Толғандырған мәселенің тұщымды тұжырымын жасаған жөн-ақ. Шикіліксіз шешім халық игілігіне жараса құба-құп. Сараласаң санада туар сауал көп, елең еткізер жайт жетерлік. Мәжіліс – мәселенің мәнін тауып, байыпты байламға келетін жиын. Бірақ түйткілдің түйінін тарқатуға кім ықтияр? Қаузалған тақырып жабулы күйінде қалып жатқан жоқ па? Иә, депутаттар қоғам шырылын жеткізіп-ақ жатыр. Ал жағдай қалай жүйеленбек?

Жер кадастры: ашық ақпарат алуға не кедергі?

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жер кадастры бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабековке маңызды сұрақ қойған еді.

– Қазір Ақпараттық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі заңды қарап отырмыз. 2016 жылы жерге қатысты үлкен митингілер болды. Салдарынан халық көтерілді. Ондағы ең негізгі мәселе жер кадастрын ашуға байланысты болды. Әрбір жердің артында қандай жемқор шенеунік, прокурор, әкім, судья және осы жүйемен ауыз жаласқан қандай олигарх тұрғанын халық білуі керек. Өкінішке қарай, бұл ақпарат ашылмады, – деді депутат.

Салмақты сұраққа нақты жауап ала алмаған депутат «өтірік әңгімеден» шаршағанын жасырмады.

–Қазақта «домбырам не дейді, мен деймін» деген мақал бар. Мен сізден жария кадастрлық карта туралы сұрамадым. Мен сізден «жердің иесі кім?» деп сұрап тұрмын. … Жердің иесі мен оның аты-жөні туралы ақпарат ашық болуға тиіс. Орхус конвенциясына қосылдық. Конвенцияның күші Конституцияның 4-бабына сәйкес ұлттық заңнамадан басым болады. Өтірік әңгімені қашан тоқтатасыздар? Жер кадастрын ашу керек. Халықтың мұңы осы, – деді ол.

Иә, «жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің ең зоры». Өйткені талас-тартыстың бәрі иесіз жатқан жер теліміне қатысты өрбиді. Ұлан-ғайыр иен жеріміз болса да, жайылымға орын таппай жүйкесі жұқарғандар жоқ емес. Шенділер гектар жерді жұрттан жырып, жасырса халық қамықпағанда қайтсін?! Бұдан бөлек заңсыз иемденуге илікпейтіндер тағы бар. Әйтеуір, қитұрқы әрекет, айла-шарғымен алынған жерді айта берсек таусылмас. Бірақ көбі дерлік игерілмей бос жатады. Сондықтан шаруалардың шағымы орынды. «Жер аманатының» жәрдемімен мемлекеттік меншікке қайтару және әділ үлестіру жұмыстары жүргізілген еді. Дегенмен әлі де жер телімі жайында ашық ақпараттар айтылмай, күдікті көбейте түсуде. Бұл ойнап жүріп ойланатын мәселе емес. Жер – халықтың қазынасы әрі жанды жері. Сондықтан буынсыз жерге пышақ сұғуды да қою керек шығар.

Қазір МӘМС-ке мұқтаждық жоқ

Үкімет сағатында бұқараның базынасы айтылды. Ел мен халық – бір ұғым. Олай болса, денсаулығы мықты, салауатты елдің болашағы да мығым болатындығы даусыз. Бірақ, денсаулыққа келгенде кім-кімнің болмасын, дегбірі қашады. Себебі, бұл салаға бірінің көңілі толса, енді бірінің өкпесі қара қазандай. Тұрақты емін алып, ауруынан айыққандардың жаудырған алғысы да, кей науқастың айтатын өз назы да бар. Тіпті біліксіздіктен өмірден озғандарды, жүйкесі тозғандарды да көрдік. Бұл тұста әңгіме ауаны қойылған диагноздың бұрыстығында емес, жүйелердің жөнсіздігінде. Дерт денені дендеп, саулығы сыр берсе де кезек күтіп, қызыл кеңірдек болады жұрт. Кезексіз дәрігер алдына аттап баса алмайсың. Ал МЭМС-тің шарапатын көргендер сирек.

– Бұл – ең алдымен, медициналық қызметтерді қаржыландырудағы теңгерімсіздік. Өкінішке қарай МӘМС моделінің өзі туралы нақты түсінік мүлде жоқ. Бастапқыда белгіленген параметрлерден ауытқу, республикалық бюджеттен қаржыландырудың жеткіліксіздігі, халықтың аз қамтылуы сақтандырудың тұрғындар үшін тартымсыз болып қалуына әкеп соқты. Бүгінде осы жүйеден бас тарту туралы шағым көп. Медициналық көмектің сапасынан бұрын, біз қазіргі уақытта оның қарапайым қолжетімділігіне зәру болып қалдық. Науқастардың тар бейінді дәрігерлердің қабылдауын, ультрадыбыстық немесе компьютерлік томографияны бірнеше ай күтуі де жиілеп барады, – деді Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов.

Халық ай сайын қорға қаржысын құйса да, қызмет сапасы төмен. Жүйеге күдік басым, сенім аз. Тіпті мұны уақыт шығындаумен тең көріп, МЭМС-ті жоюды талап етуде. Депутаттар ұтымды ұсынысын айтып, мәселенің шешімін таппақ ниетте.

Еңбек мигранты: қорғансыз қалған жастар

Жастар күнкөріс күшке түскен уақытта жылдық қаржысын апта ішінде табуды ұйғарған. Әйтпесе, Еуропа елдеріне бірі құлпынай, бірі пияз теруге еріккеннен барып жатқан жоқ. Тіпті жұмыстың көзін тапқандар таныс-тамырын тартып, шетелге кеткендер саны күн сайын артып келеді. Бірақ ол жақта да тұнған тұзақ, толған қауіп екенін ескеріп жатқандар аз. Бұл туралы мәжіліс депутаты Нартай Аралбай әр отырыста тілге тиек етеді. Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек мигранты атанған Қазақстан азаматтарының мәселесін шешуді сұрады.

– Бұл сауалды өзге елде заңсыз еңбек мигранты атанып, құқығы қорғалмай, қауіп қайдан келеді деп жаутаңдап отырған 20 мыңнан астам қазақ баласының арызы деп біліңіз. Жалақыға жарымай, табақтай дипломына лайықты жұмыс таппай, қазақ жастары қазір әлемнің әр түкпірінде қара жұмыс істеуге мәжбүр. Оларды сөгуге ешкімнің құқығы жоқ. Қазір сол азаматтарымыз заңдық тұрғыда еш қорғансыз қалып жатыр. Оның бір дәлелі – Оңтүстік Кореяда еңбек етіп жатқан отандастарымыз. Ресми дерекке тоқталсақ, 2022 жылғы жағдай бойынша Оңтүстік Кореяда еліміздің 9600 азаматы заңсыз еңбек мигранты болып жұмыс істеді. Ал отандастарымыздың басын біріктіретін орталықтар қазір Оңтүстік Кореяда 20 мыңға жуық қазақстандық жүргенін айтып жатыр. Заңсыз жүрген еңбек мигрантының жағдайы түсінікті. Еңбек құқығы қорғалмайды, заңға сүйеніп жұмыс берушіден өз құқығын талап ете алмайды, – деді ол.

Иә, ащы дауыс ашынғаннан шығады. Бұл ретте депутат тез арада тиісті заң тетіктерін табуды ұсынды.

– Бұл ретте екі ұсыныс бар. Біріншіден, Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» қосу үшін тиісті іс-шаралар жоспарын жедел пысықтауды тапсыру керек. Екіншіден, екі ел арасында ортақ келісім жасалғанша, Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек мигранты боп жүрген 20 мыңға жуық қазақстандықтың құқығын қорғайтын заңды тетікті тезірек табу қажет, – деді ол.

Түйіндей келе, бұқараның базынасы билік өкілдерін алаңдатуы тиіс. Құр сөзбен емес, іспен қуанту нәтиже берері сөзсіз. Мінберде көтерілген мәселелер қоғам басындағы қиындық. Ендеше қауқарлы қаулы, нақты шешім қабылданады деп сенеміз.

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!