Университеттің ғылыми кітапханасы бүгінгі күні білім алушылардың қоғамдық дүниетанымын қалыптастыратын, өмірлік бағытын айқындайтын ғылыми ізденіс пен таным орталығы. Қазіргі уақытта кітапхананы – әлеуметтік институт, кітапханалық қызмет көрсетуді – жеке  тұлғаны әлеуметтендіру бойынша жүргізілетін іс-шаралар деп қарау түсінігі кең тарауда.  

Ғылыми кітапхананың стратегиялық мақсаты – ақпараттық ресурстардың пайдаланушылардың барлық топтарына бірдей барынша қолжетімді болуы. Бұл мақсатқа жетудің маңызды құралы – заманауи электрондық кітапхана,сандық технологияларды қолдану, ғылыми қорды сақтау, басқару, мүмкіндіктерді кеңейту.

Мемлекетіміздің дамып, өркендей түсуі, барлық сала бойынша сапалы мамандармен қамтамасыз етілуі жоғары оқу орындарында берілетін білімнің негізінде болса, білім ордасының  маңызды құрылымы кітапханаға артылар міндет пен жауапкершілік ерекше зор.

Ғылыми кітапхана қызметкерлері – оқуға, оқытуға және білімге қол жетімділікті толық қамтамасыз ету мақсатында аянбай еңбек етіп, университеттің тыныс-тіршілігімен тығыз байланыста жұмыс жасап келеді.

Ғылыми кітапханаоқырмандарға 4 оқу және электронды зал, 3 абонемент, сирек кездесетін кітаптар және жатақханадағы кітап беру пункты арқылы қызмет көрсетеді.

Университет басшылығының қолдауымен білім алушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында, университет тарихында алғаш рет 2022 жылы ғылыми кітапхананың Студенттер сарайындағы қызмет көрсету бөлімі модернизациядан өтіп, жаңа үлгідегі заманауи OPEN SPACE форматындағы кітапхана іске қосылып, бүгінгі күні білім алушылардың рухани орталығына айналып отыр.

 Білім алушылар үшін кітапхана қызметін пайдалануда барлық жағдайлар жасалғаны үшін Басқарма Төрағасы-Ректор Каримова Бейбіткүл Сәрсемханқызына кітапхана қызметкерлері атынан алғысымыз шексіз!

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы – білім экономикасына көшуді қамтамасыз ету үшін креативті қоғам құруға бағытталған «Адами капиталды дамыту» бағыты бойынша қазақстандық жоғары оқу орындарының алдына міндеттер қойып отыр. Олар жаңа білімдер мен инновациялар орталықтарына айналуы, экономиканың басым секторларын білікті кадрлық ресурстармен қамтамасыз етуі, рухани-интеллигенттік элитаны тәрбиелеуі тиіс. Осы стратегиялық міндеттерді шешу барысында жоғары оқу орындары кітапханаларының ролізор,кітапханалық қызмет те инновациялық тұрғыда заманауи болуы тиіс.

Университеттің ғылыми кітапханасы жаңа технологияларды белсенді түрде игеріп, кітапхана ісін автоматтандыру жұмысын одан әрі жетілдіруде.   «МегаПро» электронды кітапханасы 24/7 режимінде жұмыс жасайды, кітапхана қызметін пайдаланушыларғақашықтан тапсырыс беруге мүмкіндік жасалған, оқырмандардың жеке кабинеті бар.

«Цифрлық кітапхана» жобасын жүзеге асыруда ғылыми кітапханада университеттің оқытушылары мен білім алушылары үшін отандық және шетелдік  сыртқы электронды базаларды пайдаланауға барлық мүмкіндіктер жасалған. Олар: Elsevier (Scopus); Web of Science Core Collection; Clarivate Analytics; SpringerLink;IEEE Xplore; отандық «ALEMBOOK», Республикалық  жоғары оқу орындары аралық электрондық кітапхана (РМЭБ) «Параграф» ақпараттық жүйесі; Республикалық ғылыми-техникалық кітапхананың ақпараттық қызметі,Тараз қаласындағы филиалы.

Сондай-ақ, отандық ашық электронды ресурстарды пайдалана алады: www.kazneb.kz– Қазақстандық ұлттық электронды кітапхана, https://adebiportal.kz/kz – Әдебиет порталы, https://kitap.kz/- онлайн патформа Ашық кітапхана,  http://library.kz/ – Орталық ғылыми кітапхана, https://www.okulyk.kz/ – жалпы орта мектептің оқулықтарының электронды кітапханасы, https://openu.kz/kz/books – Қазақстанның ашық кітапханасы, http://elibrary.kaznu.kz/kk/ – Аль-Фараби атындағы ҚҰУ электронды кітапханасы және т.б.

Бүгінгі күні университет кітапханасы білім алушылардың сабақтан тыс уақыттарын тиімді пайдалануда және рухани дамуында заманауи ақпараттық-танымдық орталыққа айналып отыр.

24 қазан – Кітапхана қызметкерлерінің кәсіби мереке қарсаңында, барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Отбастарына бақ-дәулет, еңбектеріне шығармашылық табыстар тілеймін.

Гүлмира Сатбаева

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті

ғылыми кітапхана директоры

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!