Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігінің мәліметінше, елімізде 70 мыңға жуық кибербуллинг фактісі тіркелсе, өткен жылдың 9 айында бұл көрсеткіш екі есе көбейген.

Жақында «Қоғамдық денсаулық сақтау» ұлттық орталығы балалар мен жасөспірімдер арасында кибербуллингке қатысты сауалнама жүргізіп, 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 12 проценті кем дегенде бір немесе бірнеше рет кибербуллингке ұшырағанын анықтаған. Сондай-ақ жасөспірімдердің шамамен 11 проценті кем дегенде бір рет кибербуллинг жасауға әрекеттенгені дәлелденген.
Бұл орайда «Бала құқықтары туралы» заңға буллинг түсінігі енгеніне де тоқталсақ.
Соған сәйкес, онлайн-платформалардың өкілдерімен өзара іс-қимыл кезінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ғана жоюға мән берілді. Мұндай тәртіп балаларға қатысты кибербул­линг фактілеріне жедел назар аудару мен қоғамның ақпаратқа деген сұранысы арасындағы теңгерімді ортаны табуға мүмкіндік береді.
Бұған қоса Сенаторлар­дың ұсынысы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз бетінше интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысын шектеп немесе тоқтата алмайтын болды. Тек балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ғана желіден жоя алады. Ал, балаларға қатысты кибербуллингтің сипаттамасы қандай, оны қандай белгілері арқылы анықтайды? Мұны сарапшылар тобы айқындайтын болады.
Бұдан бөлек, Қазақстанда балаларға арналған қауіпсіз «Ақ сайттар тізімі» барын айту керек. Бұған балалардың психологиялық, физикалық тұрғыда толыққанды дамуына мүмкіндік беретін, тәрбиелік маңызы, тақырыбы мен мазмұны жағынан іріктелген 3556 сайт енген. Интернет желілері мазмұны бойынша білім және ғылым, мәдениет және өнер, ойын-сауық, музыка, кино, телевизия, табиғат, адам, қоғам, спорт және туризм салаларына бөлінген. Сондықтан баланың интернеттегі қадамын қадағалап отыру үшін ата-анаға жауапкершілікпен қатар цифрлық технологияларды меңгеру қажет. Қайткенде де баланың тағдыры үшін жауапты екеніңізді ұмытпау маңызды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!