Театр – мәдениеттің ұйытқысы әрі өнердің ең биік саласы. Эстетика пен руханияттың қайнар көзі болған театр сахнасында ұлттық құндылықтарды сезінуге болады. Сол себепті де, театр өнері таза, асыл деп бағаланады. Ал театр көрермені – жай билет алып, спектакльді көріп қайтатын адам емес. Ол өнердің қадірін түсінетін, рухани тыныштықты бағалайтын жан. Соған орай өнер ордасының да өзіне тән әдептері бар.

Театрға келетін адамдарға қойылатын талаптардың бірі – сыртқы киім. Мұнда күнделікті жай киіммен емес, сәнді немесе классикалық үлгідегі киіммен келген жөн. Бұл қойылымға және өнерге деген құрмет, әрі өзге көрермендерге де эстетикалық әсер береді.

Театр әдебінің келесі талабы – қойылым басталмай тұрып залда болу. Әрдайым көрсетілген уақыттан 15 минутқа ерте келуге тырысыңыз. Уақытында келмей, қойылым жүріп жатқан кезде кірсеңіз, өзгелердің назарын бөлесіз. Қойылым барысында орын ауыстыруға, дауыс көтеріп сөйлеуге болмайды. Өркениет бастау алған жерде өзіңізді мәдениетті ұстағаныңыз жөн.

Театрға келгенде телефонды өшіру немесе оны дыбыссыз режимге қою өте маңызды. Смартфон дыбысы залдағы тыныштықты бұзып, көрермендердің көңілін бөліп, актерлердің ойынына кедергі келтіруі мүмкін. Тіпті SMS немесе хабарлама келгенде экранның жарығы жаныңыздағы адамдардың назарын аударады. Тағы айта кететін жайт, спектакль жүріп жатқанда сөйлемеу – әдептің бір бөлшегі. Күлкі, сыбыр, артық қозғалыс – көрерменнің қойылымнан алған әсерін бұзып қана қоймай, сахна мамандарына кедергі келтіреді, өзіңіз де қойылымнан ләззат ала алмайсыз.

Қойылым аяқталған соң міндетті түрде орныңыздан тұрып, өнер майталмандарына қошемет көрсетіңіз. Сіз бір сағат тамашалаған спектакльге бұл жандар қанша тер төгетінін ескеріңіз. Бірақ көрерменге белгілі бір уақытта ғана, яғни спектакль соңында немесе әсерлі сәттерде қол соғу – әдептілік болып саналады. Қойылымның ортасында, кішкентай үзілістерде қошемет көрсету – тек әртістердің жұмысына кедергі келтіріп, көрермендерге ыңғайсыздық туғызады.

Көрермендер залдан шығып кетуге асығады. Қойылымның толық аяқталуын күтіп, әртістерге ризашылық танытып, сыйлық сыйлап, асықпай залдан шығу – мәдениеттіліктің белгілері. Сондай-ақ қойылым туралы ой-пікіріңізді спектакль аяқталған соң немесе үзіліс кезінде білдіргеніңіз абзал. Егер гүл сыйламақ болсаңыз, оны актер көрермендерге иілгеннен кейін табыстаңыз болады. Сүйікті әртіспен суретке түсу ниетіңіз де болса, олардың фойеге шыққанын күтіңіз. Сахнаға суретке түсу үшін шығуға рұқсат етілмейді.

Қойылым тақырыбына сай көркем стильде киініп, уақытылы орынға жайғасып, театр ұжымына қошемет білдіру аса қиындық тудырмайды. Керсінше сізді рухани байытады. Театрға келген әр адам осы қарапайым ережелерді сақтаса, қойылымның әсерлі, мағыналы өтуіне өз үлесін қосады. Театр әдебін сақтау – өзімізге де, өнерге де сыйластықпен қарау.

Айсара МЕЙРАМБЕКОВА,
11-сынып оқушысы,

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!