SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ресейлік әнші Акмальдың (Akmal’) Петропавлда өткен концерті кезінде айтқан сөзі әлеуметтік желілерде үлкен шу туғызды. Өнерпаз көрермен сыйға тартқан көк-сары түсті пакетке қатысты әзілімен көпшіліктің ашуын келтірген.

Бейнежазбада бір көрермен сахнаға ішімдік салынған көк-сары пакет береді.

Сол сәтте әнші: «Мына пакетті өртеп жіберіңдер, түсі ұнамай тұр», — деп айтады. Бұл пікір залдағыларды күлдіргенімен, желі қолданушылары мұны мүлде қалжың деп қабылдамады.

Интернеттегі талқылаушылар пакеттің түсі Қазақстан туының реңктеріне ұқсайтынын атап, мұны ұлттық рәміздерге құрметсіздік деп бағалады. Пікірлер бөлімінде ашулы жазбалар қарша борады:

«Яғни оған біздің туымыздың түсі ұнамай ма? Онда неге Қазақстанға келіп концерт қойып жүр?», «Мұндай сөз айтқан адамды елімізге кіргізбеу керек!», «Бұл — сахнадағы қорлау, өнер емес!»

Дегенмен кейбір желі қолданушылары әншіні қорғап шықты. Олардың айтуынша, Акмальдың сөзі саясатқа немесе ел рәміздеріне қатысты емес, жай ғана жеңіл әзіл болған.

Алайда дау басылған жоқ. Қазақстан тарапы Акмальдың алдағы концерттерін өткізуден бас тартты. Қостанай, Өскемен және Павлодар қалаларындағы концерт залдары әншіге түрлі техникалық себептерді алға тартып, концертті өткізбеу туралы шешім қабылдаған.

Акмаль Абдулхалитович Ходжаниязов — Ресейлік музыкант, ұйғыр ұлтынан, Түрікменстанда туған. Ол «Из-за тебя», «Вдоль дорог» және «По полюшку» әндерімен танымал. Бұған дейін ол Қазақстан бойынша гастрольдік турға шыққан еді, алайда енді бұл сапардың жалғасуы екіталай.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!