Теміржол темірдей тәртіпті талап ететін сала. Мұнда жұмыс істеуге көп нәзік жанды арулардың жүрегі дауалай бермейді. Оның ішінде краншы болып жұмыс істеу қиынның қиыны. Ал біздің кейіпкеріміз 40 жылға жуық уақытын теміржол саласына арнап, кран тізгіндеп келе жатқан ерекше жан.

Күлпаршын Ізмаханқызы Қазалы ауданындағы «Қазалы локоматив жөндеу зауытында» жұмыс істейді. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін саланы ұршықша үйіріп жүрген әйел-ана сөздің емес, істің адамы. Өзіне жүктелген тапсырмаға тиянақты һәм жауапты.

Тірлігі қайнаған үлкен цехқа таңда кіріп, кеш шығатын Күлбаршын өз жұмысына ұқыпты. Артық сөз, бос тірлікке уақыт жоқ. Мұнысына әріптестері де дән риза. Кейіпкерімізді ашық әңгімеге тартып, өзі туралы сұрап-білдік.

– 1968 жылы 8 шілдеде дүниеге келдім. Анам Дариха Арыстанбекова да локомотив жөндеу депосында жұмыс жасады. Ол 28 жасында жесір қалып, бес баланы оқытып, жеткізді. Жастайымыздан еңбекке жақын етіп өсірді. Адал ас тауып жеуді, біреудің ала жібін аттамауды үнемі құлағымызға құйып отыратын. Қазір марқұм болып кетті. Сол кісінің тәлімді тәрбиесімен алға жылжып келемін. Қазір тепловоз жөндеу зауытында кран жүргізушісімін. Қиындығы да жоқ емес. Дегенмен талай жылдан бері бұл саланың ыстығы мен суығына қанық болып қалдым, – дейді краншы.

Күлпаршын Ізмаханқызы Қазалы ауданының техникалық мектебін бітіріп, 1986 жылдың наурыз айынан бастап жұмысқа қабылданған. Содан бері қырық жылға жуық уақыт теміржол саласында тер төгіп келеді. Жолдасы Орысбай Жаманов ТД-23 депосында теплавоз жүргізушісі болып еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Отбасында төрт қыз, бір ұл өсіп-өнді.

Кран тізгіндеген ана

Орысбай Жолдасұлы мен Күлпаршын Ізмаханқызы алты немеренің сүйікті атасы мен әжесі. Ұлдары Дәурен де әке-шеше жолын қуып, теміржол саласын таңдаған. Ол ТД-23 мекемесінде машинист көмекшісі.

Білімі мен тәжірибесін толыстырған краншы алғаш жұмысқа кіріскен жылдары көптеген аға-апасының ақыл-кеңесін тыңдап, көрген-білгенін көкейіне түйіп өскендігін айтады. 18 жастағы бойжеткеннің табандылығы мен жауапкершілігін байқаған басшылық та, түрлі тапсырмалар беріп, шыңдай түскен.

– Ол уақыттарда бұл менің қолымнан келмейді деген сөзді айтпайтынбыз. Қандай жұмысқа үйретсе де қағып алуға тырысатынмын. Мен үлгі тұтар жандар жетерлік. Жұмысқа қабылдаған Әмірхан Өмірзақов деген кісінің, жұмыстың қыр-сырын үйреткен Гүлзипа апайымның еңбегі зор болды. Бөліп-жармай бәріне алғыс айтамын. Күнделікті таңертең жұмысқа келген сәтте кранды жан- жақты тексереміз. Ешқандай ақаусыз жұмысқа кірісеміз. Үйреніп кеткендіктен болар, маған кран айдаудың еш қиындығы жоқ. Ең бастысы жауапкершілік, ұқыптылық, қырағылық қажет, – деді ол.

Расында әйел заты үшін теміржол саласында жұмыс істеу үлкен қайсарлықты талап етеді. Сондықтан темірдей тәртіпке бас иіп, ер азаматтармен иық тіресіп, қажырлы еңбек етіп жүрген Күлпаршын Ізмаханқызы қандай да болсын құрметке лайық, кейінгі буынға үлгі жан.

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!