Күнделік жазу – құдды бір медитациялық терапия іспетті. Қазіргі таңда бұл – өзін танудың, эмоцияларды реттеудің және өмірге басқаша көзқараспен қараудың тиімді құралына айналған. Кейде өмірде миды шатастыратын ойлар тым көп болып кетеді. Осындай кезеңде күнделік жазу, шимай-шатпақ ойларды қағаз бетіне түсіру адамға көп көмектеседі. Астын сызып айтар болсақ, пайдасы өте көп.

Адам баласының ішкі әлемі – терең әрі көп қырлы. Біз күнделікті өмірде сан мыңдаған ой ойлаймыз, сансыз сезімді бастан кешіреміз. Бірақ сол ішкі ағынды түсіну үшін кейде өз-өзіңмен тыныш отырып, ойларыңды қағазға түсіру керек. Күнделік жазу – бұл жай ғана естеліктерді жазу емес, бұл – өз санаңа қарау, ішкі дауысыңды тыңдау өнері. Сол арқылы адам өз сезімдерін, ойларын, армандарын немесе қорқыныштарын ашық әрі шынайы түрде білдіреді. Ол – сырласатын дос сияқты. Өз қолыңмен жазылған әр сөйлем сенің ішкі күйіңді айнадай көрсетеді: қай кезде қуанып, қай кезде алаңдағаныңды, қандай арман қуып, қандай нәрседен шошынғаныңды анық көруге мүмкіндік береді.

Күнделікті тұрақты түрде жазудың тағы бір үлкен пайдасы – өзін-өзі дамыту. Әр жазба арқылы адам уақыт өте келе ішкі өсуін, өзгерісін байқай алады. Бұл – өткенге шолу жасауға, қателіктерден сабақ алуға және болашаққа нық қадам басуға көмектесетін құрал.

Жеке күнделік – кез келген уақытта біреу тауып алуы мүмкін зат. Егер біреудің көргенін қаламасаңыз ешкім ойламаған жерге жасырыңыз. Біліп қойған жағдайда да аса ұяла қоймайтын оқиғаларды ғана жазыңыз. Ал егер алда-жалда сондай күнделік секілді бір дүниені көзіңіз шалса, біреудің дүниесіне қол сұғып, ашып қарамағаныңыз абзал.

Көп дүниені миға сақтап, оған ауыр жүк артып аламыз. Мұндайда мидағы салмақты жеңілдетудің жолы – жазу. Күнделік жазуда арнайы бір ереже жоқ. Не қаласаңыз, соны жаза аласыз. Арман дейсіз бе, жоспар ма, тіпті сезімдерді барлығын жазуға болады. Бұл ойды тазартуға, эмоцияны басқаруға, өзіңмен жұмыс істеп дамуға оң әсерін береді. Сондай-ақ күнделікті күйбеңнен арылтып, шығармашылық қабілетті шыңдайды.

Көпшілік не үшін жазамын деп ойлауы мүмкін. Қарапайым дүкенге барардың алдында керек-жарақты қағаз бетіне түсіреміз ғой. Соған қарап, қажетімізді алып қайтамыз. Алуымыз тиіс зат сол қағазға түспей қалса, қалып қойып жатады. Осындайда «қап» деп өкініп қалатын жайт сіздерде де болатын шығар. Сол секілді жазу арқылы өзімізді ретке келтіреміз. Ол жерде ашу, ыза, кек сынды жағымсыз эмоцияны сыртқа шығарамыз. Ешкімге айта алмаған сырды жайып салуға да мүмкіндік бар. Бір сергіп қаларыңыз анық. Сонымен қатар, өткен күндері не істегеніңізді оқу арқылы да өзіңізге сырттай баға беріп, қай жолда жүргеніңізді бағамдай аласыз. Өмір жолында күнделік жазудың маңызы зор.

Бұдан бөлек, күнделік жазу адамның эмоционалды күйін реттейді. Стрессті жеңілдетіп, жан тыныштығын орнатуға әсер етеді. Кейде ішкі уайымдарды ешкімге айта алмай, өз- өзімен күресетін сәттер болады. Сол кезде күнделік – ең сенімді тыңдаушы және емші.

Психологтарда осы әдісті ұсынады және мақұлдайды. Тіпті көптеген психологтардың өзі күйзеліске ұшыраған науқастарына күнделік жазуды ұсынады. Себебі, депрессияға ұшыраған жандардың көп бөлігі оларды тыңдайтын жанның жоқтығына шағымданады. Ал сананы сан-саққа жүгіртіп, адамды әбігерге салатын көп ойлардан арылудың, сабырлылықпен дос болудың бірден-бір жолы ол – жеке күнделік жүргізу.

Күнделік – жай ғана дәптер емес. Ол – адамның ішкі тынысын бейнелейтін айна. Уақытыңды бөліп, ойыңды жазып тұру – өз-өзіңе деген қамқорлықтың бір түрі. Уақыт өте келе жазбаларды оқып, өзіңнің қалай өзгергеніңді, қандай жетістіктерге жеткеніңді байқайсың. Бұл алға ұмтылуға мотивация береді.

Қорыта айтқанда, күнделік – адамның ішкі жан дүниесінің шынайы көрінісі. Өз ойыңды қағазға түсіру арқылы сен өзіңді жақсырақ тани бастайсың. Ал өзін таныған адам ғана өмір жолында сенімді әрі бақытты қадам жасайды.

Арайлым ҚУАНЫШБЕКОВА,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!