Елімізде NEET санатына жататын жастардың деректер базасы қайта қаралды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері негізінде NEET санатындағы жастардың деректер базасы қайта қалыптастырылды. Ол бойынша аталған санатқа жататындардың 4 тобы бар. Алдымен, жұмыссыз жастар. Яғни оқу орнын бітірген, бірақ жұмыссыз. Осы санатта бас бостандығынан айрылғандар мен мерзімді әскери қызмет өтеп, жұмыссыз жүрген жастар да бар. Екінші топ – еңбекке қабілетті, бірақ мүмкіндігі шектеулі жандар. Үшінші, белсенді емес жастар. Олар алкоголь мен есірткіге тәуелді немесе құмар. Созылмалы аурудан зардап шегіп оңалтудан өтіп жүрген жастар»,- деді Данияр Қадыров ОКҚ-де өткен брифингіде.

Сонымен қатар аталған тізімде жұмыс іздеуге немесе оқуға талпынбайтын жастар да бар.

«NEET-тің соңғы санатына үй шаруашылығындағы жастар мен әйелдер, сондай-ақ көпбалалы және жалғыз басты аналар кіріп отыр», – деп түсіндірді ол.

Бұған дейін Д. Қадыров жастар санатына кіретіндер саны ұлғаюына байланысты жеңілдікпен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына өзгерістер енгізу қарастырылып жатқаны туралы айтқан еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!