Кітапханашы – қоғамның рухани әрі мәдени дамуына маңызды үлес қосатын мамандық иесі. Олар оқырман мен білім арасындағы дәнекер десек те болады. 21 қазан күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітап және қаламгер» атты республикалық семинар өтті. Аталған жиын Қазақстанның халық жазушысы Әбділда Тәжібаевтың 115 жылдығына және 24 қазан – кітапханашылар күні мерекесіне орай ұйымдастырылды.

Іс-шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов бірқатар маманға марапат табыстады.

Семинар жұмысына арнайы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының мамандары қатысып, өңір кітапханашылары үшін шеберлік сабақтарын өткізді.

Одан бөлек облыс кітапханашылары «Өрелінің өрісі кең» тақырыбында ұйымдастырылған интеллектуалды ойынға қатысты.

Семинардың екінші бөлігі әдебиет майталманы, Қазақстанның халық жазушысы Әбділдә Тәжібаевтың 115 жылдығына арналған іс-шаралармен жалғасты. Ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында ҚР ҰАК директорының кеңесшісі Айжан Табаракқызы, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Сыздыққызы әңгімелеп берді. Мереке соңында жастар ақын өлеңдерін жатқа оқып, қонақтардың қатысуымен ақынның ескерткішіне гүл қою рәсімі болды.

Кітапханашы – мәдениет пен білімнің сақшысы. Олардың еңбегі қашанда зор. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жылына 300-ден астам іс-шара өтіп, 32 мың оқырманға қызмет көрсетіледі. Одан бөлек облыста 209 мемлекеттік кітапхана халық игілігіне қызмет етіп келеді. Олар рухани тәрбиеші, білімді сақтаушы әрі оны ұрпақтан- ұрпаққа жеткізуші. Кітапханашы күнделікті еңбегі арқылы қоғамды дамытудың негізгі күштерінің бірі ретінде өзін дәлелдеп келеді. Олар халықтың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, оны дәріптеуге ықпал етіп жүрген білімнің жаршысы.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!