Бүгінгі таңда мультфильм жай ғана ойын-сауық құралы емес, идеологиялық қару, бала тәрбиесінің іргетасы және ұлттық кодты насихаттайтын көмекші. Әсіресе, цифрлық заманда көгілдір экранның алдында отыратын балалар саны артты. Қазіргі бала бесік жырынан бұрын, смартфоннан мультфильм көріп өседі. Бұл дегеніміз бала тәрбиені ең бірінші мультфильмдерден, әлеуметтік желіден алады деген сөз. Ал олар тұтынатын контенттің халі қандай? Біздің балалар не көріп өседі? Осы сұрақтар төңірегінде тереңірек толғанып көрейік.
Қазақ анимациясының тарихы ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастау алады. Оның негізін қалаушы – Әмен Қайдаров. 1967 жылы жарыққа шыққан «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі қазақ өнеріндегі нағыз революция болды. Бұл туынды тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық фестивальдерде жүлде алып, қазақ фольклорын әлемге танытты.
Әмен Қайдаровтың ізімен «Ақсақ құлан», «Қожанасыр», «Алпамыс батыр» сияқты классикалық туындылар дүниеге келді. Ол кездегі анимацияның ерекшелігі – әр қадр мұқият салынып, идеалға айналмай экранға шықпайтыны. Оларды теледидардан көрсетіп жатқан кезде балалармен қатар үлкендер де асыға күтеді. 90-шы жылдарда бұл сала біраз кенжелеп қалғанымен, тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жандана бастады.
Ұлттық анимацияның халі қалай?
Бүгінгі қазақ анимациясы туралы сөз қозғағанда, «Балапан» арнасын айналып өту мүмкін емес. 2010 жылы негізі қаланған бұл арна қазақ тілді контенттің негізгі тапсырыс берушісіне айналды. «Қазақфильм» және жекелеген студиялар арнаның тапсырысымен жыл сайын ондаған мультсериалдар түсіруде. Бірақ олардың сапасы қандай?
Ең бірінші «Балапанның» анимациялық туындыларына көз жүгіртсек. «Еркетай», «Сөйлейтін Том», «Бетперделі қаһармандар», «Ойыншықтар», «Пырақтар», «Киберқауіпсіздік» сынды мультхикаялар экран бетінде тұрақты түрде көрініс табады. «Еркетай» 2017 жылы жарық көрген туынды. Мазмұны ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатын жақсы орындайды. Дегенмен эфирлік уақытты толтыру үшін көрсетілетін туындылардың басым көпшілігі отандық өнім емес. Көбі қазақшаға аударылған дайын хикаялар. «Сөйлейтін Том», «Күшік пэт», «Пороро», «Жеңімпаз жеткіншек» сияқты анимациялық туындылардың кейіпкерлері балалар үшін ерекше жақын, қазір «Балапанның» алғаш көрермендерінің бала күндік «настольгия» сезімін оятады. Қазақстанда балалар контенті үшін дубляж жасау бұрыннан қалыптасқан дағды және біздің дубляж мамандарының шеберлігі өте жоғары. Тілі балаларға сай, көркем, тыңдай бергің келеді. Алайда тілі қазақша болғанымен, олардың ой-сана мәдениеті, визуалды көрінісі және мінез-құлық моделі мүлдем бөлек. Олардың тілі, жеткізуі қазақша болғанымен, ой-сана мәдениеті басқа арнада. Осы орайда әлемге әйгілі Диснейдің шығармаларын алайық. «Мұзды өлке», «Рапунцель», «Күлше қыз», «Моана», «Мулан». Шынын айтсақ, осы туындылар экран бетіне шықса балалардан бұрын өзіміз асыға күтеміз. Сапасы, өлең мәтіні, тіпті кейіпкерлердің образы көздің жауын алады, ал қоғамға салар ойын айту үшін бірнеше күн керек. Бірақ сіз оның ішінен қазақи нақыштағы білімді іліп ала алдыңыз ба? «Мулан» – Қытай үшін қиын кезеңді сипаттайды. Ғұн тайпасы елге шабуыл жасайды. Ердің киімін киген Мулан басқа жауынгерлерге қосылып, қар басқан таулардың етегіне қауіпті жорыққа аттанады. Онымен бірге мифтік құбыжықтан гөрі кішкентай ит сияқты көрінетін күлкілі айдаһар Мушу еріп жүреді. Ғалым Шоқан Уәлихан Аттилаға үлкен мән беріп А.Тьерридің 1856 жылы Парижде шыққан «Аттила тарихы» атты кітабын аудармақ болған. Ақын Мағжан Жұмабайұлының 1911-1922 жылдары аралығында жазған «Пайғамбар» атты өлеңінде:
…Ерте күнде отты Күннен Гун туған, Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам, – деген жолдар бар.
Өлеңге ұлы ақын өз қолымен «Гун – түркінің атасы» деп түсіндірме жазған. Сонда мультфильмде зұлым прототип біздің түп-тамырымыз ғұндар екен. Бірақ әлем оларды дұрыс танымады. Мультсериалдың басты мақсаты – әйел теңдігі. Алайда оған қарамастан шығарма адаптация рухты оятқаннан бұрын, халық ғұрпын дәріптеді. Кейіпкерлердің үстіндегі киім мен қолданатын қаруында ұлттық рух бар. Ал шығармада соңғы шайқас өткен жер – Сыхэюань. Бұл да мультфильмге әсерлі көрініс береді. Осы саланың нағыз маманы Әмен Қайдаров: «Бiз ұлт болып, егемен ел болып, мәдениетiмiз бен салт-дәстүрiмiздi дамытамыз десек, ең алдымен, тәрбиенi титтей бүлдiршiндерiмiзден бастауымыз қажет» – деп өмірінің соңғы күндеріне дейін болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие мен ұлттық құндылықты экран алдынан табуда бағыт-бағдар берді. Осы тарихи оқиға бізге Қытай елінің емес, ғұндардың көзімен баяндалғанда балалардың тарихи ақиқатқа көз жеткізуі, қызығуы әдет болар еді. Бірақ мұндай туындылар жоқтың қасы деп айтуға да болмайды. Бізде де ұлттық құндылықты насихаттайтын туындылар бар. Әсіресе, соңғы жылы «Шоқан. Қашқария сапары» атты мультхикая қазақ мультипликациясына жаңа дем берді. Ол туралы президент Қасым- Жомарт Тоқаев та мультфильм енді экран алдына шығып жатқан кезде өз пікірін білдірген еді.
– Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дамыту мәселесін қолға алу керек, – деді ол.
Қазіргі таңда жапондық аниме жанрының көпшілік алдына келуі де жөсөспірімдерге біраз шабыт беріп жатқаны рас. Мәселен «Жын жоюшы» туындысы 2025 жылы кинотеатрларға шығып, біраз көрермен жинады. Оны аударатын «Anidybys» командасының телеграм арнасында бір шығарылымның өзі 10 мың қаралымға жеткен. Бұл – үлкен жетістік. Команда көрермендер арқылы қаржыландырылып отыр. Оларға қолдау болмаса да студияның тиянақты жұмысы көрерменді тәнті етті.
Психологиялық үлесі қандай?
Жоғарыда атап өткеніміздей, «Сөйлейтін Том», «Күшік пэт», «Пороро» сынды анимациялық туындылар көсетілімде. «Пороро», «Жеңімпаз жеткіншек» туындылары «Балапан» арнасында қайта-қайта көрініс тапқанын байқадық. Олардың көгілдір экранда жүргені телеарнаның құрылған кезінен басталды. Осы орайда «балалар бұл контентті тұтынып, жалығып кетпей ме?» деген сұрақ туындайды. Бірақ олардың тілі бүлдіршіндердің жасына және даму жүйесіне сай. Қазақ туындыларының басқа елдерге қарағанда үлкен ерекшелігі осы. Себебі қазақша бағдарламалар мен хикаяларда рентингтің бала жасына сай болуы және жұмыс барысында психологпен ақылдасып, келісуі Қазақстанда ерекше бағаланады. Бұл туралы өзінің сұхбатында «Qazart studio-ның» басшысы, аниматор Қасиет Сафиолла айтып өткен еді.
– Әр жобаның кеңесшісі болады. Жаңағы супер қаһармандық, болмаса бала тәрбиесіне қатысты жобаларға келген кезде балалар психологымен міндетті түрде сөйлесеміз. Кейбір жобаларда тіпті команданың бір мүшесі ретінде осы жобаға қатысады. 2023 жылы болған «Сен білесің бе, балақай?» деген жоба болды. Ол жерде арнаулы, әр серияның сценарийін психологтың өзі жазып шықты.
Одан бөлек «Бетперделі батыр», «Жібек», «Дала ойындары» деген жобаларда балалар психологы ол жерде жұмыс істеді. Одан бөлек тарихи жобаларда, тарих бұрмаланбас үшін тарихи кеңесші жұмыс істейді. Сценарийді ақылдасқанда әр кезеңде сол кеңесшімен сөйлесіп, мақұлдағаннан кейін барып жобаны өңдіріске жібереміз, – деді ол.
Бұл онсыз да түсінікті дүние деп айтуларыңыз мүмкін. Алайда басқа елдердің ұлттық анимациясына көз салсақ басқа тұжырымға келуге болады. Мысалы атақты америкалық мультфильм, «Болашақ болжаушы» атанған «Симсондар» хикаясының рейтингі 14+, бірақ онда зорлық-зомбылық, әдепсіздік көріністері бар. Ол иронияға толы, балалардан гөрі ерексектерге арналған туынды дерсің. Мәселен «Симсондардың» 6 маусымының 6 шығарылымында Гомер есінен адасып, отбасын өлтіруге тырысады. Мұны үлгі болар сәт деп айту қиын. Одан бетер мұнда Американың ішкі саясаты да аралас келеді.
Трендтің тірегі жоқ
Кейінгі кездері әлеуметтік желі балалар контентіне үлкен қарқын әкелді. Әсіресе «YouTube Shorts», «TikTok» сияқты қысқа видео форматы баланың зейін қою қабілетін бұзуда. 15 секундтық жарқ-жұрқ еткен видеолардан кейін бала 20 минуттық мағыналы мультфильмді немесе кітапты қабылдай алмайды. Бұл «клиптік сана». Мұндай балалар мектепте сабақ үстінде отыра алмайды, терең ойлауға қабілетсіз, зейіні тұрақсыз болып қалыптасады. Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі трендтерге еліктеу балаларды ұлттық бейнеден, қарапайым адами құндылықтардан алыстатып, мағынасыз трендтің құрбанына айналады. Мәселен 1-2 жыл көлемінде пайда болған «Skibidi Toilet», «Хагги Вагги», «Лабубу» еліктеудің көрінісі. Бұған байланысты психолог Гүлшат Жұмағалиевамен пікірлестік.
– Мұндай образдарды күнделікті көріп жүрген бала агрессияны қалыпты деп қабылдай бастайды. Қымбат ойыншық болған соң бала өзін өзгелерден жоғары санайды. Яғни эгоцентризм мен басқаларды менсінбеуді, «менікі ғана дұрыс» дейтін баланың ойын қалыптастырады. Сонымен қатар егер басқа балада болмаса, өзінде жоқ та, реніш, қызғаныш, өзін төмен бағалаудың сезімдерін оятады, – деді ол.
Көп ата-ана балам қатардан қалмасын деп баланың сұрауын орындайды. Алайда балаға келген кезде тұтынушы сұрауы жоғары болуы керек. Олардың түпнұсқасының ең арзан түрі 30-50 мың теңге тұрады. Ал біздің қолданыстағы ойыншықтар – арзан көшірме.
Осы тәуелдікке әкелетін видеолар да күдік тудырады. «NeuroImage » журналында жарияланған мәліметтер бойынша «Shorts» психологиялық ауру тудыруы мүмкін. Қытай ғалымдары 17-30 жас аралығындағы 111 студентке зерттеу жасап, оның 100 %-ы қысқа бейнелер жарияланатын қосымшаларды тұрақты түрде қолданатынын анықтады.
Магниттік-резонанстық томография сканерлеу кезінде олардың орбитофронтальды қыртыс пен мишығында сұр заттың ұлғаюы байқалған. Бұл шешім қабылдау және эмоцияларды реттеуге жауап беретін аймақтар. Зерттеу нәтижелері «Shorts» ұйқының бұзылуына, есте сақтау қабілетінің төмендеуіне және эмоционалды тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін екенін айқындады. Бұл «YouTube » желісінің әсері, ал әлеуметтік желіде бұл мәсәле қалай орнады?
«Kaspersky» қосышасының жасақтаушылары 2025 жылы «Балалар интернетте не істейді?» атты ақпаратты жариялаған еді. Соның нәтижесінде балалар «brainrot » контентін көп тұтынатынын байқадық. «Brainrot» – мидың шіруі деген мағына береді. Бұл – сапасы немесе құндылығы төмен интернет- контент. Оның ішіне генеративті жасанды интеллект жасаған контент те кіреді. Жүйе жасақтаушыларының айтуынша, балалардың топ-контент қатарына осы қолданбалар кіреді. Олар «мемдер» қатарында. Барлық контенттер бойынша 4 орында және 4,87%-ды құрайды. Бұл «Кто сильнее: Tralalero Tralala или Tung Tung Tung Sahur?» сынды контент қатары танымалдыққа ие екенін көрсетеді.
Бұл мәселе қазір де тек ата-аналарды ғана емес, билік басындағыларды да біраз алаңға салды. Осы орайда оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова балалардың интернеттегі қауіпсіздігін арттыру бағытында жаңа бастамалар қарастырылып жатқанын атап өтті.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметте өткен баспасөз брифингінде балалар контенті туралы айтқан еді.
– Бұл – өзекті мәселе. Бүгінгі таңда біз бірнеше ұсынысты қарастырып жатырмыз. Оқу-ағарту министрлігінде балаларды құқыққа қайшы контенттен қорғау мақсатында жұмыс тобы құрылды. Нақты тәсілдер бар, көптеген мемлекетте олар қолданылады. Бұл мәселе ашық күйінде тұр. Оны қоғаммен, соның ішінде ата-аналар және педагогтар қауымдастығымен, БАҚ өкілдерімен бірлесіп талқылаймыз, – деді министр.
Сонымен қатар, Жұлдыз Сүлейменова нақты қандай жұмыстар қолға алынғаны туралы да атап өтті.
– Бірінші тәсіл – балаларға арналған SIM-карта арқылы тіркеу. Екінші тәсіл – 14 жасқа дейінгі балалардың құқыққа қайшы контентке қолжетімділігін бақылау әрі шектеу мүмкіндігін енгізу. Үшіншіден, мектептерде цифрландыру, медиа сауаттылық жөнінде пәндер бар. Осы пәндер аясында біз балаларға цифрлық кеңістікте сауатты әрі жауапты болу жолдарын үйретеміз. Балалар үшін әлеуметтік желілерді шектеу мәселесін медиамен, ата-аналар қауымдастығымен талқылау қажет. Жұмыс тобы құрылды, бұл мәселе әзірге ашық тұр, – деді министр.
Бүгінгі таңда балалар контенті – жай ғана ойын-сауық емес, бұл ұлт тағдыры. Біздің ел тарапынан жаңа мультфильм мен сапалы контент көбейіп келе жатыр. Алайда желідегі шетелдік, ЖИ арқылы жасалған контент, жеңіл-желпі туындылар балалар санасының қалыптасуына үлкен әсер береді. Кінәні өзгеден іздегенше, өзімізден іздеген жөн. Себебі Қазақстанда «Шоқан», «Еркетай », «Қазақ елі» сияқты анимациялық жобалар өндірісте және жоспарда, қолданыста бар. Бірақ ата-ана тарапынан саналы түрде балаға тек телефон беріп, оның жағдайына қызығушылық жоқ. Нәтижесінде бұл мәселенің өзектілігі артты. Біздің тараптан кеткен кемшілік кейін баланың болашағына балта шабуы мүмкін. Сол себепті балалардың тұтынатын контентін саралап, қадағалайық. Өйткені бүгінгі экран алдында отырған бүлдіршін – ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат.
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
