Таңдауына тастүйін бекінген адам табаны тасқа тілінсе де, төзімің тауыспауға тырысады. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің режим және күзет бөлімінің бақылаушысы әділет кіші сержанты 21 жастағы Әли Сәбиттің күрделі саланың көшіне еруге кіріскелі жарты жылдан астам уақыт өтті. Ол жас болса да жасқанбай, толымды тәжірибе жинауды құп көрген.
Тұрақтылыққа тұтқа, қауіпсіздікке қалқан болып, мекеме ішіндегі ахуалды реттейтін режим бөлімінің міндеті жетіп артылады. Аға буын қызметкерлердің кәсібилігіне қанық болған жас маман Әли де қазір өз жолын қалыптастырып келеді. Қысқасы, машақатқа мән берместен жұмыс істеуіне мамандығына деген махаббат себеп.
– Таңдауыма өкінген емеспін, өкінбеймін де. Өйткені, бұл салаға мені бала күнгі арманым жетелеп келді. Жұмыста жүріп түйсікке түйгенім де аз емес. Сотталған азаматтармен жұмыс істеу – шыдамдылық пен сабырдың шынайы мектебі екенін түсіндім. Әр жағдайды бақылап, әр әрекетті бағамдап, аражігін ажыратып дұрыс шешім қабылдауды үйрендім. Азамат ретінде антымнан айнымай, елге қалтқысыз қызмет ету үшін әлде де қайратымды қайрай түсемін, – дейді ол.
Әли Сәбит қауырт жұмыстан босаған уақытта ала допты аяғында ойнатып, спортқа да ден қояды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында өтетін доп додасына да қатысып, төбе көрсетіп жүр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!