Kyzylorda-news.kz. Қазақстанның батыс аймағындағы жұртшылық көрісу айт мерекесін ерекше атап өтеді. Бұл мереке Маңғыстау мен Орал өңірінде кең тараған.Бұл күні кейінгі буын өкілдері жасы үлкен адамдарға арнайы барып сәлем береді. Кең даланы ен жайлаған бабаларымыз үшін қыстан аман шығудың маңызы зор болған. Ал, көктем келіп, жер ана жаңарған шақта бір-бірімен сағынысып жүздеседі. Ең бастысы, көрісу кезінде адамдар арадағы өкпе-ренішті ұмытып, ағайын-туыстың амандығын тілейді. Бұл күні оралдық өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, қалалықтарға ерекше қуанышты көңіл-күй сыйлады. Ал, аға ұрпақ өкілдері көне дәстүрдің тәрбиелік мәні ерекше дейді. Бұл күннің шығу тарихына қатысты ғалымдар әрқилы пікір айтады. Кейбір зерттеушілер күнтізбенің ауысуымен байланыстырса, енді бірі наурыз мерекесінің басы ретінде қабылдайды. Мәселен, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Бөкенбайұлы Сабыр көрісу айты туралы өз ойымен бөлісті.«14 наурыз «Көрісу айты» – көрісу күні емес. Ауызекі тілде көрісетін күн дегенмен, бұл бір күнмен шектелмейтін мейрам. Ежелде күллі қазақ даласында болған мереке, кейін ұмыт қалып, Батыс аймақтарында сақталған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазбаларында ертеде «14 наурыз, ескіше 1 наурыз көктемнің бірінші күні деп қазақ «Наурыздама» тойлайтын еді, Ол 8, 9 күнге созылатын еді» дейді. Яғни 22 наурыз күн мен түннің теңелуі, мерекенің шыңы. Қыс мезгілінің толық бітуі. Ал қыстан аман-есен шыққан қазақтар, қыс бойы бірін-бірі көре алмаған ағайын туыс, қозыдай жамырасып көрісіп, «бір жасыңмен» деп амандасатын болған. Оның шектеулі күні жоқ, наурыздың 14-нен бастап 1 айға дейін қыстай көрмеген ағайындар іздеп келіп, қауқылдасып көрісетін болған», – дейді Мұрат Сабыр.Ғалым сөзін ұлы Абайдың «Жазғытұры» өлеңінде осы жәйтті сипаттағанын атап өтумен жалғастырды.Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,Масатыдай құлпырар жердің жүзі.Жан-жануар, адамзат анталаса,Ата-анадай елжірер күннің көзі.Жаздың көркі енеді жыл құсымен,Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.Шаруа қуған жастардың мойыны босап,Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.«Көрісу айты» дәстүр ретіндек Кеңес заманында да ауылдарда жақсы сақталды. Таңертең ерте тұрып, жастар үлкендермен амандасады. Балалар үй-үйді аралайды. Оларға үлкендер тәтті тоқаштар, бауырсақтар береді. Негізі үш үйдің есігін ашып, көрісіп шығу керек.Әжелеріміз сандықтарын ашады. Қыстай киілмеген киімдер болса, олар да күн көрсін деп сыртқа, күн көзіне іледі. Бауырсақ пісіріліп, қазан асылады, көже қайнатылады. Ұлыстың ұлы күні – күллі қауымның жыл бітуімен, жаңа жылдың, жаңа күннің, Наурыздың тууымен бір-біріне ақ тілек тілеуі, өкпе-наздың ұмытылуы.Бұл исламға дейінгі, монғолға дейінгі сонау көне түркі замандарынан қалған мереке. Ислам діні жетпеген Сібір түркілерінде де осыған ұқсас мейрамдар бар. Мәселен, Якутияда, Саха бауырларымыз маусым айында 22-24-терінде ұлттық мерекесін тойлайды. Ол «Ысаах» деп аталады. Өз басым екі рет қатысып, куә болдым. Біздің наурызымыз сияқты мереке. Ұлттық ойындар ойналып, ұлттық тағамдар пісіріліп, келген қонақтар қымызбен аласталады. Көктемнің шығуы, жаңа күнді қарсы алу. Халық далаға шығып, бір-бірімен қол ұстасып, дөңгеленіп тұрып, өлең-жырларын айтып, күнді қарсы алады.Оғыздарда, әсіресе Анадолы түріктерінде көрісу мерекесі бар. Жастар үлкендердің қолын сүйіп, маңдайына тигізеді. Балаларға үлкендер тиын-тебен, кәмпит, бауырсақ береді. Сондықтан «Көрісу айтының» тамыры тереңде.Соңғы кезде біреулер «айт» сөзіне үркіп, бұл діни сөз, тек «ораза айт пен құрбан айт» дегенде қолданылады, «көрісу күн», «амал меркесі» деп айтқан дұрыс деген де пікірлер білдіріп жүр. Ежелден біздің Батыс Қазақстанда «көрісу айты» деп аталады. Әрине, «айт» араб-парсы тілінен кірген кірме сөз. Қазақ тілінде 15 пайыз араб-парсы тілінен кірген кірме сөздер бар. Мысалы, мектеп, медресе, кітап, дәптер, мешіт тағы басқа. Кірме сөз қазақ тіліне қызмет жасау үшін кіреді де, сол ұлттың сөзіне айналады. Сол ұлттың таным-түсінігіне бағынады. «Айт» сөзі «мереке, мейрам» мағынасында қолданылып, сіңіп кеткен. Сондықтан қазақтар ежелден «Көрісу айты» деп қолданған. Бірақ бұл діни мейрам емес.Маңғыстауда «Амал мерекесі» деп айтады. Бұл да дұрыс шығар. Бірақ амалдар жыл бойы, әр ай сайын болатын табиғат құбылысы, табиғаттың күрт өзгеруі. 14 наурыз амал – жаңа жыл, көктемнің бірінші күні, осы күні қар да жауады. Күні кеше ғана, яғни 13 наурызда ақша қар жауды. Оны наурыздың ақша қары дейді. Үлпілдеген аппақ қар. «Қыз Жібектің ақтығы. Наурыздың ақша қарындай» демекші, мұндай қар тез еріп кетеді. Осындай қарды кейде «құс қанаты» дейді. Басқа амалдар тойланбай, ең ерекше амал 14 наурыз тойланып, ол салт дәстүрге айналып, ұлыстың мерекесіне, айтына айналған.Өкінішке орай, біздің қазақта ай мен амал аттары шатастырылып жүр. Мәселен, көкек айының аты, осы айдағы күннің жылынуы сәуір (Сәуір болмай, тәуір болмас), әсет айының аты, шілде амалдың аты (қырық күн шілде), тамыз айының аты, сүмбіле амалының аты (Сүмбіле келсе, су суыйды), қыркүйек айының аты, мизамшуағы амалы. Ал наурыз айының 14-інен де әртүрлі амал кезегімен келеді, құс қанаты, отамалы (күн қайта суып, мал шығын болады), бес қонақ, құралай және тағы басқа. Қазақ даласы ұланғайыр, батыс салқын, арқа аяз, оңтүстік жылы болғасын, әр аймақта амалдардың келуі де, мерзімі де, аталуы да өзгеріп отырады.«Көрісу айты» Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облысының кей аудандарында, Қарақалпақстан, Түркіменстан қазақтарында, Ресей Федерациясының Саратов, Самара, Орынбор, Астрахан аймақтарында сақталған.Әрине, ғалымның пікірі көңілге қонымды. Дегенмен, тағы бір филология ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті Азамат Мамыровтың да бұл орайда өзіндік пікірі бар. «Көрісу – айт емес, бұл көрісу күн. Негізі осы көрісу күнін мына жайықтың жұрты, әр жағындағы Атырау, Каспий елі тойлайды. Кейбір ішінара Ақтөбенің мына Оралға жақын ауылдары тойлайды. Қала берді, соңғы уақытта мынау интернет желісіндегі адамдар арасындағы қарым-қатынасқа байланысты оңтүстік өңірлерде де көрісу күніне байланысты жақсы іс-шаралар атқарылып жатқанын байқаймыз. Әрі достарымыздың өзі көрісу күнімен деп бүгін таң атқалы айтып, құттықтап жатыр. Көрісу күні бұл адамзат баласын, соның ішінде қазақты бір-біріне жақындастыратын үлкен бір жақсы күн. Үлкендерге барып сәлем беру, аға буын мен іні буын арасындағы сабақтастықты жалғайды. Және бұл жалпы қазақтық сипат алған мереке. Тек қана атауы сәл өзгеше, мынау оңтүстік өңірлерде де наурыздың 13-ін тоқсанның шығуы, наурыздың 14-ін жылдың кіруі деп атап жатады. Сондықтан, дәл осы батыс жұртындағыдай қол беріп амандаспағанымен, осы амал, тоқсанның кіруі-шығуы деген осы біздің көрісу күніне келеді. Көрісу күні қазір батыс жұртында ерекше аталып жатыр. Бұрын халық арасында ғана аталатын болса, қазір мына әкімдік көңіл бөлгені қуантады. Халық көп жиналатын жерлерде, мәдениет ошақтары мен әкімдіктердің алдында киіз үй тігіп, көрісу күніне елдің қазақ деген жұрты осы елдің негізін қалаушы ұлт екендігін, осы көрісу деген күні бар екендігін басқа ұлттарға да идеологиялық жағынан мәдениет мол ел ретінде көрсетіп жатыр. Көрісу тек қана қазақтың мерекесі болудан қалып, жалпыхалықтық сипат алып жатқаны қуантады мені», – дейді тіл маманы. Осы орайда біз өңірдегі тарихшы ғалымдардың да пікіріне құлақ түргенді жөн көрдік. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев пікірімен бөлісті.«Батыс Қазақстан өңіріндегі халықтың ата кәсібі мың жыл бойы көшпелі мал шаруашылығы болды. Мыңдаған шақырымға дейін көшіп жүрді және осынша алыстан ағайынды сағынып, көктем шыққан кезде бір-бірімен шұрқырасып амандасады. Тарихшы ретінде айтсам, осы нұсқа шындыққа жақынырақ болып көрінеді деп санаймын. Жалпы, көрісу – қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі. Қазақ халқы жыл басын наурыздың 22-сінде күн мен түннің теңелу кезінен бастайды. Бірақ Қазақстанның батыс аймағы жыл басын басқа жерлердегідей 22-сінде емес, наурыздың 14-інде тойлайды. Негізі, көрісу күнінің қай кезеңнен бастап тойлана бастағаны туралы тарихшылар арасында ортақ пікір жоқ. Сондықтан оның шығу төркіні әлі де жан-жақты, егжей-тегжейлі зерттеулерді қажет етеді. Кейбір әріптестеріміз аталмыш дәстүрдің пайда болуын өңіріміздің географиялық ерекшелігінен іздейді. Тағы көңіл аударатын тұс – дәстүрдің тарихи мәнін бұрмалап, осынау ұлттық мейрамға айт сөзінің қоса айтылуының дұрыс еместігін көтеріп жүргендер де бар. Ашып айтсақ, «көрісу айт» деп айтудың түбегейлі қате екендігі. Өйткені айт бұл діни мереке. Дінімізде Оразадан кейін үш күн айттайды, одан соң жетпіс күннен соң Құрбан айт өтеді. Айттың көрісуге еш қатысы жоқ. Сондықтан көрісуді ел болып ұлттық нақышта, салт дәстүрімізге байланысты өткізуіміз керек», – деп ой түйеді ғалым. Тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманәлиннің сөзінше, Көрісу мерекесінің пайдалы тұстарын ұлттық идеология үрдістерінде тиімді пайдалануымыз керек.«Менің тарихшы ретінде айтарым, бұл жерде біздің тәуелсіздікке ұмтылған қазақ үкіметі, оның әр жағында Алашорда үкіметін айтпағанның өзінде, 1920 жылы кеңестік нұсқада болса да, билік басына келген автономиялы Қазақ Республикасының басшылары, біздің белгілі мемлекет қайраткерлеріміз Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Сейтқали Меңдешевтердің құрған бағдарламасында болған. Наурыз мерекесін 3 күн тойлау және құрбан айтты 3 күн тойлау деген. Кәдімгідей ресми билік мойындаған. Яғни, ресми билік сол кезеңде халықтық дәстүрден, ата-баба салтынан ажырамаған. Қазіргі күнде де Наурыздың 3 күн бойы аталып өтілуінің өзі содан бастау алады, мен мұны соны мойындағандық деп есептеймін. Бұл жерде енді кей жерлерде 13 наурыздан басталады. Кейбір өңірлерде 14 наурыз немесе 21-22 наурызда. Қалай болғанда да сол кезеңдегі кең байтақ қазақ территориясындағы рулық-тайпалық, географиялық ерекшеліктеріне, жүздік ерекшеліктеріне бұл әр кезеңде, әр мезгілде, күннің райына қарай аталып өтілу үрдісі қалыптасқан деп есептеймін. Тағы бір айта кететін жәйт, мына қазақ қауымының арасындағы өзекті мәселелердің бірі отарсыздану мәселесі және рухани жаңғыру мәселесі. Осы жағынан алып қараған кезде біздің ата-бабамыздан қалған, саф алтындай сақталып келген осындай ұлттық мерекелерімізді міне осы жаңғыру, жаңару, отарсыздану үрдістеріне біз пайдалануымыз керек. Бұл өте керемет жақсы дәстүр. Мұны өзге ұлт өкілдері Қазақстан аумағында мойындап, қазір олар да көрісіп жатады. Жұмыс барысында мысалы, әрбір мекемелерде өзге ұлт өкілдері де келіп, қазақ бауырларымен көрісіп, құттықтасып жатады. Міне, мұның барлығы халықтық мерекенің келбетін көрсетеді. Сондықтан, қазіргі саяси билік, мемлекеттік жүйе осындай қазақы ғұрыптарды, әдет-салттарды өз саясатында пайдалануы керек деп пайымдаймын», – дейді Самат Құрманәлин.Түрлі ой-пікірлерді саралай келе түйгеніміз – көрісу салтын әлі де толық зерттеп-зерделеп, бұл тұрғыдағы нақты пайымдарды бір ізге түсіретін мезгіл жеткен сияқты. Ал, мемлекеттілікті нығайтып, тәуелсіздікті тұғырландыра түсуде ұлттық салт-дәстүрлерімізді айшықтайтын мерекелерді орнымен пайдалану қажет деп санайтын ғалымдар пікіріне алып-қосарымыз жоқ.
Baq.kz
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!