Қылмыстық істің ізін суытпай ашып, күдіктіні күмілжусіз табатын қызметтік иттердің маңызы зор. Ал, төбеттің тілін тауып, бабын жасайтын, айғақты дәл нұсқауға баулитын кинолог маманның еңбегі ұшан-теңіз. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің режим және күзет бөлімінің бақылаушы-кинологы әділет кіші сержанты Нұрымжан Дүйсенбековтің сөзі де осыны қуаттайды.

Ыммен-ақ ымыраға келетін кинолог пен қызметтік ит қауіпсіздікті сақтап, тыйым салынған заттардың мекеме аумағына өтуіне бөгет болады. Түрлі қылмыстың алдын алу мақсатында қос серіктес барын салады.

Кинологтың бір күні таңғы жаттығудан басталып, із кесу, иіс тану, күзет учаскелерін бақылаумен жалғасады. Иттің ерекше күтімі мен тамақтануына, денсаулық жағдайына да жауап беретін осы маман.

– Кинолог қызметі – атүсті қарауға болмайтын жұмыс. Қызметтік иттің психологиясын, мінезін, қимылын түсініп, бағыт-нұсқау береміз. Тиісінше, олар да төңірекке түгел көз жүгіртіп, әр дыбысқа елең етіп, күмән туғызса бірден белгі береді. Мұны сенімді қарым-қатынастың нәтижесі деп білемін. Бастысы қауіпсіздікке қалқан болғанымыз. Негізі қызметтік иттерді 7 айлығында да қолға үйрете бастаймыз. Мына “Рой” есімді иттің жасы 1-де. Арнайы жаттығуларға 1-1,5 сағаттай уақыт бөлеміз. Үйрету жұмыстары үзілмесе, кілтипанды табуда кідіріп қалмайтынымыз анық, – дейді режим және күзет бөлімінің бақылаушы-кинологы әділет кіші сержанты Нұрымжан Дүйсенбеков.

Кинологтың кәсіби шеберлігі мен төбеттің түйсігі талай істің түйінін тарқататыны даусыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!