Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын ұжым болып тыңдап, ықыласпен қабыл алдық.
Онда Мемлекет басшысы ең алдымен жыл басында орын алған қаңтар оқиғасы мен әлемде орын алып отырған геосаяси жағдайлардың себеп салдарына тоқтала келе, елімізді онан әрі дамыту үшін 10 негізгі реформаны атап өтті.
Ең алдымен күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет қағидасынан туындайтын Президенттің басқарудағы өзгерістер мен өкілді билік тармағын қайта құру ел дамуына тың серпін берері анық. Соның ішінде Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыру қажеттігі мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтып қана қоймай, халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктейді.
Жолдауда Президент тұрғындардың көкейінде жүрген сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық аралас моделі туралы айтты. «Императивті мандатқа көшуде депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады. Өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады. Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партиялардың рөлі сақталады. Олар еліміздегі азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Сонымен бірге бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент елімізде партиялық жүйені дамыту мен сайлау қағидаттарына әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізу қажеттігін де алға тартты.
Мұнан бөлек Жолдауда айтылған құқық қорғау органдары реформасы мен БАҚ және ҮЕҰ жұмысына байланысты ұсыныстар, билікті орталықсыздандыру мәселелері мен кризиске қарсы шаралар көптің көңілінен шықты деп ойлаймыз.
Ең бастысы елдің әкімшілік-аумақтық құрылымына қатысты Семей өңірін қазақтың біртуар ұлы перзенті Абай облысы, жезді өлкені Ұлытау облысы және Алматы облысын жері шұрайлы Жетісу мен орталығы Қапшағай қаласы болып бекітілетін екінші облысқа бөлінуі Жолдаудағы халық көңілінен шыққан басты өзгерістердің бірі болды деп айта аламыз. Сондай-ақ Қапшағай қаласына қазақ халқының тағы бір айтулы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың атын беру туралы ұсыныс та елдің ыстық ықыласын тудыруда. Бұл өз кезегінде Президент Жолдауда атағандай «ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта беретін болады».
Президент Жолдауда айтылған бастамалардың ауқымды екенін атап өтіп, оны жүзеге асыру үшін Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізу мен жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау қажеттігін де ерекше атап өтті.
Ел Президенті сөзінің соңында «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнінде біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз». Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты екенін тілге тиек етіп, барша қазақстандықтарды Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырды.
Сондықтан біз де Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдай отырып, алда тұрған жаңа міндеттер мен жаңғыру жұмыстарын белсенді жүзеге асыратын боламыз.
Ләйлә ТӨРЕШОВА,
AMANAT партиясы Қызылорда облыстық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!