Фото: Видеодан алынған кадр

Көшеде жұпыны киінген жүк тасушы қарияның адам танымастай өзгеріп, гүл сататын дүкеннің манекеншісі болғаны бейнеленген видеосы көпті таңғалдырды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Видеоны саяхатшы-фотограф Асылбек Имандосов әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Қария түсірілім тобында жүрген фотографты көріп, өзін бірнеше суретке түсіруді өтінген. Фотограф келісіп, кейіннен суреттерді TikTok желіге жүктеген. Туынды көптің жүрегін елжіреткендіктен, Асылбек Имандосов атамен тағы бір рет кездеседі. Олар бірге қарияның шашын қысқартып, жаңа киімдер алады, тіпті жолай гүл сататын дүкенге гүл алуға соғады. Ал дүкен басшылығы атаға манекенші болуды ұсынған.

Гүл сататын дүкеннің манекеншісі болып, Желі қолданушыларын тәнті еткен қарияның есімі – Берік. Ол қолындағы арбамен соңғы 20 жыл бойы жүк тасыған. Жас кезінде көлік жүргізуші, жүк тасушы, аула тазалаушы болып жұмыс істеген. Бір кездері трактор айдаған. Ол өмірге үнемі күліп қарау керегін айтады, егер адам бір сынаққа тап болса, сынбай, ары қарай жылжу керек деп санайды.

Желі қолданушылары қарияның шынайылығына тәнті болып түрлі қалдырған.

«Атаның харизмасы жоғары екен, ол модель болуы керек», «Берік ата, 100 жасаңыз, суреттер керемет шыққан», «Өте жақсы ата екен», «Гүл шоғын ұстап тұрған суретінде сондай сүйкімді», «Көздерінен мейірім төгіліп тұр», – деп жазған олар.

Қазіргі уақытта Желі қолданушылары қарияға сыйлық жасау үшін қаражат жинап жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!