Жуырда ғана есту қабілетінің бұзылуы көбіне егде жастағы адамдарға тән мәселе деп есептелетін. Алайда кейінгі жылдары есту қабілетінің төмендеуі жасөспірімдер мен жастар арасында жиі анықталып жүр. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2026 жылы жасөспірімдер арасында есту қабілетін жоғалтудың алдын алуға ерекше назар аударып келеді. Мамандардың мәліметінше, Қазақстанда есту мүшелерінің аурулары халықтың шамамен 5-7%-ында кездеседі.

Қармақшы ауданының тұрғыны Назым Қалмырзаева бұл мәселенің қаншалықты күрделі болатынын жақсы біледі. Ол есту мүшелеріне бірнеше рет ота жасатқан. Көпбейінді облыстық ауруханаға қатты ауырсыну шағымымен түскен. Дәрігерлер созылмалы отиттің асқынуын және ортаңғы құлақ қуысында қатерсіз түзілісті анықтады. Науқасқа полипотомия отасы сәтті жасалды.

– Мектеп кезінен құлағым ауыратын. Алғашқы ота облыстық ауруханада жасалды. Екі-үш жылдан кейін Ақcай республикалық балалар клиникалық ауруханасында емделдім. Алты жылдан соң тағы да ота қажет болып, оны көпбейінді облыстық ауруханада жасады. Қазір дәрігерлердің бақылауындамын. Мамандарға алғысым шексіз, денсаулығым жақсарды. Колледж студенті болғандықтан, емді тегін алып жүрмін, – дейді Назым.

МӘМС аясында құлақ ауруларын емдеуге мүмкіндік бар

Мамандар еске салады: есту қабілеті бұзылған жағдайда медициналық қызметтердің толық көлемін алу үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылған болу қажет. Пациент ең алдымен жергілікті дәрігерге қаралады, қажет болған жағдайда оториноларингологқа жолданады. Кеңес пен тексерулерден кейін көрсетілімдер болса, жоспарлы ота тағайындалады.

– Алдымен отоскопия – құлақты қарау, сондай-ақ мұрын мен тамақты тексеру жүргізіледі. Қажет болған жағдайда қосымша диагностикалық зерттеулерге: есту қабілетін бағалау үшін аудиометрияға, тимпанометрияға, компьютерлік және магниттік-резонанстық томографияға жолдаймыз, – дейді көпбейінді облыстық аурухананың оториноларинголог дәрігері Елжас Өтеген.

Дәрігерлердің айтуынша, уақытылы медициналық көмекке жүгіну және профилактикалық тексерулерден өту ауыр асқынулардың алдын алып, есту қабілетін ұзақ жыл бойы сақтауға мүмкіндік береді.

Айгүл АХАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!