Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісі қарқынды дамып келеді. Осы салада еңбегі сіңген білікті мамандардың бірі – Сәуле Сағатқызы. 40 жылдық тәжірибесі бар білікті маман бізге ауыртпалығы мол осынау салаға қалай келгені, өз саласының қызығы мен қиындығы, сондай-ақ жетістіктері жайлы баяндап берді.
– Күріш салысын өңдеу процесі 9 кезеңнен: тазалау, өлшеу, қабығын аршу, шыққан кебекті турап, қаптау, аршылған күрішті ағарту, електен өткізу, түс айырғыштан өткізу, дайын өнімді өлшеп қаптау. Міне осындай кезеңдерден тұрады. Жылына 18 000 тонна күріш өңдейміз. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс, – дейді Сәуле Шакенова.
Кейіпкеріміз 1982 жылы мектепті тәмамдаған соң, Алматы политехникумына оқуға түсіп, «Астықты қайта өңдеу және өнімдерді сақтау» мамандығын меңгерген. Оқу барысында Семей, Алматы, Қызылорда қалаларындағы өндірістік кәсіпорындарда тәжірибе жинақтаған ол 1985 жылы үздік нәтижемен оқуын аяқтап, Қызылорда астық өнімдері комбинатында еңбек жолын бастайды. Аталған жұмыс орнында зертханашы маман күріштің сапасын тексеріп, оның сақталуын қадағалаумен шұғылданған. Кейін құрама жем зауытында жұмыс істеп, азықтық қоспалардың химиялық құрамын зерттеумен айналысады.
1999 жылы Кеңес өкіметі тарағаннан кейін көптеген кәсіпорын жабылып, комбинаттың да жұмысы тоқтады. Бірақ ол күріш өндірісінен алыстамай, 2000 жылы елімізде үшінші болып салынған, соңғы үлгідегі құрылғыларымен жабдықталған жаңа зауытқа жұмысқа орналасады. 2010 жылы арнайы шақыртумен «Абзал и К» компаниясына ауысып, тәжірибесін шыңдайды. Бүгінде Сәуле Сағатқызы «Абай Дәулет» ЖШС күріш ақтау зауытында зертхана жетекшісі болып қызмет атқарады.
– Міне 40 жылдай болды осы дәннің ортасында жүргеніме. Қолға күрішті ұстаған сәтте-ақ оның жағдайы қай деңгейде екенін, қандай сұрыпқа жататынын, сапасын бірден аңғарамын. Аршылмаған күріштің де қызыл дәндерін сыртынан байқаймын. Бұл – жылдар бойы жиналған тәжірибенің жемісі, – дейді кейіпкеріміз.
Ол өндірістің барлық кезеңін жетік меңгеріп қана қоймай, өзінің білімі мен тәжірибесін жастарға үйретуден жалықпайтын жан. Оқу орындарынан өндірістік тәжірибеге келген студенттерге бағыт-бағдар көрсетіп, білгенін үйретуге әрдайым дайын.
Қарбалас жұмыс кестесіне қарамастан, отбасы мен жеке өміріне де уақыт табады. Бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, тоғыз немере сүйіп отырған аяулы әже балаларының қасында болып, оларға көңіл бөлу – ең сүйікті ісім дейді. Сондай-ақ тігін тігіп, түрлі тағамдар дайындағанды ұнатады.
– Бұл күріш ақтау зауыты ауысымдық жүйемен жұмыс істейді. Түнгі, күндізгі ауысымдар бар. Кейде 12 сағатқа созылады. Әсіресе күріш қабылдау уақытында көп аса ауыр шаруалар жүріп жатады. Ара-тұра іссапарға шығамыз. Басқа аудан, өңірлерде күріш қабылдау жұмыстары барысында қиындықтар болады. Бірақ үйде енем болды. Сол кісі балаларыма қарасып, жас кезімізде осылай жұмыс істедік. Аллаға шүкір бір ұл, бір қызым бар. Бүгінде өсіп-өніп, әрқайсы үйлі-баранды жандар. Ұлдан бес немере, қыздан төрт немерем бар, – дейді Сәуле Шакенова.
40 жыл бойы ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісі саласында табанды еңбек етіп келе жатқан маман Сәуле Сағатқызы – өз ісінің шебері. Оның кәсібіне деген адалдығы, тәжірибесі мен білімі күріш өндірісінің сапасын арттыруға үлкен үлес қосып келеді. Жастарға да тәлімгерлік етіп, тәжірибесімен бөлісуден жалықпайтын маманның еңбегі – ел игілігіне қызмет етудің жарқын үлгісі.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!