Фото: rehabcenterindore.com

Жалындаған жастық шағында лудоманияның құрбаны болған кейіпкеріміз өмірінің қиын кезеңі туралы қаз-қалпында айтып берді. Ол өз оқиғасы арқылы адасқан адамдардың үміт отын қайта жағуға көмектесетініне сенімді.

Сәбит – Алматыға арман қуып келген ауылдың қарапайым баласы. (Өз келісімі бойынша кейіпкердің есімі өзгертілді). Ата-анасының тұңғышы, іні-қарындасына үлгілі аға. Жас кезінен оқуға зерек, білімге құштар болған ол үлкен қаланың студенті атанды.

ТҰРАҚТЫ ОЙЫНШЫҒА АЙНАЛДЫМ…

Лудомания туралы естігенде, яки оқығанда, кейде баннерден жарнамасын көзің шалғанда казино мен миллиондаған ақшаның ойға келетіні рас. Ал Сәбит «мұның барлығы қарапайым ойыннан басталады» дейді.

– Ол сәтте небәрі 19 жастағы 2-курс студенті едім. Өзім таңдап түскен мамандық болған соң сабақты құлшынып оқыдым. Жоғары шәкіртақыға ілініп, жалдамалы пәтердің де ақысын өзім төледім, қаржылай мәселе деген мүлде болмады.

Әлі есімде, сабақтан шықтық, сағат кешкі 7-нің шамасы. Топтасымның Шымкенттен келген досымен бірге кофе ішіп, беймарал уақыт өткіздік. Екеуі «жұмыстармен бір жерге барамыз, бізбен бірге жүрсеңші» деді. Мен де келісе кеттім. Автобусқа мініп, қаланың сыртында орналасқан дүкенге бардық. Ол жер ойынның отаны екен. Ішінде жағалай автомат ойындар тұрды. Анық-қанығын білмей, шымкенттік танысыма ілесіп, топтасым үшеуіміз ойын ойнадық. Бір қарасаң зияны жоқ. Артық ақшаң да кетпейді. Міне, сол сәтте ойынға тәуелділігім басталған екен. 200 теңгемен барып, екі мың теңге ұтқаныма қуанып, сол жердің тұрақты ойыншысына айналдым, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.

Бірнеше рет ұтып, оңай ақша табу мүмкіндігін көргенде, әрине, кімнің де болсын қызығушылығы артатыны сөзсіз. Бүгінгі кейіпкеріміз ғана емес, статистика көрсеткен 400 мың азамат құмар ойынға арбалған.

Тиыннан қомақты сомаға ауысқан шағында Сәбиттің өмірі түп-тамырымен өзгерген. Ойын автоматтарының орнын жарық шам мен үлкен экран ауыстырып, казино әлеміне кірген. Оның айтуынша, автомат ойынын ойнаған бір жылдың ішінде сабағы нашарлап, жазғы семестрге қалған. Себебі түнгі уақытта ойын аңдып, ал сабақта реті келсе ұйықтайтын еді.

– Кейін достарым мен ата анама өтірік айту, ақша жетпеу, айналамен жанжалдасу басталды. Ең қорқыныштысы ұтылсам да, ақшамды қайтару үшін ойын ойнауға айналып бардым. Ал шын мәнінде әр барғаным тек жеңіліс әкелді.

Есімнен кетпейтін, жүрегімде қара дақ ретінде қалған өте жиіркенішті оқиға бар. Ауылға бардым. Сондағы баруыма себеп қалай да үйден ақша алып кету еді. Қарындасым ақшаға тиянақты. Күнделікті мектепке берген тиындарды жинап, кейін өзіне қажетті заттарын сатып алатын. Оны қай кезде жарататынына дейін білемін ғой. Менің есебім бойынша біршама ақша жиналуы тиіс. Қателеспеппін. Өзін әңгімеге тартқаным сол еді, ақшасы туралы айтып берді. Бірақ ол ақшаны әкемнің туған күніне арнайы жинап жүр екен. Нашар адам болғаным сонша, бұл сөзіне мән бермей, сабағыма керек деп ақшасын сұрап алдым. Келесі бір келгенімде кішкентайында әжем құлағына ырымдап таққан алтын сырғасын ұрладым. Иә, өзімнің бауырымнан… ұрладым. Сол сәтте «ұят, болмайды, мүмкін доғару қажет болар » деген ой мүлде ойыма келмейтін. Себебі әрдайым тұманда жүргендей сезімде болатынмын, – деді кейіпкер.

Расымен, лудомандардың біразы айтатын бір тұжырым бар. Ол – менің ойымды тұман басқандай сезімде боламын. Бұл туралы психологтар да дабыл қаққан еді. Бұл симптом ойдың айқындығын жоғалту, шынайылықтан ажырау немесе зейіннің бұзылуы сияқты көріністерге әкеледі.

– Құмар ойындарға тәуелділік адам психикасына терең әсер етеді. Бұл психологиялық әсердің бірнеше себебі бар. Біріншіден, құмар ойындар кезінде ми белсенді түрде дофамин гармонын бөледі. Бұл гормон қуаныш сезіміне жауап береді. Бірақ тұрақты түрде дофаминнің бөлінуі ми нейрондарының табиғи тепе-теңдігін бұзады, нәтижесінде ми айқын ойлау қабілетінен айырылады.

Екіншіден, құмар ойындарға тәуелді адамдар үнемі стресстен, қорқыныш сезімінен зардап шегеді. Бұл эмоциялар ойды тұмшалап, ішкі жан дүниені ауырлатады. Стресс пен үрейдің ұзақ мерзімді әсері адамның психикалық денсаулығын нашарлатады, сананың бұлыңғыр болуына себеп болады. Сондықтан лудоманиядан зардап шегетін адамдарға дер кезінде психологиялық көмек алу маңызды. Бұл тәуелділіктен арылуға емес, сонымен қатар ойдың тазалығын және өмір сапасын қалпына келтіруге көмектеседі. Оларға кәсіби қолдау көрсетуді, жан дүниесін түсініп, дұрыс жолды табуға жәрдемдесуді ұсынар едім, – дейді психолог Әсел Асылбаева.

Сәбит бүгінде 24-те, жас кәсіпкер. Ол 19 жасында құмар ойындарын ойнап, үш жыл зардап шеккен. Тек 22-ге келген шағында ғана қателігін түсінгенін айтты. Барлық қиындықты өткенге қалдырып, өмірдің жаңа парағын бастауға не түрткі болғанын Сәбиттің өзінен сұрадық.

– Қазір ойлап қарасам, жастық шағымның 3 жылы тек ойынмен өтті. Бұл кезеңде шалыс баспағанымда, отбасыма демеу болар едім. Қазір Алматы мен Шымкентте шағын екі кәсібім бар. Жақсы өмір сүруге жетеді. Бұдан да табысты болуым үшін биыл шетелге оқуға тапсырдым. Кезінде алтынын ұрлаған қарындасым Түркияда оқиды, ал інілерім мектепті енді тәмамдайды. Өткен күндегі қателігімнен сабақ алуға тырысамын.

Ал лудоманиядан қалай құтылдым? Сәл болса да жетістікке жетіп, қайтадан тұлға ретінде қалыптасуыма, құмар ойындарынан арылуыма көмектескен, бұл жолда мені түзеген – отбасым. Ренжімесеңіз, ашып айтқым келмейді. Бір айтарым, бұрынғы Сәбитті қайтару үшін әкем өмірден озды. Мен сол сәтте ғана есімді жидым. Жастар әр қадамын абайлап басса екен деймін, – деді Сәбит.

Лудоманияға қарсы кешенді жоспар

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманиямен күресу үшін кешенді жоспар құруды тапсырған еді. Тапсырма аясында Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады. Ол 4 бөлімнен және 28 тармақтан тұрады. Нақтылап айтсақ, лудоманияның алдын алуды ұйымдастыру, халықтың әртүрлі топтары арасында құмар ойындарға тәуелділікті анықтау, лудомандарды емдеу, медициналық- әлеуметтік оңалту және ойын бизнесін мемлекеттік реттеуді қамтиды.

Кешенді жоспар шеңберінде құмар ойындарына және бәс тігуге тұрақты қатысатын адамдар санын 350000-нан 201600 адамға дейін азайту жоспарланған. Ал құмар ойындарға патологиялық тәуелділіктен зардап шегетін адамдарды мемлекет есебінен тегін емдеумен және медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамтуды 13-тен 300 адамға дейін ұлғайту көзделген. Мәселен, биыл 50, келесі жылы 150, ал 2026 жылы 300 адам қамтылады. Кешенді жоспарды іске асыруға республикалық бюджеттен қаржы бөлу талап етілмейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде 350 миллион адам лудоманиядан зардап шегеді. Бұл дерт ең көп тараған ел – АҚШ. Мұнда тұрғындардың 85 пайызы өмірінде кем дегенде бір рет құмар ойын ойнаған. Сонымен қатар спорттық ойындарға ұтыс тігетіндер де көп. Бұл әсіресе жастар арасында кеңінен таралған. Мамандар елде ойынқұмарлықпен қатар алкоголь мен есірткіге тәуелділік те көбейіп, психикалық ауруларға шалдыққандардың саны артуда дейді.

Ойынқұмарлықтың әлем бойынша күрделі мәселеге айналғаны айқын. Лудоманияның психикалық және әлеуметтік зардаптары қоғамның назарында болуы тиіс. Бұл құбылыспен күресу үшін алдын алу шараларын күшейту, халық арасында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу және кәсіби көмек көрсету қажеттілігі артты. Елімізде де бұл мәселенің өзектілігі туындап, мамандардың назарын аударып отыр. Сондықтан бұл бағыттағы әрекеттерді жандандыру маңызды.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!