Кино – ұлттың болмысы мен рухани байлығының көрінісі ретінде тілдің әлеуметтік қызметін арттыратын мықты құрал. Жарыққа шыққан кино көрерменнің жүрегіне жету үшін шынайы болу қажет ұстанымы сценарий жазушылардың басты назарында. Қазір диалогқа аралас тілдік элементтерді, яғни қазақ тілі мен орыс тілін шұбарлатып қолдану жиі кездеседі. Бұл үрдіс қазақ тілінің мәртебесіне қауіп төндіруі мүмкін. Қазақ киносы – өзін-өзі тану мен өзгеге танытуды көздейтін рухани айна. Осы тұрғыдан алғанда, кинодағы қазақ тілінің қолданылу деңгейі мен еліміздің тіл саясаты өзге тілді көрерменге түрпідей тиері анық. Кинодағы қазақ тілі тұрмыстық қолданыс деңгейінен шыға алмай келеді. Қазақ киносы қоғамның айнасы ретінде халықтың тілі, дәстүрі, менталитеті мен құндылықтары туралы көрерменге танымдық білім бере алуы керек. Сондықтан да кино – бірінші кезекте бизнестің емес, ұлттық ұстаным миссиясын атқару қажет. Оның ұлтқа тигізер пайдасы, ұрпаққа берер тәлімі басты назарда тұруы шарт.
Үш жыл бұрын отандық кино қоржынына бір жыл ішінде 36 кино қосылса, оның 90-95 пайызы жекеменшік киностудиялар түсірген коммерциялық жобалар екен. Алайда экранға шығып, халыққа ұсынылып жатқан фильмдердің сапасы қай деңгейде? Қазіргі қазақ киносында «шала қазақ» тілді кейіпкерлер көп. Қостілді ұстанымды көбіне комедия жанры қолданып келеді. «Бизнес по-казахски», «Жездуха», «Бөлек шығайық», «Хотя бы кинода 3», «Родной», «Кеттік, бәрін таста» секілді комедиялық жанрдағы фильмдер тіл тазалығын сақтау тұрғысынан еркіндікке жол берген. Мұнда жаргондар, боқтық сөздер, ауызекі сөйлеу тілінің элементтері көп кездеседі. Қазір көпшілік қазақ тілі мен орыс тілін араластыра сөйлегендіктен қоғам көрінісі ретінде көрерменге өтімді. Сценаристер де еңбекақы үшін қостілді қолдану тиімді санайтын көрінеді. Иә, «шала қазақ» тілін қолдану – Кеңес үкіметінің қалдырған сарқыншағы мен қазіргі қоғамның әлеуметтік көрінісі. Дегенмен кинода тіл мен мәдениет қатар көрсетілмеген жағдайда ұлттық болмыс тыста қалып, қазақ тілі екінші орында қалуға мәжбүр.
«5:32», «Шекер. Последний шанс» криминалдық жанрда түсірілген киноларда қазақ тілді диалог өте аз. Негізгі аудитория орыс тілді қазақтар болса керек. Түрме өмірін, көше мәдениетін көрсету үшін көбіне бұзақылар түсінетін бейәдеп сөздерді көптеп қолданылған.
Қазіргі таңда кино біз қаласақ та, қаламасақ та кітап, газет- журналдарға қарағанда адамдардың назарын аударту бойынша алдыңғы қатарда екенін мойындауымыз керек. Жоғарыда көтерген мәселеге қарап, қазақ киносы әлсіз деген сөз емес. Бұл кино саласының тек бір кемшін тұсы ғана деп қабылдау қажет. Қазақ киноиндустриясы жанрға бай. Режиссер Ермек Тұрсыновтың жетекшілігімен детектив, криминалдық драма жанрларындағы «Кенже» фильмі, кино тарихында өшпес із қалдырған тарихи драма жанрындағы «Жаужүрек мың бала» және психологиялық драма жанрындағы «Шал» фильмдері ұлт болмысын танытатын асыл қазына. Бұл шығармалар халықтың қазақ киносына деген қызығушылығын тудырды және Ақан Сатаевтың «Рэкетир» фильмінен кейінгі көрерменді кинотеатрларға жинаған сәтті туындылар болды. «Жаужүрек мың бала» фильмінің көрермен арасында танымалдыққа ие болуының басты себебі – ең алдымен, қазақтың өрімдей жас балаларынан құралған әскердің жоңғар шапқыншылығына қарсы шығуы, елін, жерін жаудан қорғауға үдере аттануы сияқты халықтық рухты көтеретін айшықты тақырыбы болды. Әрине, қазақ жеріндегі жоңғар шапқыншылығы туралы фильмдер аз түсірілген жоқ. Бірақ «Жаужүрек мың баланы» көрерменнің өте жақсы қабылдауының тағы бір себебі – қазақ киносында орыс тілінің шұбарланбай толықтай қазақ тілінде болуы.
Қазақ тілінің жанашыры ретінде біз көтеріп отырған мәселе өте даулы. Бұл мәселені шешу үшін реалистік көзқараспен қарайтын болсақ, кинода қостілді саясат орнамауының шешімі күрделі болып отыр. Біріншіден, кестеленген сөз өрнегін қазіргі қалалық көрермен түсінбей қалуы мүмкін. Сондықтан режиссер тепе теңдікті ұстауға мәжбүр. Екіншіден, қазақстандық фильмдердің бюджеттік шектеулері көп. Сәйкесінше, киноны әлемдік деңгейге шығаруда өзге тілдерге сапалы аударуда қиындықтар кездеседі. «Қазақ тілінде кино түсіру – қиындық тудырады, бірақ бұл біздің болмысымызды сақтау үшін аса қажет», – деді режиссер Әділхан Ержанов бізбен әңгімесінде.
Кино – идеологияның бастықұралы. Осы орайда, кемеңгер Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген даналық сөзін әңгіме етіп отырған саламызға қарай лайықтау қажет. Қазір балаларымыздың барлығы кинодан көргені мен естігенін түсінсе де, түсінбесе де көз алдымызда қайталап отырады. Сол себептен қазіргі қазақ киносындағы қазақ тілінің қолданылуын жөндеу қажет. Себебі бүгінгі көз алдымызда кинодан көргенін әзіл ретінде қайталап айтып жүрген бала – ертеңгі елдің тізгінін ұстар азамат. Киноны идеология тұрғысында сәтті пайдалана білуіміз қажет. Ұлттың тілін касса үшін лайламайық!
Айдана ЕДІЛБЕКҚЫЗЫ,
Қорқыт ата атындағы ҚУ студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!