Aikyn.kz. Сондай-ақ борышкердің ресми табысынан бірнеше есе асып түсетін көлемде кредит беруге де тыйым салынады. Осылайша, халықты несиелендіру саласында жаңа өзгерістер өмірге жолдама алады.

Өзбектер неге борыш батпағына батпады?

Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігінің дерегінше, 2024 жылғы маусымдағы жағдай бойын­ша қазақстандықтардың банк­тер алдындағы қарызы 18 трил­лион теңгеден асып кетті. Бұл шамамен 37,5 миллиард дол­ларға жуық. 

Мұның сыртында тек кейінгі бір ай ішінде бұл берешек көлемі 1,5% өсті. Азаятын емес. Оның ішін­де еш кепілсіз берілген, сәй­ке­сін­ше, пайыздық ставкасы да ба­рынша жоғары тұтынушылық кре­диттердің сомасы басым – 11 трил­лион теңгеден асып жығыл­ды. Пәтерді кепілге алған ипоте­ка­ның үлесі – 5,5 триллион теңге. 

Жалпы, бүкіл Орталық Азия­да дәл Қазақстандай тұрғындары бе­решекке белшеден батқан бас­қа ел жоқ деуге болады. Мысалы, Қыр­­ғыз Республикасының Ұлт­тық банкінің дерегінше, бұл рес­пуб­ликада жеке тұлғалардың банк­­тер алдындағы қарызы 281,1 мил­­лиард сомды құрайды. Бұл қа­­зіргі бағаммен 3,2 миллиард дол­ларға тең.

Өзбекстанның Орталық бан­кі­нің дерегінше, жеке тұлғалар­дың банктер алдындағы қарызы 148 триллион 621 миллиард сумға жетті. Бір қарағанда, естен тан­ды­­­рарлық сома. Алайда бүгінгі ба­ғам бойынша 1 доллар 12 665 өз­бек сомы тұрады. Тиісінше, атал­­ған сома небәрі 11,7 мил­лиард долларды құрайды. Бұл жер­де Қазақстанда 20,1 миллион адам ғана барын ескеру қажет. Ал Өзбекстан халқының саны 2024 жылғы 1 шілдеде 37 миллион 134,2 мыңнан асып кетті. 

Қазақстанда жеке тұлғалар­дың тек банк алдындағы қарызын ха­лыққа шаққанда, әрбір қазақ­стан­дыққа 1 мың 860 доллардан көп келеді. Өзбекстанда жеке тұл­­­ғалардың банктік қарызын ха­лыққа шаққанда, әрбір өзбек­стан­дыққа бар-жоғы 315 доллар­дан келеді. 

Өзбекстанның Макроэконо­ми­калық және өңірлік зерттеулер институтының жетекші маманы Умида Мамасалаева мұның сы­рын түсіндірді. Біріншіден, өзбек елін­де банк кредиттері қымбат: ұлт­тық валютадағы орташа пайыз­дық ставкалары 23,6%-ды құрай­ды. Қазақстанда – шамамен 10-15 пайыз. 

Екіншіден, оңтүстік көрші ха­­лыққа несие беру талаптарын Қа­зақстаннан көп бұрын қатайт­ты. Мысалы, Өзбекстанда қарыз алу­ға келген клиентке өз табы­сы­ның 60%-ын несиені өтеуге ба­ғыт­тауға тура келетін болса, онда банк заем беруден бірден бас тар­туы тиіс. Келесі 2025 жылғы 1 қаң­тардан бастап, осы «қарыз жүк­темесі көрсеткіші» (ҚЖК) 50%-ға дейін түсіріледі. Осы ар­қы­лы Орталық банк халықтың кре­диттелу қарқынын одан әрі баяу­латуға ниетті. Оның орнына эко­номиканы әрі қарай қарқын­ды дамыту үшін кредиттің биз­нес­­ке көбірек берілуіне екпін тү­сіріледі. 

Бұл ретте ҚЖК-де тұтыну­шы­ның барлық алым-салығы алып тасталғаннан кейін қолында қалатын айлық таза табысы ғана есеп­теледі. Несие берудегі қатаң та­лаптар мұнымен бітпейді: заем алу­шының жинақтаған зей­не­та­қы жарналарының көлемі жет­кі­лік­ті болуы, барлық салығын тө­леп келуі, соңғы 6 ай бойы тұ­рақ­­ты табысының болуы талап еті­леді. 

Үшіншіден, қазақтарға қара­ған­да, өзбектер өзара байланы­сын, тығыз аралас-құраластығын сақ­тап қалды. Бұл дәстүр заңмен рет­телген. Мысалы, «Азаматтар­дың өзін-өзі басқару органдары туралы» заңына сәйкес, махалла ақ­сақалына (төрағасына) көп­те­ген өкілеттік берілген. Махал­ла­ның әлдебір тұрғыны өмірлік қиын жағдайға тап болса, төраға жұрт­шылықты жиналысқа жи­нап, жылу жинап беріп, оны қол­дай алады. Заң оған жұрттың ке­лі­­сімін алып, махалланың қа­­­­­ра­­жатын қайырымдылық тү­рін­де немесе уақытша беруге рұқ­сат етеді екен. Соның арқа­сын­да әлгі адам қиындықпен жал­ғыз қалмайды немесе банкке шұғыл жүгініп, қарыз алуға мәж­бүр болмайды. Ақсақал оның банк­пен арадағы дауын шешу үшін өз тұрғындарының мүддесін сотта қорғау құзырына да ие.

Ойланбай алған оңай кредит оңдырмас

Мәдениет саласының қыз­мет­кері, жалғызілікті ана Гүлнұр Нұр­лыбек (аты-жөні өзгертілген) қарыз шыңырауына түсіп кеткен қа­зақстандықтардың бірі. 260 мың теңге жалақысы өміріне, өзі­нің және отбасының қажет­ті­ліктеріне жетпеген соң, алдымен он­лайн несие алумен әуестене бастайды. 

– Тамада болып жұмыс іс­те­дім, бірақ нарықта әйел аса­ба­лар­ға сұраныс шамалы көрінеді, әрі аз ақы алғанымды қалап тұрады. Той­ларда ішіп алған қонақтардың тиі­сетіні де ыңғайсыздық туғы­за­ды. Instagram-да актриса, модель Адайбекованың курсына жолық­тым, тегін вебинармен қызық­тыр­­­­ды. Өзінің қалай табысқа жет­­­кенін, бай болғанын айтып, со­ның айла-тәсілін үйрететінін айт­­ты. Бірақ ол үшін қымбат курс­­ты сатып алу керек болды. Бі­лім беру қызметін көрсетуге заем беру туралы келісім бекітіп, банк­тен несие алғызды. Курс са­пасыз болып шықты, нәтиже шық­­пады. Әдемі киініп, көркем кө­ріну керек көрінеді. Оған да қа­рыздануға тура келді, – дейді Гүлнұр.

Бүгінде оның банктер, мик­ро­­­қаржы ұйымдары алдындағы түрлі заемдары бойынша жалпы қа­рызы 700 мың теңгеден асқан. Сот­тан тыс банкроттыққа был­тыр өтініш берген, ережелерін дұ­рыс түсінбегенін айтады, содан ба, мақұлдаудан бас тартылыпты. Биыл құжаттарын толықтырып, қай­тадан өтінім тапсырған, қо­ры­тындысын күтіп жүр. 

Банк қызметкері Күнсұлу Хай­рулина қазақстандықтардың бәрі болмағанымен, үлкен бөлігі кре­дитті ойласпай алатынын ай­та­ды. Негізгі қарыз алушылар – жастар және әйелдер екен.

– Кейбір қыз-келіншек кос­метологиялық қызметтерге, мы­са­лы, тәнімнің контурларын тү­зе­темін, мықын-бөксе, қарын жә­­не басқа жерлерін жақсарта­мын деп, липосакцияға несие ала­­­­тынды шығарды. Мұны әңгі­ме­лесу кезінде сұрап-білдім. Бас­шыларымыз тыйым салады, со­ған қарамастан, аяп: «Сіз онсыз да әдемісіз ғой» деп бәсең дауыс­пен райынан қайтаруға тыры­са­мын. Естуімше, біраз банк кос­ме­тологиялық салондармен ке­­­­лісімге отырған, банкке бару­дың да қажеті жоқ, клиент қол қой­са, жеткілікті. Иә, сол бұрын­ғы­дай той және басқа мерекелік іс-шараларды өткізу үшін несие ала­тындар кездеседі. Тұтыну­шы­лық несиені халық баспанасын жөндеуге, баласын оқытуға, тұр­мыс­тық техника, саяхат пен де­ма­­лысқа да алады. Ең танымал ба­ғыт­тардың бір тобы осындай, – деді Күнсұлу. 

Банк қызметкері осы тамыз айы­нан банктер 8 миллион тең­ге­ден артық кепілсіз тұтыну­шы­лық несие беруден бас тарта бас­­­тағанын жеткізді. Қаржылық рет­теуші қаржылық ұйымдарға сон­дай талап жолдапты. Осы орайда Қазақстан кешігіп болса да, халықтың шектен тыс кре­дит­телуіне тосқауыл қоюға кірісті. 

Президент тапсырмасы орындалып жатыр

Айта кету керек, Қаржы на­ры­ғын реттеу және дамыту агент­тігі несиелендіру қағидаларына өз­герістер енгізіп отыр. Соның нә­тижесінде, енді қазақстан­дық­тар банктер мен МҚҰ-лардан әл­деқайда аз қарыз ала алады, алай­да ол кредиттің пайыздық став­касы біршама төмендемек. 

Бірінші кезекте, агенттіктің «Тұ­тынушылық банктік қарыз жә­не тұтынушылық микрокредит сомасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» қаулысы өмірге жол­дама алды. Оған сәйкес, қа­зақстандықтардың банктер мен МҚҰ-ларда рәсімдей алатын тұ­тынушылық заемдардың ең жо­ғарғы межесі қатаң шектелді. 

Атап айтқанда, банктер мен банк операцияларының же­ке­ле­ген түрлерін жүзеге асыратын ұйым­дар беретін тұтынушылық банк­тік қарыз сомасының жаңа жо­ғарғы шегі келесідей болады: бі­ріншіден, кепілсіз банктік қа­рыз бойынша – 2 200 айлық есеп­тік көрсеткіштен аспауы тиіс (2024 жылы бұл 8 122 400 теңгеге тең). Ал жылжитын-жыл­жы­май­тын мүлік және басқа кепілдігі бар, қамтамасыз етілген банктік қ­арыз, мысалы, ипотека сомасы – шек­телмейді.

Екіншіден, микроқаржы ұйым­­дары беретін тұтынушылық мик­рокредиттің сомасы еш ке­пілсіз микрокредит бойынша – 1 100 АЕК-пен шектеледі (2024 жы­­лы – 4 061 200 теңге). Кепіл­мен қамтылған микрокредит кө­лемі – шектеусіз. 

Бұған қоса, тамыз айынан соң Қаржы нарығын реттеу агенттігі мен Ұлттық банктің банктер мен МҚҰ-лардың несиелері бойынша сыйақылардың жылдық тиімді ставкаларының шекті мөлшерін төмендету туралы бірлескен қау­лысы күшіне енеді.

Оған сәйкес біріншіден, кре­дит­тер бойынша ең жоғарғы став­ка бұдан былай кепілсіз банк заем­­­­дары бойынша – 46%-дан (бұ­рын­ғы көлемі 56%) аспауға тиіс. Екіншіден, кепілі бар банк­тік заемдар бойынша ең жоғарғы ставка 35%-бен шектелді (бұған дейін 40% болатын). Үшіншіден, Қазақстанда 25%-дан қымбат ипо­тека болмауға тиіс. Төртін­ші­ден, МҚҰ-лардың микрокредит­тері бойынша ең жоғарғы сыйақы мөлшерлемесі 46%-дан (бұрын 56%-дан) жоғары бола алмайды. 

«Жалақыға дейін», яғни 45 күн­ге дейінгі мерзімге берілетін мик­ронесие бойынша да мөлшер­леме қатаң шектеледі: күн сайын үс­темеленетін атаулы сыйақы став­касы енді 0,3%-дан аспауы ке­рек. Бұрындары 1 пайызға дейін шарықтатуға рұқсат етіле­тін. 

Сонымен қатар республикада қарыз алушының табысынан бір­неше есе асып түсетін көлемде кре­дит беруге тыйым салынбақ. Осы мақсатта жаңа пруден­циал­дық норматив – қарыз алушының кі­рісіне қатысты қарыз коэф­фи­циенті енгізіліп жатыр. Бұл ретте Ұлт­тық банк басқармасының 2017 жылғы 13 қыркүйектегі №170 қаулысына және 2019 жыл­ғы 14 қарашадағы №192 қау­лы­сы­­на өзгерістер мен толықтыру­лар енгізген Агенттік бас­қар­ма­сы­ның 2024 жылғы 16 тамыздағы жаңа №63 қаулысы қабылданды.

«Қарыздың борышкердің кі­рі­сіне қатысты коэффициенті – ол адамның ай сайынғы кірісінің 50%-ы деңгейінде қарыз алушы­ның мерзімді төлемдерін шек­тей­тін қарыз алушының борыш жүк­­темесінің қолданыстағы коэф­­фициентіне қосымша пай­даланылады. Жаңа норматив аза­маттардың борыш жүктеме­сі­нің шамадан тыс өсуін шектейді және қарыз алушылардың кіріс­терінен бірнеше есе асатын кре­дит­тер беруге жол бермейді», – деп хабарлады агенттік.

Бұған дейін биылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа қағидаларға сәй­кес, бұрынғы кредитіне төлем ен­гізуді қойып кеткеніне 90 күн­нен асса, ондай азаматтарға банк­тер жаңа несие беруден бас тар­тады. 

Президент Қ.Тоқаев қазақ­стан­дықтардың шектен тыс не­сие­лендірілуіне жол бермеу, бо­ры­ш­керлердің құқығын қорғау, тәуе­келдерді төмендету тетіктерін әзірлеуді жүктеген болатын. Бұл тап­сырма орындалып жатыр. Мы­салы, енді қаржылық ұйым­дар несиесін өтей алмай қалған аза­маттардың берешегін 2 жыл бойы коллекторларға бере ал­май­ды. Бұл мыңдаған борышкердің қуғын-сүргіннен құтылуына мүм­кіндік бермек. Тиісті петиция қа­жетті қол жиса, онлайн-не­сие­ні шектеу шаралары да қаралуы мүм­кін. Осы және басқа шаралар қар­жы нарығын реттеуді жақ­сартуға, қарызға батқан қазақ­стан­дық қоғамды сауықтыруға ық­пал етсе, құба-құп.

Елдос СЕНБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!