Қала тазалығы – шаһардың көркі. Бұл салада еңбек етіп жүрген жандардың еңбегі зор. Олар күннің ыстығы мен суығына қарамастан, қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін тынымсыз жұмыс істейді. Шаһардың тазалығын сақтауда еңбек етіп жүрген жұмысшы әйелдердің бірі – Рая Қарамырзаева. Ол 11 жылдан бері «Қызылорда тазалығы» мекемесінде жұмыс істейді. Мереке қарсаңында Рая Пайысханқызымен әңгімелесіп, еңбектің қадірі мен жұмысшы әйелдерге деген қолдау туралы ойын білдік.

– Мен Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келдім. 1995 жылы тұрмысқа шықтым. Жастайымнан еңбекке араластым, 10 жыл күріш зауытында жұмыс істедім. Кейіннен «Қызылорда тазалығы» мекемесіне келіп, осы салада 11 жылдан бері еңбек етіп келемін, – деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.

Қала тазалығын сақтау – оңай іс емес. Көпшілік жұмысшылардың еңбегін сырттай ғана бағалағанымен, олардың қандай қиындықтарға тап болатынын біле бермейді. Әңгіме кезінде жұмыс барысы туралы сұрадық.

Көше көркін келтірген

– Бұл жұмыстың қызығы да, шыжығы да қатар жүреді. Қыста аязға, жазда аптапқа қарамай, қаланың тазалығы үшін еңбек етеміз. Күніне 8 сағат жұмыстамыз. Бірақ еңбегіміз бағаланып, сый-құрмет көрсетіп жатқаны қуантады. Жалақымыз тұрақты, жұмыстың өз реті бар,– деді ол.

Тазалық саласында еңбек етіп жүрген жұмысшылардың басым бөлігі – әйелдер. Олардың жауапкершілігінде отбасы, бала тәрбиесі бар.

– Жұмыс пен отбасын қатар алып жүру маған қиын емес. Себебі үйдегі жанұям – менің ең үлкен қолдауым. Үш балам, екі жиен немерем бар. Жұмыстан кейін үйге асығамын, бәріне уақыт табуға тырысамын, – деп бөлісті.

Десе де, жұмысшы әйелдерге көрсетілер әлеуметтік көмек көбейсе деген тілегін білдірді.

Көше көркін келтірген

– Біздің жұмысымыз ауыр, сондықтан бейнетте жұмыс істейтін азаматтарды 55 жастан зейнетке шығарса деген тілегім бар. Жалпы, осы салада еңбек етіп жүрген адамдар көбірек ескерілсе екен, – деді ол.

Халықаралық әйелдер күні – көктемнің шырайлы мейрамы. Әр әйел отбасының тірегі, қоғамның ажырамас бөлігі. Сондықтан мереке қарсаңында оқырмандарға жылы лебізін білдірді.

– Халықаралық 8 наурыз әйелдер мерекесі – бала күнімізден бері асыға күтетін ең жақсы мейрам. Биыл қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Аналар мен қыз- келіншектерге денсаулық, отбасының амандығын, ана бақытын тілеймін! – деп қорытындылады.

Қала тазалығы – күн сайын көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды еңбек. Жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында біз таза көшелермен жүріп, жайлы ортада өмір сүріп келеміз. Олардың маңдай тері мен төзімі елеусіз қалмауы керек. Қоғам еңбектің кез келген түрін бағалап, жұмысшы мамандық иелеріне лайықты құрмет көрсеткенде ғана дамиды. Еңбек адамының мәртебесін көтеру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!