаушысының әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) немесе шешiмдерiне шағым жасауға, бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.

Кезек күттірмейтін мәселе

Статисканы сөйлетсек, елімізде атқарушылық іс саны жылына 1 млн-нан астам құжатқа өсуде.Тиісінше сот орындаушыларының жүктемесі артып отыр. Соған байланысты мүмкіндіктер де көбейді. Бүгінде борышкер атқарушылық іс жүргізудің қозғалуы, онда қолданылатын шектеу шаралары туралы және іс бойынша басқа да мәліметтерді ұялы телефонына алады. Бұған Президенттің «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қоюынан соң қол жеткізілді.

Кезек күттірмейтін мәселе

Сондай-ақ өткен айда Парламент Мәжілісі атқарушылық іс жүргізуді жетілдіруге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мұнда атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша заңнамалық актілердегі олқылықтарды, коллизиялар мен қайшылықтарды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін нормаларды жою көзделеді. Бұдан бөлек, заң жобасын қабылдау бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік береді. Олар: жеке сот орындаушыларының атқарушылық іс жүргізуді аяқтаған кезде алдыңғы жеке сот орындаушылары шығарған мәжбүрлеу шаралары туралы барлық қаулылардың күшін жою міндетін белгілеу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты болғызбау мақсатында борышкерді шақыру негіздерін қысқарту, жеке сот орындаушыларының атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулының көшірмесін жіберу және мәжбүрлеп орындату шаралары туралы хабар беру жөніндегі міндетін белгілеу.

Сот жүйесі жұмысының тиімділігі көп жағдайда сот орындаушыларына, олардың өз жұмысын Қазақстан Республикасы заңдылықтарына сәйкес мүлтіксіз жүргізілуіне байланысты. Себебі сенімді атқарушылық іс жүргізу жүйесін қалыптастыру сот билігінің беделін арттырудың негізгі белгісі.

Ж.БАЕКЕЕВА,

Қармақшы ауданаралық

 Сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімі филиалы басшысы,

аға сот орындаушы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!