Фото: ашық дереккөзден

Адамзат баласының әрбір күні – мереке. Мұнымен айтпағым, 8 млрд 73 млн тұрғыны бар жер бетінің әйтеуір бір түпкірінде әлдебір ел немесе беймәлім этнос өкілдері қалыптасып қалған қандай да бір мерекелерін тойлап жатуы ықтимал.

Ең жарқын естеліктер бала күнгі әр мейрамда ғажайып күтуден бастау алатыны ақиқат. Еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін асыға күтетін атаулы даталар бар. Бас қосуға желеу, көңілге демеу болған мерекелер мен той-томалақтың бүгінде түрі көп. Дегенмен бізге барлығы бірдей керек пе? Қоғамның дамуына қандай әсері бар?

Дамыған елдер қатарында көш бастап тұрған АҚШ-та мемлекеттік мерекелер жыл ішінде небәрі 10 күнге белгіленген. Бірқатарын атап өтер болсақ, олар қаңтардың үшінші дүйсенбісінде Мартин Лютер Кинг күнін, ақпанның үшінші дүйсенбісінде Президент күнін тойлайды. Ал тәуелсіздік күні шілденің 4-і болса, қыркүйектің бірінші дүйсенбісінде Еңбек күнін және ардагерлер күнін қарашаның екінші дүйсенбісінде атап өтеді. Жалпы алғанда бұдан басқа да штат деңгейінде жергілікті аталып өтетін «заңды» мерекелері бар. Дегенмен азаматтардың жұмыстан демалыс алатын күндері тек жергілікті басқарманың шешімдеріне байланысты.

Дәл осы дамыған 30 елдің қатарында екінші орынға жайғасқан Австралия жыл сайын бас-аяғы 20-ға жуық мереке тойлайды екен. Мәселен ақпанның екінші аптасында оларда «Корольдік регата» өтеді. Хобартта (Тасмания) корольдік регата алғаш рет 1838 жылы белгіленген. Содан бері бұл Австралиядағы ең танымал, әрі жыл сайын өтетін ең көне спорт жарысы ретінде жалғасын тауып келеді. Сондай-ақ 21-22 наурыз күндері қазақ халқы «күн мен түннің теңелетін шағы Әз-Наурыз» мейрамын тойлап жатқанда Австралияда бұл күндері «Үйлесімділік күні» (день гормоний) атап өтіледі. Бұл мерекенің мақсаты – барлық ұлтты нәсілдік кемсітуге қарсы біріктіру. Қызғылт сары түсті лентаны басты символ еткен мереке нәсілшілдікке қарсы күресуге үндейді.

Жоғарыда аталған мемлекеттер алдыңғы қатарлы дамыған елдерден келтірілген мысал екенін еске сала кетейік. Сондықтан маңызы бар даталарда да жұмысқа баса назар аудару бұл елдерде қалыпты жағдай.

Ал өкініштісі, әлемдік санақ бойынша той жасау мен халықтық мерекелер өткізу жағынан кедей елдер алдыңғы қатарда көрінеді. Мәселен, Үндістанда жылына 100-ге жуық ресми-бейресми мерекелер тойланады екен. Бұл жайлы жазушы Лира Қоныс өзінің «Қазақша минимализм» атты кітабында былайша баяндайды:

– Этнолингвистикалық жоралғылардан аттап өте алмай жатқан елдің бірі Үндістан. Тіпті мұндағы мерекелер хаос жағдайында, мистикалық түсінікке жеткен. Кернейлер, цимбалдар, монахтар мерекесі Ладак, одан шығып әр көктем сайын Одишалық Чхау би мерекесі, Махабхаратадағы Драупатидің құрметіне сүт құйылған қазан арқалап жүру жоралғысы, жазда өтетін Наг Панами – жыландарға табыну мерекесі, маусымда өтетін Деви Камахьян мерекесі, Холи, Кумух Мела, Монифест, Дивали… ең соңында әулие деп санайтын Ганга өзеніне шомылып «күнәдан тазару». Үндінің киносы мен сериалдарынан күн құрғатпай көріп отырсыздар. Сонда бұл жұрт қашан жұмыс істейді? Қашан білім алады? Бүгінгі дамушы Үндістан билігі осы той-томалақпен күресіп әуре. Қанша күрессе де консервативті көзқарас жеңілер емес. Соңғы он жылдықта ғана орынсыз той думанның арасынан тырмысып шығып, өркениетке көш бетін бұрды, – дейді ол өз еңбегінде.

Ал Қазақстанда атап өтілетін мерекелерді бірнеше топқа жіктеп қарастырайық. Мемлекеттік және ұлттық мерекелер қатарында: жаңа жыл, халықаралық әйелдер күні, Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні, Астана күні, ҚР Конституциясы күні және Тәуелсіздік күні бар. Аталған датаның барлығына дерлік демалыс қарастырылған. Сенбі не жексенбі күндеріне тура келген жағдайда демалыс тағы бір күнге ұзартылады.

Елімізде діни мейрамдардың ішінде жоғары маңызға ие – Құрбан айт мерекесі. Үш күнге ұласатын бұл мейрамның демалысын Еңбек министрлігі діни басқармамен бірлесе отырып белгілейді.

Сонымен қатар, елімізде 60-тан аса кәсіби мереке түрі бар. Әртүрлі мамандық иелерінің құрметіне белгіленген даталар ресми демалыс күндері болып саналмайды.

Күнтізбедегі мерекелер тізіміне жыл сайын өзгеріс еніп, атаулы күндердің саны артып келе жатқаны жасырын емес. Дегенмен оның астарына үңіліп жатқандар бірен-саран.

– Дамымаған елдердің билігі халықты алдарқату үшін әртүрлі құйтырқылыққа барады. Соның бірі жалпы халықтық мерекелер ұйымдастыру, той жасау. Халықтың дамуға, жетілуге деген санасын ойын-сауықтық сұраныспен толтыру. Санасы арзан ойын күлкімен толған елдің саяси жағдайды сұрыптауға мұршасы болмайды. Оның басы тойдан, сауықтан бос емес.

Барлығын діни және этникалық шеңберде ұйымдастырғандықтан халық мұндай мерекені талқылап, керек пе, жоқ па дегендей жаңа түсінікті қажет етпейді. Өйткені, халық этникалық танымдағы нәрселерге барлық уақытта құрмет білдіреді. Мысалға жүгінейік, бір белсенді ортаға шықсын да: «Ағайын, Наурыз мерекесін дүрмектетіп тойлатпай- ақ, сол күні жұмыста болсақ, бауырсағымыз бен көжемізді үйден істеп ішіп, кешкісін отбасымызда мерекелесек болмай ма?» – деп ұсыныс тастап көрсінші. Не болар екен? Халық ойланбастан «бұл ұлттық құндылығымызды таптау» деп аттандайды. Олардың ішінде үйінде көже пісірмейтін, 22 наурыз күні түске дейін болса да шапан кимейтін адамдар да болуы мүмкін. Өйткені, наурыз мерекесі – этикалық дилемма деңгейінде қабылданады, – дейді Лира Қоныс.

Той – халықтың қазынасы. Қадыр ақын «Ойлай да білген адамға тойлай да білу лайық» дейді. Әуелі ойлай білейік. Ойсыз тойлау орға жықпасын.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!