Фото: Ұлттық қауіпсіздік комитеті

Депутат Абзал Құспан желідегі парақшасында мемлекет басшысының Кәрім Мәсімовке кешірім беруден бас тартқаны туралы мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Президент жанындағы азаматтарға кешірім жасау жөніндегі комиссия Кәрім Мәсімовке кешірім беруден бас тартты», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті басып алуға тырысқаны үшін айыпталған ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов президенттің атына кешірім беруге өтініш білдірген еді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, Кәрім Мәсімов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қаулысы негізінде Астанадағы ҰҚК тергеу изоляторында қамауда отырған.

Онда Мәсімовке қатысты қылмыстық кодекстің 218-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)») және 366-бабы, 4-бөлігі («аса ірі мөлшерде пара алу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.

Еске салайық, ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары қаңтардағы тәртіпсіздіктерден кейін мемлекетке опасыздық жасады және мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды деген күдікпен қамауға алынған болатын. Сондай-ақ ҰҚК басшысының орынбасарлары – Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин де қызметтерінен босатылған.

10 наурыз күні ҰҚК Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты тергеудің алғашқы нәтижелерін көрсетті.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, тергеу барысында Мәсімовтің іс-әрекетінде көптеген сыбайлас жемқорлық белгілері анықталған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!