Қазылар алқасының көңілінен шыққан ерекше жобаның бірі – «Qarashyk». Жоба авторлары Ибраһим Тамшыбай мен Ақшолпан Ибайдулла «АІ» бағытында бақ сынап, Нұрсұлтан Назарбаев қорының 1 миллион теңге көлеміндегі арнайы қаржысын жеңді.

Ибраһимнің айтуынша, «Inno.Fest» − тек жарыс емес, тәжірибе алаңы. Орны ерекше, себебі мұнда шынайы бәсеке бар, ой мен техника тоғысады. Ал атмосфреасының шабыт сыйлайды.

Жоғарыды айтқанымыздай, командада 2 адам жұмыс істеген. Идея авторы мен техникалық жетекшісі Ибраһим болса, жобаның дизайны мен нарықтық талдауына Ақшолпан жауапты болған. «Біз «Artificial Intelligence» бағытына қатыстық. Ұсынған жобамыз – «Qarashyk». Бұл нашар көретін адамдарға арналған құрылғы. Камера арқылы кеңістікті талдап, оның сипаттамасын дыбыспен жеткізеді. Негізгі ой − технология адам өмірін жеңілдетуі керек. Мен құрылғының архитектурасын, бағдарламалық және аппараттық бөлігін, сондай-ақ презентация процесін басқардым», − дейді Ибраһим.

Әрине сайыс болған соң өзіндік қиындықтары да болады. Ақшолпан жобаны жүзеге асыру кезіндегі сәтті есіне түсірді.

«Бізде ең алдымен уақыт шектеулі болды. Барлығы алты сағаттың ішінде дайын болу керек еді. Сондай-ақ техникалық қателіктер мен құралдар тапшылығымен де бетпе-бет келдік. Десе де барлығы оңынан болып, шешімін тез таптық. Қазылар жобаның әлеуметтік маңызын және практикалық қолданылуын жоғары бағалады. Идеяның өміршеңдігі мен ЖИ қолданудың тиімділігі ерекше аталды.

Фестиваль ұйымдастырушыларына алғыс айтамыз! Себебі мұндай жарыстар − мінез мектебі. Мұнда адам тек техника үйренбейді, өзіне сенуді, қысымда шешім қабылдауды және командамен жұмыс істеуді үйренеді», − деді жеңімпаз.

Ибраһимнен басты қарсыласы жайлы сұрап едік, «Байқаудағы басты қарсылас ретінде «TrailX team» командасын айтар едім», − деп жауап берді.

Алдағы уақытта дәл осы құраммен басқа да байқауларға қатысу ойда бар. Өнертапқыштар жоба ауқымын кеңейтуді көздеп отыр.

«Бұл біздің алғашқы қадамның бірі, бұл тек бастамасы. Алдағы уақытта зерттеу және коммерция бағытында да жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз», − деп бөлісті олар.

Інжу МАРЖАН

Көзге жарық сыйлайтын жоба

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!