Кітап оқу – адамға өзіндік әсер етіп, оның адам болып қалыптасуында маңызды рөл атқарады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кітап оқу мен кітапханаларды қолдау қоғам дамуының басты міндеттерінің бірі екенін айрықша атап айтқаны баршаға белгілі. Мемлекет басшысының осы бағыттағы тапсырмасына сәйкес «Кітап оқитын мектеп – оқитын ұлт» жобасы аясында кітапхана меңгерушісі Жайна Рахменованың ұйымдастыруымен «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы өтті.
Бұл рухани акцияға үн қосу шеңберінде М. Шоқай атындағы №187 ІТ мектеп лицейінің 9 «Ә» сынып оқушыларыныңжәне сынып жетекшісі Ақтоты Өтешова мектеп кітапханасында «Кітапханаға кітап сыйла!» шарасын ұйымдастырды.
Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Дана халқымыз «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаса керек. Кітап білімімізді молайтады, кітаптан көп үлгі-өнеге мен тәрбие аламыз. Кітап оқу – адамға өзіндік әсер етіп, оның адам болып қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Кітап оқу мен кітапханаларды қолдау – қоғам дамуының басты міндеттерінің бірі екенін ескере отырып, оқушыларымыз кітапхана қорын әр саладағы көркем әдебиеттермен толықтыру, жас оқырмандарға қазақ әдебиетінің кітаптарын насихаттау, жастарды рухани және патриоттық тәрбиеге баулу, оқырмандарды кітап оқуға тарту мақсатында керемет кітаптарды тарту етті.
Кітапхана қорын жаңа дүниелермен толықтыруға бағытталған бағалы бастама басқа да жанашыр жандардың тарапынан кеңінен қолдауға ие болуда. Алдағы уақытта оқушыларға бос уақыттарын тиімді пайдаланып, үнемі іздену арқылы тұлғалық болмысын дамыту үшін жаңаша жетістіктерге жетелейтін көркем әдебиеттер мен ғылыми әрі танымдық кітаптарды жиі оқуды тұрақты дәстүрге айналдырса уақыттың үдерісінен табылары даусыз. Бұл – қазіргі кездің ең басты талабы.
«Кітап – білім бұлағы» демекші, кітап оқыған адамның әрдайым рухани байлығы, дүниетанымы кеңейіп, ішкі дүниесі тазаратынын білеміз.
Кітап сыйлау акциясына қатысқан оқушыларымызға алар асуларыңыз көп болсын, жолдарыңыз ақ болсын! – дейміз.
Жайна РАХМЕНОВА,
М. Шоқай атындағы
№187 ІТ мектеп-лицейінің
кітапхана меңгерушісі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!