Уақыты тапшы һәм артық тірлік істемейтіндер үшін курьерлер бүгіннің батырына айналды. Үйден шықпай берген тапсырысыңды ас үйіңе дейін әкеліп береді. Болғаны ақысын төлейсіз.
Қазір елеулі маманға айналған жеткізушілердің қызметі карантинге дейін еленбегені рас. Әсіресе, онлайн сатып алу мен жеткізу қызметтері өсіп келе жатқан сайын, курьерлердің жұмысы да жоғары сұранысқа ие. Арқасына көк, сары дорбаны арқалағандар кімге, қайда, нендей өнім жеткізіп жатқанын біле ме? Себебі олар пакеттерді тасымалдап қана қоймай, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуге де жауапты. Курьерлердің қызмет көрсету сапасына шағымданатындар да аз емес. Жеткізу уақыты, еңбегінің құны мен қарым-қатынасы әлеуметтік желіде де таразы басында талқыланады.
− Рас, жеткізу қызметінің жұмысына көңілім толмайтын сәттер жиі болады. Біріншіден, кейде тапсырысты уақытында жеткізе алмай, бірнеше сағат кешігіп келеді. Мұндай жағдайда біздің де жоспарымыз бұзылады. Мен көбіне «Yandex Go» қосымшасындағы курьерлердің қызметіне жүгінемін. Кейде дөрекі сөйлеп, белгіленген нүктеге келмейді. Бірақ, көпке топырақ шашпаймын. Ал тамақ таситын курьерлер көбіне уақытылы келеді. Тамағымыз да ыстық күйде жетеді, − деп пікірімен бөлісті қала тұрғыны Анеля Мади.
Ал Астана, Алматы тұрғындары көбіне «Glovo», «Wolt» секілді қосымшамен жұмыс істейтінін білеміз. Сыртқа шығып, кептелісте кептеліп, уақытыңды зая кетіргенге қарағанда, тапсырыс беріп, жылы орында күткен жөн. «Номеріңіді айт, жалмауыз!» цитатасы да, сол жағдай да көптің есінен кетпегені сөзсіз. Бұл да екі адамның арасындағы түсініспеушіліктің салдарынан туған жағдай.
Әлеуметтік желіні барлағанда, курьерлердің салғырттығына көңілі толмағандар «Мекенжайды дұрыс таба алмай, бірнеше рет қоңырау шалып, жүйкеңе тиеді. Кейде жеткізілген тауардың қаптамасы бүлінген немесе зақымдалған болып шығады, бұл да олардың кәсіби еместігін көрсетеді» деп жазады. Келесі мәселе қаржыға, жеткізу ақысын шектен тыс көтеру мәселесі де мазалайды. «Жұмысы сапасыз болған соң, не үшін артық төлеуім керек? Қызметтің бағасы мен сапасы сәйкес келмейтінін байқаймын» дегендер де бар.
Жуырда Қазақстанның сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті тамақ жеткізу қызметіне байланысты жаңа талаптарды бекітті. Стандартқа сай, тағам таситын курьерде жеке медициналық кітапша болуға тиіс, онда медициналық тексеруден өтті деген белгі тұруы керек. Бұдан бөлек, курьер кәсіби гигиеналық дайындықтан өтуге тиіс.
− Бұл стандарт тағам жеткізу нарығындағы талаптардың ашықтығы мен бірізділігін қамтамасыз етеді, Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігі жүйесінің нығаюына ықпал етеді, – деді комитет төрайымы Жанна Есенбекова.
Қазақстан қалаларында курьерлердің басым бөлігі мопедпен жүреді. Былтыр қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мопедтерді мемлекеттік тіркеуге міндеттейтін заңға қол қойды. Жаңа талап бойынша, мопедтер міндетті түрде тіркеуден өтіп, жүргізушілерде «А1», «А» немесе «В» санатындағы жүргізуші куәлігі болуы тиіс. Бұл норма биыл сәуір айынан бастап күшіне енеді.
Ә.ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!