Фото: ашық дереккөзден алынды
Елде медицина қызметкерлеріне ашу-ыза мен күш көрсету саны, өкінішке қарай, артып келеді. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда кейінгі бес жылда дәрігер, медбике мен медицина саласының мамандарына жасалған зорлық-зомбылықтың 170-тен астам фактісі тіркелген. Ал адам өміріне араша түсетін ақ халатты жандарды қорғайтын арнайы заң болғанымен, жәбір көрген мамандар азаймақ емес. Сонда науқастың өмірі үшін арпалысқан дәрігер, енді өз өмірін қорғаудың да амалын іздеуге мәжбүр ме?
АШУ – ДҰШПАН, ДӘРІГЕР – ДОС
Қостанай өңірі. Облыстық ауруханада күрделі операциядан кейін науқастарды қабылдауға түскен хирургті кезекте тұрған пациенттің бірі соққыға жыққан. Медициналық мекеме бұл оқиғаны жай оқиға емес, дәрігерлерге қарсы жасалған ауыр қылмыс деп бағалады.
– Біз бұл оқиғаға бей-жай қарай алмаймыз. Бұл – күнделікті адам өмірін сақтап қалуға барын салып жүрген мамандарға қарсы жасалған зорлық. Әрбір дәрігерге жасалған шабуыл – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне жасалған шабуыл. Дәрігерлерде қару жоқ. Олардың жалғыз «қаруы» – білім, тәжірибе мен жүрек. Олар да үйіне аман-есен оралғысы келеді, – дейді аурухана өкілдері.
Шымкент қаласы. Перинатальды орталықта зейнеткер кезекші акушер-гинекологты балағаттап, ұрып жіберген. Сот материалдарына сәйкес зейнеткердің әрекеті «Ұсақ бұзақылық» бабымен қаралған. Сотта ол кінәсін мойындап, кешірім сұрапты.
Қарағанды облысы. Облыстық балалар ауруханасында 38 жастағы облыс тұрғыны дәрігерлермен сөзге келіспей қалып, соққыға жыққан. Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қостанай қаласы. Облыстық аурухананың қабылдау бөлімінде медицина қызметкеріне шабуыл жасалды. Ал жәбірленуші – жазғы тәжірибеден өтіп жүрген медициналық университеттің студенті. Ауруханаға келген әйел анасының өліміне дәрігерлерді кінәлап, ашу үстінде қыздың иығынан ұрған. Оқиға тіркеу бөлімінен үш метр жерде тұрған күзетші мен полиция қызметкерінің көз алдында болған. Студенттің айтуынша, бірнеше күн бұрын олар қабылдаған әйел ентігу мен жүрек қағысының жиілеуіне шағымданған. Науқастың қызының талап етуімен оны невропатолог қарап, амбулаториялық ем алуға жіберген.
– Әйел адамның эмоционалды күйде студенті итеріп жібергені белгілі болды. Жағдай полицияның бақылауында. Қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр, – деген еді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Жамбыл облысы. Байзақ ауданында фельдшер оққа ұшты. Танысы қастандық жасаған 27 жастағы жас маманның қабырғасы зақымданған.
Қарағанды облысы. Жеке клиникалардың біріне әйелін әкелген ер адам медицина қызметкерін аяусыз ұрып-соқты. Агрессия танытып, кабинет есігін теуіп сындырып, дәрігерді ұра бастаған. Салдарынан дәрігердің саусақтары сынып, бас миы шайқалған және денесінің біраз жері көгерген. 42 жастағы күдікті психоневрологиялық орталыққа жеткізіліп дәрігерлердің бақылауында болды. Қарағанды облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, қылмыстық іс қозғалды.

Мұның барлығы бір жылдың ішінде, яғни биыл орын алып отыр. Осыдан 2 жыл бұрын Петропавлда 17 жастағы жігіт тапаншамен балалар ауруханасына баса көктеп кіріп, дәрігер мен пациентті соққыға жыққан еді. Ал былтыр күйеуінен қорлық көрген әйел жедел-жәрдемге қоңырау шалған. Дәрігерлер үйдің табалдырығынан аттаған сәтте ер адам фельдшерді ұстап алып, басқа бөлмеге кіргізіп, тамағына пышақ тақайды. Бұл оқиға Астанада орын алған еді. Полиция бұзақыны ұстап, үстінен әкімшілік іс қозғады. Дәрігерге шабуыл жасаған ер адам 25 жастағы жігіт болып шықты.
ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНДЕГІ ҚАРБАЛАС
Құдай аурудан сақтасын, десе де денсаулығыңыз нашарлап аруханаға жолыңыз түскенде кикілжіңнің көбіне қабылдау бөлімінде болатынын байқаған шығарсыз. Биыл орын алған жағдайдың екеуі де қабылдау бөлімінде болған.
Ал Қызылордадағы ауруханалардың жағдай қалай? Бұл сауалдың жауабын көзбен көру үшін облыстық көпбейінді аурухананың қабылдау бөліміне бардық. Кіреберісте қалалық полиция мамандары тыныштық пен қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз етіп отыр. Ал есікті ашқан сәтте-ақ денені бөлек атмосфера жаулап, ауруханаға тән салқын леп пен дәрі-дәрмек иісі «қарсы алады». Бір бұрышта – жедел жәрдеммен жеткізілген науқасқа дәрігерлер алғашқы көмек көрсетіп жатыр. Екінші бөлікте – медбикелер аппараттарын дайындап, жаңадан түскен науқастарды жайғастыруда.
Қабылдау бөлімі – тәулігіне бір сәт те тыным таппайтын жер. Жыл он екі ай, жеті күн, жиырма төрт сағат бойы мұнда жарық сөнбейді, байланыс телефоны үнсіз қалмайды, дәрігерлердің қадамы бәсеңдемейді. Мұнда жедел ота жасау, жедел реанимациялық көмек көрсету, кіші ота жасау, іріңді жарақаттарды таңу, құтыру ауруына қарсы екпе жасалатын бөлмелер, компьютерлі томография бар. Бұл жерге түскен науқас әуелі осы бөлімде толық тексеріледі. Дертін анықтау үшін барлық талдама алынып, жылжымалы медициналық құралдармен зерттеледі. Науқасқа жылжымалы электрокардиограмма, УДЗ, рентген аппараттары әкелінеді. Жарақат бекеті, аса қауіпті инфекциялық аурулардан оқшаулау бөлмелерімен қамтылған.
Дегенмен қарбаласқа толы осы ортада кикілжің де туындайды. Бірі – кезегін күткісі келмейді, бірі – дәрігерден бірден нәтиже талап етеді. Енді бір адам масаң күйде шу шығарса, келесі бірі рұқсатсыз ішке кіріп кетуді ойлайтыны рас. Ал қысым мен агрессияны көтеріп жүрген маман үшін бұл – күнделікті, десе де денсаулығына, жұмыс процесіне әсер ететін ауыр жағдай.
Ақ халатты абзал жандардың күнделікті күресі мен көзге көрінбейтін қиындығын түсіну үшін біз қабылдау бөлімінің меңгерушісі Айдарәлі Қайназарұлымен дидарластық.
– Иә, әрине, қабылдау бөлімінде агрессия жиі туындайды. Науқтастар көмекке жүгінген кезде біз алдымен сұрыптау жұмысын жүргіземіз. Жергілікті емханаларында ем алу керек екенін пациенттерге немесе туыстарына түсіндірген кезде агрессия туындайды. Бұл – халық арасында медициналық негіздердің дұрыс түсіндірілмеуінен туындап жатқан мәселелер деп ойлаймын, – деді ол.
Дәрігердің айтуынша, науқастың саны өте көп. Бұл да түсініспеушіліктің орын алуына әсер ететін фактордың бірі. Пациенттер үш топқа бөлінеді. Жеңіл топтағы науқастар кезексіз тез қаралуға ұмтылады. Жағдайы ауыр адамдарды түсіне бермейді. Анализ алынады, талдау жасалады. Барлығы уақытты талап етеді. Ал көмекке жүгінгендер «Таңнан кешке дейін бір-ақ адамды қарайсыңдар ма?» деп ренішін білдіреді.
– Сирек кездесетін, күрделі диагноз қойылғанда қосымша тексерулер, талдаулар қажет болады. Бұл біршама уақытты талап етеді. Сол кезде пациент пен туыстарының шыдамсыздығы артып, сапа туралы сын айтыла бастайды. Кейде дәрігер науқасты, ал науқас дәрігерді толық түсінбейді. Агрессияға тап болғанда қабылдау бөлімінде арнайы іс-әрекет алгоритмі қолданылады. Ішкі аудит маманы, пациенттерді қолдау қызметі, бөлім меңгерушісі – барлығы бірге әрекет етеді. Агрессия білдірген адаммен әңгіме жүргізіліп, себебі анықталады. Кейін арнайы шаралар қабылданады. Қысым жасалғанда медицина мамандары кәсіби күйзеліске түседі. Бұл олардың жұмысқа қабілетін төмендетіп, моральдық тұрғыдан қажытады. Азаматтармен немесе науқастармен туындайтын психоэмоционалдық стресстер уақыт өте жүйке жүйесінің бұзылуына әкеледі. Мұның салдары – депрессия, ұйқысыздық, әлсіздік, мазасыздық секілді түрлі психологиялық дерттер. Мұндай күйзеліс дәрігердің жұмыс сапасын төмендетіп қана қоймай, оған психоэмоционалдық терапияны қажет етеді, – деп жауап берді Айдарәлі Қайназарұлы.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бөлім меңгерушісі бірнеше нақты ұсыныс айтты.
– Қабылдау бөлімінде қауіпсіздікті қадағалайтын мамандар бар. Десе де жедел топ, бейнекамера мен күзетті, қабылдау бөліміндегі маман санын көбейту керек. Ал ең бастысы – заңды қатайту, – деді ол.
Дәрігердің еңбегін таразыға салып өлшеу мүмкін емес. Бір сәт өткенге көз салыңызшы. Пандемия кезінде мыңдаған медицина қызметкері алдыңғы шепте тұрды. Қауіпсіз жер іздемеді, қашып кетпеді. Өйткені олардың миссиясы – адам жанын алып қалу, сырқатынан емдеу. Ал кейбірі сол жолда оралмады…
Сұхбат барысында Айдарәлі Қайназарұлы да сол бір жылды еске алды.
– Пандемия кезіндегі жағдай да оңай болған жоқ. Ауыр халдегі сырқаттар, олардың өмірі үшін түн ұйқысын бөлген ақ халаттылардың еңбегі… Сол күндері қанша әріптесіміздің өз денсаулығын қатерге тігіп жұмыс істегеніне куә болдық. Өкінішке қарай, олардың кейбірі біздің арамызда жоқ, – деп бөлісті маман.
Қабылдау бөлімінде біз білмейтін, сіз көрмеген қанша оқиға бар. Өмірлік жолын медицинадан тапқан, дертке шипа табуды қалаған мамандар да – ет пен сүйектен жаралған адам. Еңбекті бағалау, маманға құрмет көрсету – қоғамға ортақ міндет.
ЗАҢДАҒЫ ӨЗГЕРІС ЖАҒДАЙДЫ ӨЗГЕРТЕ МЕ?
Әлгінде біз жазған, сіз оқыған жағдайлар елде болған бірен-сараны ғана. Әлқиссада айтқандай, арнайы заң бар. Иә, иә, былтыр көктемде медицина қызметкерлерінің құқығын қорғайтын заң қабылданды. Құжат ақ халаттылардың мәртебесін көтеруге бағытталған. Сондай-ақ олар артық есеп беру ісінен де босатылған еді. Биыл бұл заңға өзгерістер енгізілуде. Дұрыс-ақ. Себебі адамға араша болған мамандардың мәртебесі биік, құқығы қорғалған болу керек.
Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне жасалған шабуыл мен қатыгездік үшін жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырды. Осы тапсырманың орындалу барысы туралы Премьер-министр Олжас Бектенов жиын өткізіп, Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова қатысты.

– Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету қажет. Дәрігерлерге шабуыл жасалған мұндай оқиғалар құқықтық әдістермен қатаң түрде тоқтатылуы керек. Осыған байланысты Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Әділет министрліктеріне 10 күн мерзім ішінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны үшін қылмыстық жаза қарастыру бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеп, енгізуді тапсырамын, – деді Премьер-министр жиында.
Өзгеріс енгізуге тапсырма берілді, қозғалыс басталды. Шаралар Мемлекет басшысының заң идеологиясын және 2025-2030 жылдарға арналған тәртіпті ілгерілету жөніндегі тұжырымдамасы негізінде әзірленеді. Медицина қызметкерлеріне жасалған шабуыл үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер биыл қыркүйекте Парламентке енгізіледі.
Бастамалардың қатарында ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлімдерінде тәулік бойы күзет посттарын күшейту де қарастырылды. Сонымен қатар барлық медициналық ұйым бейнебақылау жүйесімен, күзетпен және дабыл батырмаларымен қамтамасыз етіледі.
– Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлеріне күш көрсету, қол жұмсауға қатысты жеке бап енгізіледі. Бұл Қылмыстық кодекстің жаңа 158-баптың 1-тармағы болады. Ол бостандықты шектеу немесе айыру жазасын қарастырады, – деді Ақмарал Әлназарова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Егер зорлық-зомбылық бір ғана медицина қызметкеріне қатысты жасалса – жаза мерзімі 2 жылдан 7 жылға дейін тағайындалады. Ал оқиға төтенше жағдай кезінде орын алса 10 жылға дейін, бір немесе бірнеше адам бір топ медицина қызметкеріне қауіп төндірсе 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қазақстандықтарға үндеу жолдады.
– Алда бізді медицина қызметкерлері үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруға бағытталған бірқатар кешенді шараларды іске асыру күтіп тұр. Олардың қатарында медициналық ұйымдарға төтенше жағдай батырмаларын және бейнебақылау жүйесін орнату, қабылдау бөлімшелерінде тәулік бойы полиция посттарын ұйымдастыру, жедел жәрдем бригадаларына арналған «ақылды бейнежетондарды» енгізу, медициналық ұйымдарды ІІМ-нің Жедел басқару орталықтарының жүйесіне қосу қарастырылуда. Баршаңызды барлық деңгейде өркениетті қарым-қатынас мәдениетін сақтауға шақырамын! − деді министр.
Бұл мәселе бүгін ғана емес, кезінде де қозғалған. Мысалы 2023 жылы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Гүлдара Нұрымова дәрігерлердің құқығы мен қауіпсіздігі жайлы жолдаған сауалында:
«Талғар аудандық орталық ауруханасындағы реанимация бөлімінде реаниматолог-анестезиолог дәрігер мен медбикені қайтыс болған науқастың ұлдары аяусыз ұрған. Зорлық-зомбылық салдарынан медицина қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіретін жабық ми жарақаттары, мидың ісінуі, көптеген гематомалар, абразиялар және жабық сүйек сынықтары сияқты ауыр жарақаттар алды. Алматы облысында пышақпен шабуыл жасау, тіпті Алматыда науқастың гастроэнтерологты атып өлтіргені сияқты өлім жағдайлары да тіркелді. Мен дәрігер ретінде айтқым келетіні, бірде-бір дәрігер өз пациентінің көз жұмғанын қаламайды. Күнделікті өз жұмысында дәрігерлер дөрекілікке, қорлауға және туыстарының агрессивті жиі шабуылдарына тап болып жатады. Мысалы, үнсіз қалуды немесе жұмыстан шығуды жөн көретін басқа медицина қызметкерлері туралы қоспағанда, тек Алматы облысында жедел жәрдем қызметкерлеріне 12 рет шабуыл жасалған» деді ол.
Яғни бұл бір күнде пайда болған мәселе емес екенінің нақ дәлелі. Сауал әлі де ашық. Медицина мамандарының ақ халаты қашанға дейін қызылға бояла бермек?
Біз бір-бірімізге деген өркениетті қарым-қатынас пен мәдениетті сақтауымыз керек. Балаларға жас кезінен медицина қызметкерлерінің еңбегін құрметтеуді, алғыс айту мәдениетін үйреткеніміз жөн. Халқымыз «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деп бекер айтпаған. Адам өмірін аурудан арашалап жүрген жанға қол көтеру үшін адам қаншалықты деңгейде қатігез және мейірімсіз болуы керек?
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!