14 ақпан көпшіліктің санасында «Ғашықтар күні» ретінде есте қалуда. Дегенмен кейінгі жылы бұл күннің тағы бір мағынасы ашылды. Ол – кітап сыйлау күні.
International Book Giving Day 2012 жылы Ұлыбританияда пайда болған. Ал жаһанға танылуы Эмми Бродмурдың еңбегі. Америкалық азаматтың бастауымен бұл күн әлеуметтік желіде мықтап насихатталған. Иә, бастапқыда балаларды кітап оқуға баулу және оларға кітап тарту ету идеясынан туындаған еді. Кейін ол әлемнің 40-тан астам елінде қолдау тауып, тек балаларға ғана емес, жалпы кітап сыйлау дәстүріне айналды. Бұл күннің басты мақсаты – адамдарды оқуға ынталандыру, кітапқа деген қызығушылықты арттыру. Осы орайда көптеген елде қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, кітапханаларға, мектептерге кітаптар таратылады.
UNESCO мәліметтеріне сүйенсек, әлемде әрбір бесінші адам кітап оқымайды немесе оған қызықпайды. Statista зерттеуіне сәйкес, 2023 жылы кітап сатып алу деңгейі көптеген елде төмендеген. Қазақстандықтар арасында кітап оқу әдетіне қатысты нақты деректер аз. Дегенмен, Ұлттық академиялық кітапхана жүргізген зерттеуге сәйкес, елімізде оқырмандар саны 2020 жылдан бері 15%-ға азайған. Негізгі себептер ретінде уақыт тапшылығы, цифрлық контентке тәуелділік, кітап бағасының қымбаттауы көрсетілген. Дегенмен жағдай түзеліп келеді. Қазақстан кітап оқу бойынша әлемде 46-орынға тұрақтады. 2018 жылғы зерттеуде біздің ел 75 елдің ішінде 61-сатыға тұрақтаған. Ал бұл рейтинг әр үш жыл сайын жаңарып тұрады. Ал елдегі кітапханалардың қорында 73 миллионға жуық кітап бар. Деректерге сүйенсек, кітапханалардың оқырманы 3 миллионнан 5 миллионға дейін көбейген.
Сыйға тартылған 2 270 кітап
Жуырда кітап сататын «Kitap al» дүкенінде 9 жастағы Азамат есімді оқушымен кездейсоқ әңгімелесіп қалдық. Қолында Дулат Исабековтің «Гауһартас» шығармасы. Ал ашық тұрған сөмкесінің ішінде қара сөздер жинағы мен бала тәрбиесіне байланысты кітап жатыр. Оқырманның жасы мен талғамындағы кітаптарға таңқалдық. Сұрастыра келе, қандай жанрға қызығатынын біліп, азды-көп сұхбаттасқандай болдық. Гауһартасты өзі оқып жүр екен, ал Абайдың қара сөздер жинағын інісіне сатып алыпты. Айтуынша, інісінің білімді болғанын қалайды. Ал бала тәрбиесіне байланысты кітапты тәтесіне алған көрінеді. Міне, өзі оқып қана қоймай, отбасының да қамын ойлап жүрген атына заты сай Азаматқа тәнті болдық.
Аймақтағы оқырман не дейді?
Облыс кітапханаларына кейінгі жылдары авторлардан 2270 кітап сыйға тартылған. Бұл өңірдегі оқырманның сапасын айшықтайтын сандар. Яғни, сырбойылықтар ақысыз білім көзінің мағынасы мен пайдасын біледі.
Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы басшысының айтуынша, кітап – адам ақыл-ойының жемісі.
– Әрине кітапқұмарлар мен фанаттар бар. Кітапты сақтайтындар да бар. Бірақ халық арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруымыз керек.
Мысалы жапондарды мықты халық деп қабылдаймыз. Ал олардың оқушысына бір жылда 70 кітап оқуға міндеттелген, – деді Нұрлыбек Кәрібозұлы.
Ажырамас дос бола білетін кітаптың қадірін білгендер мен сауатын ашып, көзқарасын кеңейтуді қалайтындардың да ортақ алаңы бар. Мысалы, 2019 жылы облыста «Кітап құрттары» атауымен оқырман клубы ашылды. Әуелде 10 адамнан басталып, бүгінде клуб мүшелерінің қатары артқан.
– 6 жыл ішінде клуб мүшелерінің де қатары артты. Біздің де мақсатымыз кітапты насихаттау. Қазір Qyzylorda арнасында екі жобамыз бар. 10-11 сыныптарға арналған интеллектуалды «Ziyatker» сайысы және қалада кітап оқуға ынталы жандармен сұхбатқа құрылған «Велософия» хабары. Осындай жұмыстардың басында жүрміз, – деді Нұрболат Олегұлы.
Кітап – білімнің бастауы, мәдениеттің мәйегі. Елдегі кітап мәдениетінің дамуы қуантады. Кітапханаларға тарту етілген мыңдаған басылым, оқырман клубтарының көбеюі, жастардың интеллектуалды жобаларға атсалысуы – осының айғағы. Десе де, қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру үшін насихат жұмыстары үздіксіз жүруі тиіс. Өйткені кітап – тек білім көзі ғана емес, ұлттың рухани дамуының кепілі.
Динара ЖҰМАДІЛ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!