Қазақстанда жаңа қызметтің енгізілуіне байланысты арнайы ХҚКО-ларда кезек көбейді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Енді қазақстандықтар көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін цифрлық және әріптік белгілері бойынша өз қалауы бойынша таңдай алады. Бұл өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Осыған байланысты 5 қаңтарда еліміздің бірқатар өңіріндегі арнайы ХҚКО-ларда ұзын-сонар кезек пайда болды.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларда, әсіресе Ақтау мен Алматыдағы арнайы ХҚКО-ларда адам көп жиналғаны көрінеді.

Аталған жағдайға байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі пікір білдірді. Корпорация мәліметінше, мемлекеттік тіркеу нөмірін еркін таңдау мүмкіндігі туралы ақпараттың кеңінен таралуына байланысты арнайы ХҚКО-ларда қызмет алушылар саны артқан.

Сонымен қатар, барлық арнайы ХҚКО қалыпты режимде жұмыс істеп жатқаны, азаматтарға қызмет көрсету әдеттегі тәртіппен жүргізіліп жатқаны және ақпараттық жүйелерде ешқандай техникалық ақау тіркелмегені айтылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!