Көптеген адамдар қазіргі күнде кітап оқығанға қарағанда кино көре салғанды, романды толығымен оқып шыққанша оның желісінде түсірілген қысқа, не толық метражды фильмді көруді таңдайды. Қазіргі заман тенденциясы осы деп қарасақ, бұл қылық ақылға қонымды көрінеді, алайда, кітап оқитын адамдардың ойы ұшқыр, қиялы жүйрік келетінін көбісі біле бермейді. Оның құпиясы неде екен?

Кино көргенде адам алдына дайындап берген сюжет, көріністер ғана көрерменге ұсынылады. Бәрі дайын, ештеңені қиялдаудың керегі жоқ. Ал кітап оқыған несімен қызық?
Алдында ғана Гарри Поттер кітабын оқып отырғанда, жатар алдында он шақты бетін көз жүгіртіп оқи салайын деп ем, түнгі сағат екіге дейін қалың кітаптың ортасына қалай жеткенімді өзім байқамай қалыппын. Есіл дертім: “Гарри мен оның достарына енді не болады? Көк көзді, көзілдірік таққан бала Гарридің түрі қандай екен? Оқуда үздік, аса еңбекқор, жауапкершілігі жоғары Гермиона ше? Олардың мектебі Хогвартстың іші кітапта суреттелген әрбір деталімен алып қарағанда қалай болады екен?” деген сұрақтар. Соның арқасында мен бәрін көз алдыма елестетіп, оқиғаны өз миымда өрбіттім, қиялдың нәрімен сусындап жүрдім.
Кітапты толық оқып шыққан соң ғана фильмді көрген болатынмын. Сөз жоқ, фильмді керемет алған. Голливудтың әрбір жұмысы адамды бей-жай қалдырмасы анық, бірақ кітапты оқып шыққан адам ретінде көрген фильмге іштей күйіндім. Өзімнің жадымда қалған ерекше сәттердің кейбіреуі көрсетілмегенін, кітап оқығанда алған эмоцияларды фильмнен ала алмағаным мені қынжылтты. Әрине, екі сағаттық фильмге қалың кітаптағы барлық сәтті сыйдыру мүмкін емес, бірақ сөзімнің түйіні, кітап оқығанда кино көргенге қарағанда айтарлықтай айырымы бар сезімдер кештім.
Кітапты оқыған адамдардың әңгімелескенін көргенде, бұлар шынымен бір кітап оқыған ба деп қаласың. Бірдей кітап оқығанмен, әркім оны әрқалай елестетіп, соңында әртүрлі күй кешіретіні айдан анық.
Кейде фильм көргенде бір кейіпкерге еліктеп, бірақ бір жері ұнамай қалғанда одан көңіліміз қалатыны болады. Мысалға айтар болсақ, актердың рөлді толық аша алмауы, кейіпкерге мүлдем сәйкес келмеуі және тағы басқа. Ондай сәттер кітап оқыған кезде мүлдем кездеспейді деуге болады, себебі өз қиялында адам бәрін өзіне ұнайтындай етіп жасайды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кино көру – заманауи адамның өмірінің ажырамас бөлігі, алайда дәстүрлі кітап оқуды да тастамаған жөн. Кітап оқу арқылы адам тек өз қиялын дамытып қана қоймай, белгілі бір жағдайға қатысты өз пікірін, көзқарасын қалыптастыра алады. Маңызды жерлеріне тоқтап, өзіне керегін ала алады. Кітап – қай заман болмасын, адамның тұлғалық дамуының басты шарттарының бірі.
Расында, кітап па, кино ма? Бүгінгі күннің бетпердесі ашылған ең өзекті мәселенің бірі осы. Яғни ғасырлар тоғысында туындап отырған үлкен проблема десек те болады. Олай деп айтып отырған себебіміз, қазіргі жастардың кітап орнына кино көріп, айранның орнына вино ішіп жүргендігі. Буыны қатайып үлгермеген бұл буын өкілдерінің алдағы келешегі не болмақ? Сол туралы ойланып көрелік…
Әрине, бір кітапты бір киноға сыйдыра алатын талант шеберлері жетіп артылады. Кез келген кітабыңыздың әңгіме желісі қызықты да қызғылықты болса, онда бір кино кинотеатрға шыққалы тұр деп ойлай беріңіз. Алайда, сол киноңыз бір кітаптың бар міндетін бір бойына сыйдыра алмай жатса ше? Әңгіме осы жерден туындайды. Сіз қанша әдемі, тартымды кино көріңіз, сізге кітап сыйлайтын немесе сыйлай алатын құндылық пен мәдениетті тарту ете алмайды. Бұл турасында дауласып, жаға жыртысудың да қажеті шамалы. Мәселен, өзіңіз көріп шыққан он кино мен жақсылап оқып шыққан бір кітаптың ара-қатынасын саралап, әділ бағасын беріп көріңізші?! Жо-жоқ, өз-өзіңізді алдап, әйтпесе, жеңілмеудің тасасында қалып қалу жарамайды.
Шындығы осы, теледидар алдында шалқайып, қанша кино көріп жатсаңыз да, мейлі, отырсаңыз да сөздік қорыңыз бен тіл-орамыңызды жақсарта алмайсыз. Керісінше, жағымсыз кейіпкерлер мен анайы сөздер жаныңызға жақын барып алып, көп уақытқа дейін ой-санаңызды улап жүреді. Ал кітап оқып отырсаңыз, о, керемет, ғажап көріністер мен жазушы жеткізе алған оқиға желілері сізді басқа әлемге ертіп алып кетеді. Сол жақта сіз жақсы кейіпкердің істеген іс-әрекетіне бір сүйсініп, қапыда кеткен сәттерінде тісіңізді бір қайрап, кітап соңына дейін әлгі бас кейіпкермен (мейлі, ол әйел баласы болсын, ер адам болсын) тілектес болып шығасыз. Және көп уақытқа дейін өзіңізге мұңдас пен сырлас тапқандай күй кешіп жүретіңіз де өтірік емес.
Бар мінді киноға артып, қаралай беруге де болмас. Өйткені, киноның кітаптан артық бағаға ие болуы үлкен еңбектің арқасы. Және заманның ыңғайы мен арман-тілегін осы жерден көруге болады. Өздеріңіз білетіндей, адам баласына тұрақтылық жаға бермейді. Жаңаны көргісі, жақсыны білгісі келеді – адам баласының бар ғұмыры осымен өлшеніп жатады. Ең бастысы, жарнама!
Қорытынды мынау, кітап пен көркем әдебиетті қалдырмай оқып шығып, артынша шығып жатқан киноны көріңіз. Сонда барып салыстыра да, бағамдай да аласыз.

Ерсін ШАМШАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!