Банк омбудсманы Дархан Нұрпейісов банктен несие алған адам қарызын өтей алмайтын жағдайға тап болса, бірінші кезекте не істеуі керегін айтты, – деп хабарлайды Kazinform.kz ақпарат агенттігі.
— Өмірде әртүрлі жағдай болады. Қарыз алушы сондай қиын жағдайға тап болса, ол банк омбудсманына жүгінуге құқылы. Бірақ оған дейін ол банктің өзі немесе коллекторлық ұйымға баруы керек. Мәселесін айтып, өз ұсыныстарын беруі керек. Банк 15 күннің ішінде қарыз алушының ұсыныстарын қарап, не келісуі керек, не келіспеушілігін білдіріп, өзінің ұсыныстарын беруі керек. Содан кейін ғана азамат омбудсман қызметіне жүгіне алады. Ондай кезде біз қарыз алушының қаржылық жағдайын қарап, құжаттарын көріп, мән-жайға көз жеткізгеннен кейін бірге отырып, банкке ұсыныстарымызды жібереміз. Бұл ұсынысты банк қарап, жауабын беруі керек, – деді ол ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ маман омбудсманның араласуынан кейін де банк тарапы несие шарттарын қайта қараудан бас тартса, азаматтар не істеуі керегін айтты.
— Банк біздің де ұсыныстарымызбен келіспесе немесе заңды түрде оны қабылдайтын құқығы болмаса, онда қарыз алушының мемлекеттік органға немесе сотқа жүгінуге құқығы бар, – деп түйді сөзін Дархан Нұрпейісов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!