Талғардағы жасөспірім Шерзат Полаттың қазасы қоғам назарында. Мәжіліс депутаттары бұл аты шулы істі тергеуде барлық кезеңдердің ашық болуы мен әділеттілікті талап етуде, – деп хабарлайды Taspanews.kz.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Фейсбуктегі парақшасында осы уақытқа дейін 170-тен астам куәгерден жауап алынып, 40-қа жуық сараптама тағайындалғанын жазды. Бұл тергеудің ауқымын айқындайды.

Тергеу органдары Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Бұзақылық», «Қорқыту», «Қылмысты жасыру» және «Қылмыс туралы хабарламау» сияқты бірнеше баптары бойынша тергеу жүргізуде.

Алайда оз сөзінде ол әлеуметтік желілердегі эмоцияға берілген және тексерілмеген ақпарат арқылы туындаған қоғамдық қысым тергеуді қиындататынын түсіндірді.

«Осындай қоғамдық маңызы бар істер тек қана құқықтық тұрғыдан қарастырылуды талап етеді. Біздің міндетіміз – тергеудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету, сыртқы қысымның тергеу әрекеттерінің объективтілігі мен толық жүргізілуіне жол бермеу»,– деп атап өтті Абзал Құспан.

Сондай-ақ депутат әріптесі Үнзила Шапақпен бірге Алматы облысында болып, облыс прокуроры Берік Адамовпен және облыстық Полиция департаментінің басшысы Мейрам Әбікеевпен кездесулер өткізіп, істің барысы туралы жан-жақты талқылау жүргенін айтты.

Еске салсақ, Талғарлық жасөспірім Шерзат Полат көшедегі жанжалдың құрбаны болды. Қазанның 4-іне қараған бір топ жігіт Шерзат пен оның ағасына отбасының көзінше шабуыл жасаған.

Марқұм жасөспірімнің әкесі полицейлердің әрекеті бастапқыда жеткіліксіз болғанын айтып, халықтан көмек сұрады. Бұл кең резонанс тудырып, депутаттар мен құқық қорғаушылардың назарын аударды.

Кейінірек қайғылы жағдай ушыға түсті: 12 қазанда отбасының үйі өртеніп кетті. Жасөспірімнің әкесі қаскүнемдердің оның отбасын әбден  қорқытқанын айтты.

Қазіргі уақытта адам өлтірді деген күдікпен сегіз адам қамауға алынды, тағы үшеуі қылмыс туралы хабарламағаны үшін жауапқа тартылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!