Қоғамның бет-бейнесі тек саясатпен немесе экономикамен ғана емес, адамдардың бір-біріне жасаған қарым-қатынасы арқылы да көрінеді. Біз өмір сүретін ортада мәдениеттілік – адамгершіліктің, тәрбие мен сананың көрінісі. Соңғы жылдары көшеде, қоғамдық көлікте, дүкендерде және басқа да ортақ кеңістіктерде әдепсіздік пен дөрекілік жиілеп кетті. Мұндай жағдай тек бір адамның емес, тұтас қоғамның ішкі мәдениетінің төмендеп бара жатқанын байқатады.

Адам баласы дүниеге келгеннен бастап алғашқы тәрбиені отбасынан алады. Үйде көрген үлгі баланың сана-сезіміне сіңіп, өмірлік ұстанымына айналады. Егер ата-ана баласына сыпайылықты, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету керектігін үйретпесе, ол мұндай қасиеттерді кейін қоғамнан да үйрене алмайды.

Егер бала кішкентайынан әкесінің көлік жүргізіп отырып, ашуға булығып, басқа жүргізушіні балағаттағанын көрсе, бұл оған қалыпты көрініс болып сіңеді. Ол да ер жеткенде дәл солай әрекет етуі мүмкін. Яғни, отбасында берілмеген мәдениет көшеде де көрініс таппайды.

Бұрындары көшеде біреу дауыс көтеріп сөйлесе немесе үлкенге орын бермесе, жұрт ескерту жасайтын. «Баланы ел тәрбиелейді» деген қағида бар еді. Ал қазір адамдар үндемейді, бейтарап қалуды жөн көреді. Бұл – немқұрайлылықтың, «менің шаруам емес» деген салғырт көзқарастың нәтижесі.

Мысалы, автобуста тұрған бір қарияға жастардың орын бермегенін көріп тұрып, ешкім сөз қозғамаса, ол жағдай қайталана береді. Керісінше, бір адам жай ғана сыпайы түрде ескерту жасаса, өзгелер де ойланып қалуы мүмкін. Қоғамдық мәдениет – бір адамның емес, бәріміздің жауапкершілігіміз.

Қазіргі жастардың көп уақыты интернетте өтеді. Олар блогерлерді бақылап, соларға еліктейді. Бірақ, өкінішке орай, кейбір танымал тұлғалар дөрекілік пен ашық балағаттауды «еркіндік», «ашықтық» деп көрсетіп жүр.

Бейәдеп сөздермен видео түсіріп, оны миллиондаған адам тамашалап, пікір қалдырса – бұл жастарға үлгіге айналуы мүмкін. Осылайша, мәдениетсіздік қалыпты нәрсе сияқты қабылдана бастайды. Әлеуметтік желіде сыпайы сөйлеп, мәдениетті пікір білдіретін адамдар аз болса, көпшілік дөрекілікке бейімделіп кетеді.

Мысалы, біреу қоғамдық орында темекі шегіп жатса, көп жағдайда оған ешкім тыйым салмайды. Ал шетелде мұндай әрекеттер үшін нақты айыппұл салынады. Сол арқылы қоғам мәдениетін заңмен де, қоғамның көзқарасымен де қалыптастырады.

Көшедегі мәдениет – біздің ішкі болмысымыздың сыртқа шыққан көрінісі. Әдепсіздік, дөрекі қарым-қатынас – бұл тек қоғамға емес, әр адамның өзіне де кері әсер етеді. Біз бір-бірімізге құрметпен, айналамызға мәдениеттілікпен қарасақ, қоғам да өзгереді. Көшеде басталатын сыпайылық – үйге, мектепке, жұмысқа, тіпті мемлекеттің болашағына әсер етеді.

Мәдениетті болу үшін жоғары білімнің болуы шарт емес. Ол – жүректе, санада, күнделікті әрекетте көрінетін қасиет. Сондықтан мәдениет үшін әрқайсымыз жауаптымыз. Әр адам өзінен бастап өзгере білсе – көшеде де, қоғамда да әдептілік үстем болмақ.

Аружан ЖҮСІПБЕК,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!