Қоғамдық көлікке жиі мінесіз бе? Автобустағы мына оқиғалар мені ойладандыра түсті.
Қала орталығындағы аялдамадан автобусқа үш адам мінді: бірі – орта жастағы ер кісі, екіншісі – жасы үлкен әйел, үшіншісі – шамамен 1-2 сынып оқушысы. Екі орын бос тұр. Жас болған соң «Қазір бір үлкен кісі келіп отырар» деп, орындыққа жайғаспадық. Бір орынға ер кісі жайғасты, екіншісіне оқушы отырды.
– Балам, маған орын берші, – деді бейтаныс әйел.
Бүлдіршін естімегендей кейіп танытты.
– Уступи мне место, – деді әйел тағы да.
Бала оған да көнбеді. Басын үстіндегі күртешесімен жауып алды.
– Ерегесіп отыр ғой, – деп біреу үн қатты.
Сол кезде жаңағы аялдамадан мінген ер кісі баланы жұлқылай бастады. Бала болса одан бетер ашуланды. «Берілмеймін!» дегендей, міз бақпауға тырысты.
Оған қарап тұрған әйел:
– Ерегесіп тұр ғой, отыра берсін, – деді.
Сол кезде жаңағы ер кісі баланың басынан бір ұрды. Әйел тек күліп қана қоя берді.
Бір аялдамадан кейін бала жылап:
– Остановите автобус, – деген күйі ағыл-тегіл көз жасынан сөзін жалғастыра алмады.
Автобустағы жолаушылар ештеңе демеді. Мен де не ойларымды, не істерімді білмедім. Алайда болған оқиғадан жайсыз сезімді бастан кешкенімді жасырмаймын.
Тағы да бір аялдама.
Автобусқа үлгерсем екен деп асыға жүгірдім. Абырой болғанда, қоғамдық көлік уақытында келе қойды. Міндім. Біраз ентігіп қалдым. Демімді басамын дегенше, бір оқиғаның куәгері болдым.
Жан-жағымда үлкен кісілер көп екен. Бірінші аялдамаға тоқтадық. Жасы үлкен әже автобустың артқы есігін ашуды сұрады. «Менде мүгедектік бар», – деп айтып, өзі қалаған жерінен түсті.
Келесі аялдама. Қолында кішкентай қызы бар әйел артқы есікті ашуды сұрады. Алдағылар түсіп болған соң есік ашылатын шығар деп, мен де тұра бердім. Бір мезетте автобус орнынан қозғалып кетті. Түсемін деген кісі одан сайын дүрбелеңге салынып, айғайлай түсті. Естігенім:
– Неге тоқтатпайсыз? Сізге айтып тұрмын.
– Төлемақыны көрсетіп, алдынан түсіңіз!
– Басыңа келсін! Неге ауырып тұрған кезде осылай істейсіңдер? Көріп тұрсың ғой, қасымда қызым бар. Емнен жаңа келе жатырмын, – деп, келесі аялдамаға дейін осы кісінің айғайын естумен болдық.
Келесі аялдамада да бәрі түскенін күтпей, автобус жылжып кетті. Бірақ жолаушылардың бәрі наразылық танытып, көліктің ішінде айқайға салды. Оған дейін ызаланған кісі де сол бекеттен түсіп қалды. Ол түскеннен кейін – үнсіздік… Сол сәтте ойланып қалдым. Біз бір-бірімізге тым қатал емеспіз бе? Қоғамда қайырымдылық, түсіністік, жанашырлық деген сөздер тек қағаз бетінде қалып бара жатқан жоқ па? Осы оқиғадан соң автобус ішінде тыныштық орнаса да, менің жүрегім тыншымай келеді.
Мерей ШӘКРАТ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!