Желіде күйеу жігіттің қайын жұрты алдында иіліп сәлем салғаны көрсетілген фото тарады. Көпшілік бұл әрекетті түрліше бағалап, қызу талқыға салып жатыр. Бірі мұны «ер азаматқа жараспайды» десе, енді бірі ел дәстүрінің жалғасы деп бағалап отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстандық бұрындары күйеу баланың қайын жұртына сәлем салғанын айтып, Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялады. Сондай-ақ ол “күйеудің сәлем салу дәстүрін қайтару керегін” жеткізді. 

Этнограф Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, қазақ халқында шын мәнінде күйеу бала қайын жұртына барғанда үлкендерге құрмет ретінде иіліп, тәжім еткен.  

“Қазір күйеуге сәлем салғызу салты азайып кетті. Келін түскенде сәлем салады. Ал күйеу өзінен үлкендерге, яғни жұбайының ата-анасына сәлем салады. Қазақта “күйеудің атымен күл тасы” деген мақал бар. Сәлем салып, үлкендерді сыйлап, қайын жұртына қызмет жасау күйеудің міндеті.  Сәлем салғаннан оғаштық жоқ. Әдептен озбай, күйеу бала орнын білуі керек”, – дейді этнограф.

Этнографтың сөзінше, қазақи тәрбие үлгісінде күйеу бала ешқашан қайын жұртта бата бермейді, үлкендердің алдына шығып сөйлемейді. Бұл – әдеттік құқықтың жазылмаған, бірақ бұлжытпай орындалатын ережесі.

“Күйеу бала қайын жұрттың отымен кіріп, күлімен шығады. Қазақта “Ілу” деген ырым бар. Күйеудің міндеті осыдан басталады. Бізде қазір ілудің орнына кілем апарып жүр. Алайда ол дұрыс емес. Ілуге шапан апару керек. Оны күйеу бала киіз үй болса керегенің басына іледі. Егер заманауи үй болса, киім ілгішке іледі, Бұл мен де сіздердің балаларыңызбын деген мағынаны білдіреді. Күйеу баланың ең алғашқы жасайтын ырымы осы”, – дейді этнограф. 

Сондай-ақ қазақта күйеу бала үйге алғаш келгенде босаға майлап, отқа май құяды. Оның мағынасы күйеу бала жайлы, берекелі, қызға жақсы жар болсын деген мағынаны білдіреді екен.  

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!