«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі.
Өзім білім ордасында кітапханашы болған соң, білім алушылардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру, жасөспірімдерге кітап оқудың маңызын ұғындыру сынды жұмыстарды үздіксіз жүргізіп келемін. Мәселен, Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде білім алушылар арасында «Не? Қайда? Қашан?» тақырыбында әдеби ойын өтті. Сайыста қазақ әдебиеті, тарих, қазақ киносы сынды түрлі тақырыпты қамтыған сұрақтар қойылды. Аталған іс-шараға білім ордасының 1-курс студенттері қатысып, өзара бақ сынасты.
Білім бәсекесінің «Не? Қайда? Қашан?» және «Алтын көмбе» кезеңдерінде қатысушы студенттер өздерінің білімдерін, ізденістерін көрсетті. Сайыс қорытындысы бойынша №24-1 оқу тобы жүлделі ІІІ орынды, №24-2 оқу тобы ІІ орын иеленді. Әдеби ойын барысында үздік ойын өрнегін көрсеткен №24-5 оқу тобы І орынды жеңіп алды. Белсенді білім алушылар колледж директорының дипломымен марапатталды.
Көптеген жасқа осындай игі іс-шараларды ұдайы ұйымдастырып, кітап оқуға баулу арқылы кітаптың баға жетпес байлық, асыл мұра екенін түсіндіре, сезіндіре алдық деген ойдамын. Оқитын ұлт қалыптастырудағы даңғыл жол осындай кішкентай қадамдардан басталары сөзсіз.
Алтынгүл САНСЫЗБАЙ,
Қазалы аграрлы-техникалық
колледжінің кітапханашысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!