Алғыс айту күні – мейірім мен достықтың жарқын мерекесі. Адам өмірі ризашылық пен шынайы алғыстан нәр алғанда ғана мәнді болмақ. Бұл ретте мерекенің мағынасы тереңдей түседі. 2016 жылдан бері Президент жарлығымен аталып өтетін бұл мейрам Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнмен тұспа-тұс келеді. Мерекенің басты мақсаты – тағдыр тәлкегімен елімізге қоныс аударған этнос өкілдерінің қиын-қыстау кезеңде бауырына басқан қазақ халқына ризашылығын білдіруі, ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті нығайту.

Десе де бұл күні жақындарымызға да алғыс айтсақ артық болмайды. Бәлкім, сіз ата-анаңызға, ұстазыңызға, қиын сәтте демеу болған досыңызға немесе жай ғана жымиып, көңіл-күй сыйлаған бейтаныс жанға алғыс айтқыңыз келетін шығар? «Ақмешіт жастары» жүрек түкпіріндегі ізгі ниетті білдіру мақсатында қала тұрғындарынан сауалнама алды. Ендеше, оқырмандарымыздың ақжарма тілектері мен жүрекжарды лебіздерін бірге оқиық.

Кімге алғыс айтқыңыз келеді?

Айгерім ҚЫРЫМОВА:
– Ең алдымен, алғысымды аяулы анам мен әкеме арнаймын. Ана – өмірдің бастауы, мейірімнің шексіз теңізі. Ол бізді жарық дүниеге әкеліп қана қоймай, бар ғұмырын баласының бақытына арнайды. Ана жүрегі әрдайым кешірімге толы, мейірімге бай. Ал әке – отбасының тірегі, асқар тауы. Ол сабыр мен күштің, еңбек пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетеді. Әкем маған адал болуды, еңбекқорлықты, табандылықты үйретті. Менің әр жетістігімнің артында анамның ақ тілегі мен әкемнің төккен маңдай тері тұр.

Өмірлік жолдасыма да айтар алғысым ерекше. Өмірдің сан түрлі белестерінде бірге болып, қиындықта сүйеу, қуанышта серік болған жан – нағыз бақыттың белгісі.

Кімге алғыс айтқыңыз келеді?

Бақытжан АХМЕТБЕК:
– Қазақ елінің абыройын сақтап келген марқұм ата-бабаларыма алғысым шексіз. Ұлттық құндылығымыз бен ұлттық кодымызды жеткізген марқұм ата-әжелерімізге рақметімді айтамын. Қазақ елінің рухы мен қазақ тілін үйреткен марқұм әке-шешеме ризашылығымды білдіремін. Ел намысын асқақтатып келген аға-жеңге, әпке, іні, қарындастарыма, ұлттық тәрбиені алып жүрген балаларыма алғыс айтамын. Қазақстан Республикасының жарқын болашағы – шәкірттеріме алғыс айтамын!

Кімге алғыс айтқыңыз келеді?

Шапағат БЕКМЫРЗАЕВА:
– Құрметті менің бауырларым, Қымбат, Айнұр, Гүлнұр! Менің өміріме еніп, бірге бақытты күндерімізді өткізіп, барда да, жоқ та да өмірдің әр толқынынан бірге жүзіп жүргеніміз үшін алғыс айтамын. Иә, кейде сөз келіп, бір-біріміздің көзқарасымызды дұрыс түсінбей қалған кездер болды. Бірақ қандай сәттер болса да сіздер менің жүрегімнің төрінен орын аласыздар. Мен үлкен мұхит айдынында жүзіп жүрген қайық болсам, сіздер мені мұхит толқынынан қорғап, бағыт-бағдар беретін кемемсіздер. Сіздердің бар болғандарыңыз үшін алғыс білдіремін.

Кімге алғыс айтқыңыз келеді?

Динара СЕЙТАЛИЕВА:
1 наурыз – «Алғыс айту» күні. Осы күнге орай анам Рзагул Еңсеповаға алғыс білдіргім келеді. Анасын жақсы көрмейтін пенде баласы жоқ шығар. Ана қадірін «Балалы болғанда білерсің» дейді. Бұл күндері өзім де ана болған соң, ана жүрегін жете түсінетіндей болдым. Балалық шағымда анам бір күнге қыдырып кетсе, үй іші жылусыз, жарықсыз қалғандай сезінетінмін. Анам үйге оралған да аспандағы күнненде жарық болып көрінетін. Сізбен өткізген әрбір күнімде мен бақыттымын. Түн ұйқыңызды төрт бөліп, бізді мәпелеп өсірген еңбегіңіз үшін мың алғыс! Жасыңыз ұзақ, деніңіз сау болсын, анашым!

Кімге алғыс айтқыңыз келеді?

Ерасыл РАХМАНҚҰЛ:
– Қымбатты Хансұлтан, Алғыс айту күніне орай саған жүректен шыққан сөзімді айтамын. Сен мен үшін жай ғана сыныптас емес, шын мәнінде жанымнан табылатын доссың. Күнде мектепте қатар отырып, бірге күліп, кейде бірге уайымдап жүргеніміздің өзі – үлкен бақыт. Кей сәтте ешкімге айтпаған ойымды саған еркін айта аламын. Себебі сен тыңдай білесің, түсіне білесің.

Маған қолдау көрсеткен сәттерің аз емес. Қарапайым «бәрі жақсы болады» деген сөзіңнің өзі күш беретін. Біздің достығымыз уақытпен емес, шынайылықпен өлшенсе деймін. Әрдайым өз қалпыңда қал. Армандарың орындалып, жолың ашық болсын. Сендей досымның бар екеніне қуаныштымын.

Кімге алғыс айтқыңыз келеді?

Бейбіт ТАЛҒАТҚЫЗЫ:
– Құрметті менің Қайырбек атам, ардақты Раушан әжем!

Сіздерге Алғыс айту күніне орай шын жүректен алғысымды білдіремін. Сіздер – біздің шаңырағымыздың берекесі, отбасының тірегі, ақыл мен мейірімнің қайнар бұлағысыздар.

Ата, сіздің өмірлік тәжірибеңіз бен парасатты ойларыңыз, еңбекқорлығыңыз бізге үлкен үлгі. Әже, сіздің мейіріміңіз бен қамқорлығыңыз жүрегімізге жылу сыйлап, бізді тек жақсылыққа жетелейді. Сіздердің бізге деген шексіз сүйіспеншіліктеріңіз бен қолдауларыңыз үшін алғысым шексіз. Ата-әжемнің шаңырағында көрген тәрбиелеріңіздің арқасында біз адамгершілікті, еңсемізді биік ұстауды, әрдайым адал әрі қамқор болуды үйрендік.

Осындай өнегелі тәрбие беріп, бізге өмірдің дұрыс жолын көрсеткендеріңіз үшін мың алғыс! Ендігі тек немерелеріңіз Бейбіт, Назерке, Жанеркемен мақтанып отыруды бұйырсын. Сіздерді шын жүректен жақсы көремін, қадірлі ата-әжем!

Кімге алғыс айтқыңыз келеді?

Абылайхан ДОЛЛОРЕС:
– Алғыс айту күні ерекше мейрамдардың бірі. Бұл күнге орай мен өзімнің анама ризашылығымды білдіремін.

Біз үшін әу бастан «санасы түзу, 12 мүшесі сау болсын» деп дұға еткеніңе рақмет. Тоғыз ай бойы құрсағыңда көтеріп, қаншама қиындыққа қарамастан, бізді аман-есен дүниеге әкелгенің үшін, аналық мейіріміңді барлығымызға теңдей бөліп, шуағыңды төккенің үшін, берген қымбат тәрбиең үшін рақмет.

«Жақсы сөз сөйле, жақсы нәрсе ойла, салауат айта жүр, көп уайымдама» – деген сөздерің мен өнегелі тәрбиең менің өмірлік ұстанымыма айналды. Біз үшін тынбай еңбек етіп, талай жұмыс істедің. Қаншама күндер жаяу жүріп, тапқан-таянғаныңды алдымызға әкелгенің, Аллаға тәуекел етіп, қалтаңдағы соңғы тиыныңа бізге тәтті алып берген сәттерің ешқашан ұмыт болмайды.

Еске ала берсем алғыс айтар сәттерім көп. Мен қанша еңбек етсем де, аналық ақ сүтің мен еңбегіңнің өтеуін қайтара алмаспын. «Ата-ана баласына разы болса, Алла Тағала оған разы болады» дейді ғой. Бізге разы болғаның үшін рақмет, анашым.

Сауалнама жүргізген Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!