Жан-жақты жайпамай-ақ жетістікке, талаймен тайталаспай тілекке жетуге болады. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің Режим және күзет бөлімінің ақпарат және байланыс тобының бақылаушысы әділет сержанты Ақниет Қалмұратовтың да ұстанымы осы.
Қызметке орналасқан 2 жылында кәсіби білігін көрсетіп үлгерді. Кіріп-шығуды бақылау пунктіндегі (КПП) жұмысқа бейжай қарамай, әр әрекетті әкіреңдеусіз назарында ұстайды. Себебі, қатал қызмет пен қатқыл талаптың ортасында жүрсе де, қабағың шытып көрген емес.
– Қызметті таңның атысы мен күннің батысындағы жұмыс кестесі ғана деп білу – тар түсінік. Сондықтан, тәртіп пен қауіпсіздікке баса мән берумен қатар, әр адамға құрметпен қарауды да естен шығармаймын. Кәсіби міндетті лайықты атқарып, маған артылған сенімді сетінетпеймін. Осы салаға саналы ғұмырымды арнап, бейнетімнің зейнетін көргенімді – бақыт деп білер едім, – дейді А.Смайлұлы.
Ақиқатында, шын талантқа тұсау жоқ. Ақниет Қалмұратов өнер өлкесінде де құлашын кеңге жаюға қабілетті. Қоңыр домбыраны күмбірлете тартып, әнді де әдемі орындайды. Мекемеде өтетін мәдени іс-шараларда белсенділік танытып, онысын бұлдамайды да. Мұны қызметке шын кіріскен арда азаматтың ісі деп білеміз.
Бос уақытында ұлы Абайдың қара сөзіне қанығып, мұзбалақ ақын Мұқағалидың рухани мұрасына зейін қояды екен. Өнер мен өсиеттен нәр алған қызметкердің кең пайымы осыдан аңғарылады.
Бүгінде Ақниет Қалмұратов аяулы жары Гүлмирамен бірге 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!